Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Конституциялық компас

26.05.2022, 17:00 712

HALYQLINE.KZ

Алдымыздағы 5 маусымға белгіленген Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін референдумға бірнеше күн қалды. Оның өте өзекті, жұрт айтып жатқан, мамандар ұсынып жатқан қағидатты өзгерістері баршылық. Алайда биліктен реакция жоқ, байқалып тұрған нәрсе сол – ұсыныстардың енгізілуінен гөрі енгізілмеу ықтималдығы басым.

Сондықтан Сіздердің назарларыңызға біле жүрулеріңіз үшін конституциялық компас ұсынып отырмын. Билік қаласа да, қаламаса да бізге, қазақ халқына қандай конституциялық өзгерістер қажет? Міне, алдарыңызда сол ең қажетті өзгерістердің тұжырымды тұстары.

Осы қазықты қағидалар билік тарапынан ұсынылған жобамен салыстырылып берілді. Өзгерістердің деңгейін, қаншалықты шалағай екендігін осыдан байқай беріңіздер.

Осы себепті электораттың бір бөлігі болып табылатын қоғамдық бірлестіктер конституциялық күрделі мәселелерді талқылауды тағы үш айға созып, референдумды тамыз айының 28-іне алмастыруды сұрайды. Егер құлақ аспаса, бұл биліктің мемлекет құраушы – қазақ халқына деген немкетті көзқарасын білдіреді.

Ал мемлекет құраушы қазақ халқы мұқтаж болып отырған конституциялық өзгерістер мен толықтырулар төмендегідей:

1. Қазақстанда Назарбаев режимі отыз жылда омалтқан орыстілді азаматтық мемлекет орнына қазақтілді қайырымды Ұлттық мемлекет орнатуға бетбұрыс жасау. Конституцияның аңдатпасында «Қазақстан – мемлекет құраушы қазақ халқының мемлекеттілігі» екені жазылуға тиіс.

Жобада бұл жоқ!

2. Қазақстандағы ұлтаралық саясат онда тұратын түрлі диаспоралардың мемлекет құраушы – қазақ халқының төңірегіне топтасу, шоғырлану бағытында жүргізілуі керек.

Қазақстан халқы ассамблеясы туралы бап Конституциядан алынып, қажетсіз ұйым ретінде таратылады.

Жобада бұл жоқ!

3. Ешқандай басқа тілдердің қосарлануынсыз «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» мәртебесінде танылуға тиіс.

Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастау көзделмеген. Жобада ондай өзгеріс жоқ!

4. Президенттік биліктен аузы күйген Қазақстан – парламенттік-президенттік республикаға айналуы тиіс. Президент – парламент алдында есеп береді, сот алдында жауапты. Сондықтан Конституцияның 2-бабының 1-тармағы «Қазақстан Республикасы – парламенттік-президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» деп өзгертіліп жазылуы керек.

Жобада мұндай өзекті өзгеріс көзделмеген.

5. Жер – халықтыкі. Ол жерді жоңғар басқыншылығынан, патшалық Ресей отаршылдығынан қорғап қалған қазақ халқыныкі. Оны баспана салу мақсатынан басқа жағдайда сатуға болмайды. 49 жылға дейін пайдалануға берілуі ықтимал. Жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де тыйым салынады.

Жобада бұл талаптар ішінара ғана ескерілген.

6. Демократияны тереңдету мақсатында Конституцияда әр адамның төтелей сайлау мен сайлану құқығына жол ашылуы керек. Жанама сайлау тәсілдері тұтастай тіке және төтелей сайлау тәсілдерімен алмастырылады. Яғни Сенат пен партиялық сайлау жүйесі жойылады.

Жобада бұл өзгеріс жоқ!

7. Сыртқы саясат тең құқылық қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Өзге мемлекеттерге кіріптар етілетін қадамдарға тосқауыл қойылады. Қазақстан бүгінгі таңда кіріптарлыққа ұшырап отырған ҰҚШҰ (ОДКБ) мен Еуразиялық одақ сияқты ұйымдардан шығады.

Жобада бұл жоқ!

8. Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекетшілдік қасиеттеріне басымдылық беріледі. Барлық мемлекеттік қызметшілер, күш құрылымдарының (ұлттық қауіпсіздік комитеті, армия, полиция, қаржы полициясы, т.б.) қызметкерлері түгелдей қызметке кірісерде қолдарын Құранға (христиандар Інжілге) қойып Отанға адал болуға Ант береді. Ант беру рәсімі салтанатты жағдайда өткізіледі. Олардың ант парақшасы жеке ісқағаздарында сақталынады. Ант бұзылған жағдайда олардың өздері де, ұрпақтары да мемлекеттік қызметке жолатылмайды.

Жобада бұл жоқ!

9. Сот билігі шынайы тәуелсіз болады. Сот судьяларын округтер бойынша тұрғындар сайлайды. Жоғарғы Сот судьялары бүкілхалықтық сайлау жолымен сайланады. Сот судьялары халық алдында есеп беріп отырады. Билік орындары түгелдей сот шешіміне бағынады.

Жобада бұл жоқ!

10. Қазақстан аумағындағы қазба байлықтардың иесі Қазақстан халқы болып табылады. Қазба байлықтарды өндіруден, оны пайдалану мен сатудан түскен қаражат экономикалық паспорт арқылы бюджет жарнасы есебінен Қазақстанның әрбір азаматының есепшотына түсуге тиіс.

Жобада бұл қағида ішінара ғана көзделген.

11. Қазақстанның екінші деңгейдегі банктерінің қызметі негізінен халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталады. Банктердің жоғары жылдық мөлшерлемелер арқылы халықты несиелік қанауына жол берілмейді.

Жобада бұл көзделмеген.

12. Қазақстан Республикасының Ата заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тек референдум арқылы жүзеге асырылады. Парламенттің Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығы жойылады.

Бұл жобада көзделмеген!

13. Қазақстан аумағында ішкі саясатта Қазақстанның ұлттық идеологиясына басымдық беріледі.

Бұл жобада көзделмеген!

Елімізде «Жаңа Қазақстан» құруға мүмкіндік беретін түбегейлі конституциялық реформа, міне, осылардан басталады. Қалған нәрсенің бәрі косметикалық өзгерістер.

Егер билік тарапынан шынайы реформалық тетіктер қаперге алынбаса, онда «Жаңа Қазақстан» бағыты өзі кетсе де артында өлмей қалған көне Назарбаев режимінің халықты алдаған кезекті құқықтық қитұрқылық ойыны болып шыға келеді!

Енді ұсынылған ресми жобаны өздеріңіз бағалай беріңіздер!

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист

Facebook-тегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: