Естеріңізде болса, 2013 жылы әлеуметтік жәрдемақы мен зейнет жасының ұзаратыны халық арасында кеңінен насихатталды. Елдің құлағын үйретпек болған бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің аты-жөнін біршама халық «ұмытып» қалды. Өйткені осы тақырыпқа қатысты жиындардың бірінде өзіне алғаш жұмыртқа лақтырылған қазақ министр «потому что, потому что» «атағын» арқалаған күйі «отставкаға» кеткен еді. Дегенмен оның кезінде құлағы тік, желкесі жік болған реформа түк өзгерген жоқ. Қайта жыл өткен сайын әйелдердің зейнетке шығу жасы жарты жылға ұзарып келеді. «Потому что»-дан кейін араға бес жыл салып, елдің алдына шығып, есі кете сөйлеген тағы біреу бар. Ол – сол кездегі ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Есмағамбетова. Бұл ханым халық көңіліне жақпаған жанның бірі ретінде әлі де ұмытылған жоқ. Не айтқанын білгіңіз келсе, бірге оқиық.
– Қазір жастар мүшеқап қолданбайды. Өйткені, оның арты неге апаруы мүмкін екенін ойлай бермейді. Сол үшін мұны қыз-жігіттерге түсіндіріп, кейін контрацептивтерді тегін таратуды жаңа кодекске енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді.
Бұл еліміздегі ерте жүктілікке қатысты мәселені көтеру кезінде айтылған болатын. Жыл басынан бері жер жүзі жұмыла күресіп жатқан жаман індет Қазақстанға да қауіп төндіруі мүмкін екенін білдік. Өйткені инфекция шекарадан сүзіп алатын зат емес. Коронавирустың қазақ еліне келу-келмеуі туралы сұраққа «болжамды әрі нақты» жауап айтқан Қазақстанның мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин «наконец-то» сөзінен соң отырған орнынан жылыстады. 2019 жылдың жазында ғана тағайындалған қызметінен кетуіне «По нашему прогнозу, где-то с 11 по 16 марта у нас должен наконец-то появиться коронавирус в стране» деген сөзі кесірін тигізуі әбден мүмкін. Ал оның орнына кім келді дейсіз ғой? Жұмбақтап, жасыратын түгі де жоқ. Сол баяғы жасөспірімдерге тегін мүшеқап таратуды қолға алмақшы болған Айжан Серікбайқызы бұдан былай еліміздің бас санитар дәрігері қызметін атқарады. «Он пәленің тоғызы – тілден» деген тәмсілге сүйенсек, әлі талай жайттың куәсі болатынымыз анық.
Бағзы заманда қазекем «есің кетсе, ешкі жи» деген мәтел қалдырған. Бүгінгінің кейбірі есі кетіп, ессіз сөйлеуге құмартып алды. Мұндайды қайран бабам бір ауыз сөзбен-ақ қайтарған. «Оймақ пішсең де, ойлап піш!».
Халық газетінің тілшісі Нұрбике Қазиқызына жарайсыз алға дегім келеді!