Жергілікті биліктің басы-қасында жүргендердің табан астынан шығармашылық шабыты шырт ұйқыдан оянып кететіні бар. Әсіресе, қаңтар айында. Құдды журналистиканың «отымен кіріп, күлімен шыққан» әріптестеріміз жазған ба дерсіз… Мүмкін солай да шығар-ау?!
Әңгімеміздің әлқиссасында лауазымды азаматтардың қаңтарда шығармашылық қабілеттері «қозып» кететінін айттық ғой. Біздің көкейімізде «Жарықтық, бұлар шабытты қаңтардың қақаған аязынан алатын шығар» деп жүрсек, қателесіппіз. Сөйтсек, мемлекеттік қызметкерлерді мақала жазуға қанаттандырған Елбасының бұған дейінгі халыққа арнаған Жолдаулары екен. Біз оны қайдан білейік? Онсызда мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында жолдау жөнінде дүркін-дүркін ақпараттар жарияланады емес пе? Сол дүрмекке еліте ме, әлде Елбасының Жолдауын жүрекке жылы қабылдай ма, белгісіз, әйтеуір «міне, керемет!» деп басталатын мақалалардан көз сүрінеді. Сүйексіз тілден сұлу сөздер төгіліп, Жолдауды қолдаудан аянған емес.
Қайбір жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шықты. Сонда лауазымды қызметтегі біраз кісі рухани жаңғыру жөнінде әлсін-әлсін мақала жазып, жергілікті БАҚ-тың «штаттан тыс тілшісі» боп кете жаздады. Сұрастырсақ, «жоғарыдан берілген тапсырма осы еді» дейді. Қазір байқаймын, бұрынғыдай ешкім «рухани жаңғырып» жатқан жоқ. Тыныштық. Аталған тақырып төңірегінде «толғанып» жатқандар да сиреді. Естеріңізде болса, одан кейін Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы шықты. Ең қызығы, сол мақала жарыққа шыққан күннің ертесіне жергілікті жерлерде іле-шала жиындар ұйымдастырылды.
Кеше ғана ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Хакім Абайдың еңбектерін еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін жата-жастанып оқыды. Ел ақынның шығармаларын өзіне өмірлік бағдаршам етті. Дегенмен…
Дегенмен, билік басындағылар ескі сүрлеумен әлі келеді. Мемлекет басшысының мақаласынан соң сан саланың тізгінін ұстағандар Абайды бүгін танып-білгендей өз мақалаларына арқау етуде. Шындығында, Абай бұрыннан бар еді. Ал өткен аптадан бері шығармашылық шабыты оянып жатқандар Абай шығармалары жөнінде былтыр неге жазбады екен, ә? «Соның жауабын таба алмай өзім де қайранмын»…
Асан Дәулет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!