Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мысал әлде миф? Кіші Арал теңізі 4 жылда «44 метрге» дейін көтеріледі

29.01.2026, 10:30 53

HALYQLINE.KZ

2025 жылы «Халық» газеті мен halyqline.kz ақпарат агенттігі Арал теңізінің хал-ахуалына, болашағына қатысты бірнеше көлемді мақала жариялады. Олардың қатарында «Ертістен бері қарай су алу – фантазия емес, өмірлік қажеттілік», «Есіл-Торғай «елдесіп»…, «Кіші Аралдың келешегі немесе күріш егуге мораторий жариялау керек пе?», «Алақан жайып, су сұрау қашанғы жалғасады?» атты сүйекті және тағы да басқа ірілі-ұсақты мақалалар, жаңалық форматындағы ақпараттар мен мәліметтер бар. Шыны керек, Арал теңізі тақырыбындағы сараптамалардың көтеретін жүгі ауыр болды, мақалаларда ақылға қонымды ұсыныстар да айтылған. Су саласының маманы, жазушы, эколог Сайлаубай Жұбатырұлы мен инженер-гидротехник, тарихшы Әлібек Сабырбаевтар сарапшы ретінде білгенінен жаңылмады. Әлі де жаза түсері анық.

Әуелгіде Солтүстік Аралды қалпына келтіру жобасы қарқын алғандай көрінген. Әлбетте, су тапшылығы мемлекеттік деңгейде шешімін табуы тиіс. Осы орайда, Су ресурстары және ирригация министрі де барынша қам-қарекет жасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арал тақырыбын күн тәртібінен түсірген емес. Қызылорда облысының әкімдігі де теңізді толтыру бағытындағы жұмыстарымен жиі-жиі бөлісіп келеді.

Дәл осы Кіші Аралды суға толтыру туралы соңғы жылдары көптеген жақсы жаңалық естігендей болдық: «Теңізге пәленше су құйылып жатыр», «Министрлік мынадай келісімге қол қойды», т.с.с.

Сонымен, Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты.

Президенттің айтуынша, Сыр топырағына табан тіреп тұрып, теңіз тақырыбына бойламай кету орынсыз.

– Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи өлке жаңа дәуірде де ойдағыдай дамуда. Қызылордаға келіп тұрып Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселені халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы күні Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Мемлекет басшысы бұл жұмыстар Кіші Арал суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мұрындық болатынын айтты.

«Бірақ бұл тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші елдерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді» деген сөзі арқылы Президент шындықтың шетін шығарды.

Әлбетте, көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты болып отыр.

– Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет.

Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс. Біз су мәселесімен жүйелі түрде айналысуымыз керек. Мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет. Алдағы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз. Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенеміз, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент пәрменін күтіп отырғандай-ақ артынша Солтүстік Арал теңізінің деңгейі 44 метрге дейін көтерілетіні хабарланды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында баяндаған. Бір ескеретіні, 44 деген санды дұрыс түсінуіміз керек. Яғни, жиында Көкарал бөгетін қайта құру және Солтүстік Арал теңізі деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрлік белгіге жеткізу көзделгені сөз болды. Кіші Арал теңізін сақтау және гидроэнергетика әлеуетін пайдалану мәселесі әркез маңызды саналмақ.

– Арал теңізін сақтау мәселесі мемлекеттік су саясатының басым міндеттерінің бірі болып қала береді. Былтыр Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім – он жылдық келіссөздердің нәтижесі. Осылайша, Қазақстан көршілес мемлекеттердің барлығымен трансшекаралық су мәселесі бойынша құқықтық база қалыптастыруды аяқтады. Осы құқықтық негізде екіжақты комиссиялар құрылып, тұрақты өзара іс-қимыл мен үйлестіру қамтамасыз етіледі, — деді министр.

Дәл осы су дипломатиясы мен Сырдария өзеніндегі су қоймаларының келісілген жұмыс режимінің арқасында соңғы су аз жылдары да Солтүстік Арал теңізіне тұрақты су түскен.

Нәтижесінде Солтүстік Аралдың көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 млрд текше метрден қазіргі 23 млрд текше метрге дейін ұлғайып отыр.

«Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірлеу аяқталып қалды. Бұл Көкарал бөгетін қайта құруды және теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеруді көздейді. Нәтижесінде Солтүстік Аралдың ауданы 3 913 шаршы шақырымға, ал көлемі 34 млрд текше метрге дейін артады. Теңізді осы белгілерге дейін толтыру үшін 4-5 жыл қажет» деп ағынан жарылды Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар, министр өңірде су үнемдеу технологиялары белсенді енгізіліп келе жатқанын мысалға кетірді. Соңғы жылдары бұл әдіс Түркістан және Қызылорда облыстарында 143,1 мың гектар жерге енгізілген, аталған сан шамамен 500 млн текше метр су үнемдеуге көмектесті деген ақпарат бар.

– Қазір Көкарал бөгеті мен Арал бассейнінің бүкіл су шаруашылығы секторының жобаларын жүзеге асыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Биыл жыл соңына дейін іс-шараларды жүзеге асыруға қаржы тарту жоспарланған, — деді Су ресурстары және ирригация министрі.

Қорыта айтқанда, Кіші Аралды әлі де толтыру үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ, «жобалар біз ойлағандай жүзеге асар ма екен!?» деген күдік пен күмән да жоқ емес. Әліптің артын бағып көру керек.

Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ.

Коллажды жасаған автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: