ҚР Президентінің кеңесшісі Ернар Баспаевтың төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын және «Таза Қазақстан» республикалық акциясын іске асыру барысы талқыланды.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Өткен жылы 6900 орындық 10 мектептің құрылысы басталса, биыл 5400 орындық 11 мектеп құрылысы басталады деп күтілуде. Қызылорда облысының әкімдігі мектептерге инфрақұрылым жеткізу бойынша жергілікті бюджеттен 118,4 млн теңге бөліп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Сараптама қорытындысы алынды. Әрі қарай инфрақұрылым жүргізуге жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге қаржы бөлініп, қазір 7 мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Маусым айының соңына дейін 3 мектептің сыртқы инженерлік желілері құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына аймақ жұртшылығы белсене қатысуда. Тазалық акциясын жыл соңына дейін жалғастырудың іс-шаралар жоспары бекітілді.
Оның аясында өңірдің барлық елді мекенінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бес кезеңнен тұратын «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталықтары ұйымдастырылды. Акцияға 300 мыңнан аса ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты. 12 мың тоннадан астам қоқыс қалдығы шығарылып, елді мекендердегі скверлер мен парктер, тарихи- мәдени ескерткіштер, әлеуметтік нысандар, өнеркәсіп және бизнес нысандары, су объектілері, аулалар мен көшелердің бойы тазартылды.
Көркейту-көгалдандыру кезінде өңірдің климатына жерсінетін көшеттер егілді. Акция аясындағы шаралар республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында кең көлемде ақпараттандырылуда.
Тазалық шараларының сапасын арттыру мақсатында әзірленген «Таза Қазақстан» онлайн платформасын іске қосуға Қызылорда облысы толық дайын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!