Дүрбелеңге толы дүние күн сайын сан құбылып тұр емес пе? Саясат салқыны да лезде өзгеріп сала береді. Мұндай салқындық Ақорданың өз ішінде де сезілетіні бар. Нені меңзедік? Ол – соңғы саяси лауазымы – Қазақстан Республикасы Сенатының төрайымы Дариға Назарбаеваның сенбіде ойламаған жерден қызметінен кетуі. Әрине, өз еркімен емес, президенттің жарлығымен оның өкілеттігі тоқтады. Сарапшылардың пікірінше, бұл – мемлекет басшысының өз өкілеттігін бекіте түсуге бағытталған қадам. Ал, апта басында ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында парламент сенатының депутаты Дариға Нұрсұлтанқызының өкілеттігін заңға сәйкес тоқтату туралы шешім қабылданды. Айта кетейік, Д.Назарбаева 2016 жылы 13 қыркүйектен сенат депутаты, 2019 жылы 20 наурыздан бастап сенат төрағасы болды. Ал өткен жылы қыркүйекте парламент сенатының төрағасы болып қайта сайланды. Сол жолғы Сенат отырысында президент Қ.Тоқаевтың бұл лауазымға оның кандидатурасын өзі ұсынғаны белгілі. Жасырын дауыс беру нәтижесінде жоғарғы палатаның жиынына қатысқан 48 депутаттың барлығы Дариға Назарбаеваны қолдап, дауыс берген еді. Сенатор болғанға дейін ол әр жылдары «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының вице-президенті, «Хабар» агенттігінің директоры, бас директоры, президенті, директорлар кеңесінің төрағасы, «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының вице-президенті, Тұңғыш Президент қорының директоры қызметтерін атқарған. Сондай-ақ, парламент мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, мәжіліс төрағасының орынбасары, «Nur Otan» фракциясының жетекшісі, премьер-министрдің орынбасары болған.
Бір қызығы, бұған дейін үлкен үйдегі ауыс-түйістерден ел алдын ала құлағдар болып отыратын, ал мамырдың 2-сіндегі «кету» көптің көңілін күпті етті. Мұны неге жоритынын білмей дағдарғандар да аз болмады. Саясаткерлер де, сарапшылар да, былайғы жұрт та әралуан ой-пікір айтады. Сенатты бар-жоғы 1 жылдан сәл астам уақыт «билеген» оны «азусыз» төрағаға балайтындар да бар. Сонымен, бұл күтпеген «кетуге» не себепші болды? Мұндай шешім кімнің тарапынан жасалса да, оған не себеп болғаны әзірге белгісіз. Оның орынтағын босатуына Айсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік желідегі жазбалары, оффшор дауы, әлде Қазақстанның экс-премьер-министрі Әкежан Қажыгелдиннің дағдарыс кезіндегі президент Қ.Тоқаевқа жолдаған сәлемі, немесе Елбасы, ҚР Қауіпсіздік кеңесі төрағасының Ресейге сапарының нәтижесі, болмаса, Президенттің шешімі, мүмкін, елдегі басқару жүйесінде парламенттік билікті күшейту идеясы итермеледі ме? Қалай десек те, бір нәрсе анық: оның сенаттан кетуі «ел президенті болып бірер жылда транзиттік жолмен сенат төрағасы Дариға Назарбаева келеді» деген әңгімеге нүкте қойды. Бұл туралы әлеуметтік желілерде пікір жазып жатқандар көп. Соның бірі саясаттанушы Расул Жұмалы Facebook парақшасында: «Соңғы отставка бойынша әліптің артын күтейік. Біздегі саяси жүйеде кім қайдан кеткені емес, қайда келгені маңыздырақ. Әзірге анығы бір – Дариға Назарбаеваның келесі президент болуы мүмкін деген алыпқашпа әңгімелерге нүкте қойылды», – деп жазды.
Ал, енді көпшілікті оның қандай қызметке баратыны қызықтырып отырғанын да жасыра алмаймыз. Бұл жөнінде де түрлі болжамдар бар: «Nur Otan» партиясының төрағалығы, Үкімет басшысы, бір облыстың әкімі. Тіпті саяси карьерасы аяқталды деп болжаушылар да бар. «Саяси мансабында 10 жыл парламентте түрлі «креслоларда» отырған Назарбаеваның өкілеттігінің тоқтатылуы ешкім күтпеген саяси шешім болды. Әсіресе, пенсияға бір-екі жыл қалғанда. Премьер бола ма? Оның үкіметбасы болатындай салмағы жоқ. Іс-тәжірибесінде дәл 1 жыл вице-премьер болғаны демесеңіз, Үкіметте ешқашан салалық министрліктерді басқармаған. «Nur Otan»-ға бара ма? Бірінші орынбасарлық – айтарлықтай маңызды саяси орын. Алайда бұл партия саяси модернизация процесі жүре бастаған, қыр астында сайлау тұрған осындай кезеңде отбасылық авторитеттен гөрі керісінше мықты менеджерге зәру. Партияның саяси кеңесінде онсыз да Нұрсұлтанқызы бір жылдан бері бар. Қалалардың біріне әкім бола ма? Пандемия белең алып, экономика тұралатып тұрған бұл кезеңде ірі қалалардың біріне немесе өңірге әкім боп баруды Назарбаева қалайды деп айта алмаймын. Меніңше партия құрып, белсенді болған 20 жылындағы саяси карьерасы осымен аяқталды», – деп жазды журналист Нұрғали Нұртай өзінің Facebook парақшасында.
Бір сөзбен айтқанда, бұл «кетудің» алдағы саяси өзгерістерге қаншалықты әсер ететінін қазір болжауға болмас. Былтырғы 19 наурызда күтпеген оқиға болса, бүгінгі күнді де күтпеген едік. Сол сияқты апта басындағы «келуді» де көпшіліктің күтпегені рас. Иә, сол күні Парламент Сенатының жаңа төрағасы да сайланды. Ол – Мәулен Әшімбаев. Бұған дейін ол ҚР Президентінің әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған болатын. Алдымен президент жарлығымен сенатор болып тағайындалған оның кандидатурасын жоғарғы палата депутаттары бірауыздан мақұлдады. Оны парламент сенатының отырысына қатысқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі таныстырды. «Ол мемлекет ісінің қыр-сырын жетік меңгерген, ұзақ жыл түрлі салада жемісті және тиімді қызмет атқарды. Парламент жұмысын жақсы біледі. Әрдайым өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан бұл қызметті абыроймен атқаратынына күмәнім жоқ», – деді президент.
Жасыратыны жоқ, Әшімбаев – екі президентке де ыңғайлы адам. Әрі сарапшылар оны элитаішілік тартыстардан тыс тұрған, таза адам деп те санайды. «Мәулен Әшімбаев – белгілі әрі ықпалды тұлға. Саясатта тәжірибесі мол. Меніңше, ол – Сенат төрағалығына лайықты адам. Президент дұрыс шешім жасаған. Және оның билікті, өкілеттіктерді ақырындап өз қолына алып жатқаны байқалады. Бізде мемлекеттің тізгіні бір қолда болғаны жөн. Әсіресе, қазіргідей ахуалда. Біздегі саяси өмір қызық болып келеді. Әліптің артын бағу керек», – дейді сарапшы Қазбек Бейсебаев nege.kz ақпарат порталына берген пікірінде. Сондай-ақ, «Әшімбаев спикер болғаннан ешнәрсе өзгермейтінін» алға тартатындар да бар. Бірақ, саясаткер Балташ Тұрсынбаев олай ойламайды екен. «Мәулен Әшімбаев – білімді һәм зиялы жігіт. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған кезімде Мәулен менің қарамағымда істеген. Ғылыми атағын өз күшімен қорғаған жігіт. Өзгелердің қалай қорғағандарын білеміз ғой. Жалпы саясатта орындаушы және қоғамға керек саясат жүргізетін қайраткерлер болады. Бұл біріншісіне жатады. Содан кейін Мәулен Әшімбаевтың 100 млн доллар тұратын Лондонда сарайлары жоқ. Қоғамға пайдасы да, залалы да жоқ адам ғой. Сондықтан спикерлікке келіп жатыр», – депті ол malim.kz қоғамдық-саяси сайтына.
Осылайша, Қазақстан парламенті тарихында Мәулен Сағатханұлы ең жас сенат төрағасы болып отыр. 49 жастағы саясаткер соңғы жылдары «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, президент көмекшісі, президент әкімшілігі төрағасының орынбасары сынды лауазымды қызметтерді атқарған.
Айтпақшы, Әшімбаевтың да орны бос қалмады, ол орынтаққа сол күні Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметінен босатылған Дәурен Абаев отырды. Мемлекет басшысының жарлығымен Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған ол көпшілікке алғыс айтып, жаңа қызметіне қатысты пікір білдірді. «Құрметті достар! Баршаңызға лебіз-тілектеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Еліміздің ақпарат саласына жауапты министрлікке жетекшілік еткен жылдары өздеріңізбен бірге табанды, жемісті еңбек еттік деп санаймын. Біз көтерген бастамаларды қолдап, әркез ой-пікірлеріңіз бен сын-ескертпелеріңізді ашық білдіріп, қоғам үшін маңызды мәселелерге жанашырлық танытқандарыңыз үшін сіздерге зор алғыс айтамын. Қазіргідей күрделі уақытта қоғамның тас түйін ауызбірлігі мен белсенді азаматтық ұстаным ауадай қажет. Сондай-ақ, министрліктің және министрлікке қарасты ұйымдардағы сарапшыдан бастап басшылық құрамына дейін әрбір қызметкеріне ерекше құрмет білдіріп, алғыс айтамын. Ал бүгінгі тағайындау, ең алдымен, маған артылған үлкен сенім деп білемін. Тапсырылған қызметті абыроймен атқарып, қажыр-қайрат пен білім-білігімізді Отанымыздың игілігіне арнаймыз», – деп жазды экс-министр Facebook парақшасында.
Ал, Абаевтың орнына Балаева барды. Аида Ғалымқызы – 46 жаста, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін және Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген. Көбіне саяси қызметі Алматы қаласындағы ақпарат, ішкі саясат саласында өткен оның 2010-2014 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары, 5 жылдай ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болғаны бар. Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметіне мемлекет басшысының көмекшілігінен келді.
Сонымен, бұл ауыс-түйістердің астарында не жатыр? Осы сауалды «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшімге қойып көрдік.
– Айта кетуім керек, жоғарыда болып жатқан ауыс-түйістерге мән бермейтін адаммын. Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен, қосындының өзгермейтіні белгілі… Сондықтан менің көзқарасымды – сарапшының бағасы деп емес, жеке адамның субъективті пікірі деп қабылдаңыздар.
Біріншіден, біздің билік – 30-40 адамның бір бөлмеге жиналып алып, мезгіл-мезгіл бірінің орнына бірі келіп, енді біреуі кетіп жатқан жабық кабинет сияқты. Жаңа адам, жаңа тұлға, жаңа атауды көрмейсіз, естімейсіз. Әрине, жаңа басшы келгенде кабинеттегі адамдардың қызметтерінің өзгеруі, ауысуы – заңды құбылыс. (Ал халықтың, қоғамның рөлі – сыртан қарап, не кіжініп, не тамсанып тұру сияқты).
Екіншіден, Тоқаев бастаған биліктің басты кемшілігі, қателігі – Дариғаның не себепті Парламенттен (әлі бір жыл уақыты бар), сонымен бірге Сенаттың басшылығынан кеткенін халыққа түсіндірмегені дер едім. Басқасы басқа, екінші рөлдегі тұлғаны кенеттен алып тастау – баяғы «өзіміз білеміздің» көрінісі. Ең болмаса, «басқа қызметке кетуіне байланысты» немесе «денсаулығына қарай» деген шығарып салма сөздер де естімедік. Дариға қарындасымыз да өзінің тарапынан түсінік берген жоқ…
Үшіншіден, қоғамдағы «кейін Тоқаев кетіп (не қызметін атқара алмай жағдайды сылтауратып), оның орнына Дариға Президент болатын жоспар бар екен» деген алаңдаушылық, уақытша болса да тоқтайтын секілді. Бірақ ертең, не парламенттік, не президенттік-парламентік жүйе болғанда Дариғаның «Nur Otan»-ның басшысы болып Парламентті өз қолына ала алатындығын да жоққа шығармайық…
Өз басым, Тоқаевтың бүгінгі жариялап отырған бағытын есепке алсақ, спикерлік орынға Мәуленнің келгенін дұрыс деп білемін. Ал Дәурен мырза пен Аида бикештің (ханым деген сөз орынсыз болар) жаңа лауазым алуларын – отыз жыл бойы араластырған картаның тағы бір «жатысы» дер едім, – деді Дос Көшім.
Ал, 2019 жылғы президент сайлауының кандидаты, саясаткер Әміржан Қосанов бұл тағайындаулар туралы Facebook парақшасында:
«Бір нәрсе қуантады: билік басына зейнеткерлер емес, орта буын (біздің жүйеде оларды «жастар» десе де жарасады) келіп жатыр. Бұл – жақсы тренд. Ұзағынан сүйіндірсін.
Бірақ та бір нәрсе анық: әр жаңа мансап иесін қалай мақтаса да (шыққан тегі, білімі, тәжірибесі дегендей) олардың бәрі – 30 жыл бойына қалыптасып қалған қатаң жүйенің өкілдері. Соның адепттері, антына адал солдаттары. Бұған дейін ешқайсысы да ашық демократиялық пиғылымен көзге түсе қоймаған тұлғалар.
Сондықтан да олардың жекебас талаптары мен таланттарына сай жұмыс істеудің әдіс-тәсілдері өзгергенмен, олар тұтас бір жүйені өзгерте алмайды.
Ал халықтың күтіп отырғаны сол: жүйенің өзгеруі.
Бізде жүйені өзгерте алатын екі күш бар: бірі – халық, екіншісі – Конституция бойынша толыққанды (заң шығарушылық, практикалық) билікке ие президент. Елбасы да өз күш-қуатынан айрыла қоймаған сияқты.
Сенат төрағасы туралы бөлек айту керек. Өйткені, ол – Конституция бойынша мемлекеттегі екінші адам, алда-жалда президентпен бір нәрсе боп қалса, билік, уақытша болса да, соның қолына көшеді.
Оған бұған дейін дербес әрекет жасап, өзіндік мінез танытып, көзге түсе қоймаған 49 жастағы Мәулен Әшімбаевтың «духы» жете ме? Оны уақыт көрсетеді. Бұл оның нағыз сыналар, қайраткер ретінде қалыптасып, пісіп-жетілер шағы болмақ.
Меніңше, оның тағайындалуы – Ақорда мен «Кітапхана» арасындағы компромисс. Бәлкім, Тоқаевқа да дербес қимыл-әрекет жасай алатын, өзіне болашақта саяси бәсекелес болатындай Сенат спикері керек болмады ма?
Енді спикердің саяси болашағы екі сұрақтың жауабына байланысты.
Бірі – компромистік тұлға ретінде өз-өзін ұстап жүре ала ма әлде екі түйе сүйкенсе, шыбын секілді құрбан боп кете ме? Олай дейтінім, біздегі екі саяси орталықтың арасы күннен-күнге ушығып бара жатқан сияқты. Ертең тағы да бір саяси қақтығыс не дағдарыс боп қалса, ол қай жақтың сойылын соғады?
Екіншісі – оның күнделікті қызметіне екінші президент қандай қолдау көрсете алады – ол да өте-мөте маңызды. Өйткені, қалай дегенмен, уақыт өткен сайын екінші президенттің саяси рөлі арта бермек.
Ең бастысы сол: кезінде президент боп сайланғанда Нұрсұлтан Назарбаев та тек өзіне берілген адамдардан ғана команда құрып, елдің саяси элитасын түзеп еді. Ол критирийлер ішінде жершілдік, рушылдық, тамыр-таныстық, отбасылық принциптер орнықты. Содан бүгінгі құбыжық жүйе дүниеге келіп, ел болашағын, соның ішінде, президентке жақпаған талай қайраткердің тағдырын анықтап тастаған.
Енді Тоқаев та сол жолға түсіп, тек өзінің жеке басына адал адамдардан ғана мемлекеттік органдар басшыларын таңдаса, сол суперпрезиденттік жүйе өзгере ме?
Ол да өзіне жақпаған тұлғаларды тұқырта бастай ма? Қудалай бастай ма?
Онда оның Назарбаевтан не айырмашылығы болмақ?
Олай болса, біздің, демократтардың, президенттік билік тұсында парламенттің рөлін күшейту туралы талаптарымыз өзекті бола береді!», – деп пікір қалдырыпты.
Сөйтіп, аптаның айтулы оқиғасының біріне баланған Сенат төрағасы да өзгерді. Өзгергенді көз көрді. Қызығы сол, қызмет жаңартқандар – «жетпісінші жылғылар», жетекші партия мүшелері әрі экс-президенттің «сенім кредитіне» ие болғандар. Оларға бүгінгі президент те сеніп қызмет тапсырып отыр. Айтпақшы, кешегі сенат отырысында Қ.Тоқаев: «Сенат депутаттары заң жобаларын талқылау кезінде немесе басқа форматтағы басқосулар барысында қоғамымыздағы ең өзекті, елді алаңдататын мәселелер жөнінде өткір ойлар, сыни пікірлер айтуға құқылы» деді. Демек, алдағы күннен не күтуді болжау да қиын, сайлау науқанының да ауылы алыс емес сияқты, бұл өзгерістер соның алғышартындай көрінеді. Әрине, бізге, жоғарыдағы сарапшылардың айтқанындай, әліптің артын бағудан басқа амал жоқ.
Н.КЕНЖЕТАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!