Таң ата тау етегінде тынымсыз тіршілік басталады. Дәулетбай – осы ауылдағы ең дәулетті кісі. Өрісте мыңғырған малдың дені – Дәулетбайдыкі. Күн сайын кешқұрым малшы Сәрсен Дәулетба йға мал есебін беріп, жоқ-жітігін саралауға әдеттенген. Бүгін де мал өрістен келе сала, егесінің отауына еніп жұмысын бастан-аяқ баяндап берді. Сәрсен есіктен шыға бере Дәулетбай әлденені айтқысы келіп, тамағын кенеді де, кілт тоқтай қалды. Сәрсен бұрылып қарап еді, қожайыны ештеңе дей қоймаған соң шығып кетіп қалды.
Сәрсеннің тау етегінде малшы болып жүргеніне он жылдай уақыт болып қалды. Тіршілігінің тынышын бұзар оқиғалар осыған дейін мүлдем болған емес. Бірақ бүгін жантүршігерлік оқиғаға куә болды. Әдеттегідей қойды өріске жіберіп, тау етегінде демалып отырған. Түс ауа күн райы өзгеріп, аспан алабұлттанған секілді болды. Күннің ыстығынан қаталаған Сәрсен бір жұтым су ішпекке қоржынына қолын сала бергені сол еді, су құйған торсығын әлдебір тылсым күш қағып жіберіп, сонадай жерге домалатып әкетті. Түкке түсінбеген шопан тұра сала домалап кеткен торсықтың соңынан жүгірді. Қайта орнына келсе, әлгінде ғана көкке жайылып жүрген қойлар ізім-қайым жоқ. Жанұшыра жүгіріп айналаның барлығын кезіп шықты. Отар қой ғайып болып кеткен, төңірек те тып-тыныш. «Енді қайттім?» деп ентіге жүгірген Сәрсеннің жүрегі тас төбесіне шықты. Сонадай жердегі жартастан бақылайын деп сонда шығып қараса, о, тоба, әлгінде ғана үйіріле жайылып жатқан қойдың отары құйын ішінде айналып, ауыл жиегіндегі өзенге қарай жылыстап бара жатыр екен. Сәрсен дереу атқа қонып, соңынан қуа жөнеледі. Құйынға жетем дегенше аты да болдырып қалады. Жете бергені сол-ақ екен, әлгі малды үйіріп әкеткен құйын лезде жоқ болып, отар қой өзен жағасында жайылып жүр.
Бұл не құбылыс екенін түсінбеген шопан мең-зең күйде ауылға қарай аяңдады. Кешқұрым Дәулетбайдыкіне кіріп, болған оқиғаны баяндағысы келген. Алайда ол туралы ләм-мим деместен шығып кетті. «Үйге барып сәл тыныстап алсам, барлығы дұрыс болатын шығар» деп топшылаған-тын. Өйткені күннің қапырығы басына әсер еткендіктен осы оқиға көрінді деп ойлады ол. Дәл осы құбылыс ертеңіне айна-қатесіз тағы да қайталанды. Сәрсен бұл жолы Дәулетбайға барлығын айтуға оқталды. Өйткені абайсызда малдан қол үзіп қалса, өзінің жазасыз қалмайтынын біледі. Сол себепті мәселенің басын ашып алмаққа бел буды.
Мұны естіген Дәулетбай жанарын алысқа тастап, біраз үнсіз отырып қалды. Ерте ме, кеш пе осындай хабардың өзіне жететінін іштей сезіп жүрген. Шопанға сырын ақтарғысы келіп қанша оқталғаны бар. Бірақ, бүгінгіден кейін Сәрсеннен бүгіп қалар ештеңе жоқ екендігін білді.
Дәулетбай әкесінен тым ерте қалған. Әкесі қайтыс болардың алдында осынша мал-дүниені жалғыз ұлының қолына табыстап: «Әкенің малы балаға мал болмайды» деген. Қасықтап жинаған дүниеге енді еге болар өзің. Мал-мүліктің қадірін білгейсің. Бұл байлық бізге жеті атамыздан берілген. Мен де әкемнен қалған малды көбейтпесем, азайтып, қадірін қашырғаным жоқ. Бірақ, міндетті түрде есіңе сақтағайсың. Дүниенің де киесі болады. Қолыңа берілгеннің қадірін біл, сараң болма. Реті келсе жоқпен бөліс, барға садаға жасап отыр. Атадан қалған аруақтарға жыл сайын қой сойып, құран бағышта. Арамдыққа салынба, жинағаның бір-ақ күнде уысыңнан шығып кетеді» деп дүниеден өтіп кетеді.
Дәулетбай әкесінен қалған аманатының бірін де орындаған жоқ. Малы егіз тапса, тағы да көбейе түссе екен деп дүниенің соңына түсті. Қол жайып, көмек сұрай келгендерге қабақ шытып, босағасынан қуып шықты. Бір күні түсіне әкесі кірді. «Тақырға отыратын күнің жақын. Қолың мен пейілің кірлеп барады. Айтқандарымның бірін де орындамадың. Маңдайың терлеп таппаған малың енді бір күнде көзіңнен ғайып болып, құйындай ұшып жоқ болады» деп кетіп қалады.
«Жағдай осылай болған еді» дейді Дәулетбай шопанына. «Иесінен қайран болмаған соң, ескерту құйыны саған көрінген екен ғой» деп Дәулетбай үйден шығып кетті.
Дәулетбай күн ұзатпай қауым елді шақырып, құран бағыштап, халқына ас берді. Жетім-жесірге мал үлестірді, бір кездері көмек сұрай келгендерден кешірім сұрап, қайырлы іс қылды. Дүниеқоңыздығынан арылып, иманға келуіне ықпалы тиген шопаны Сәрсенге де бір басына жететін мал атап, алғысына бөленді. Осыдан кейін Дәулетбайдың дәулеті одан сайын асып, ұрпағына ұлағатты іс үлгісін көрсетті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!