HALYQLINE.KZ –|
Лилия Иннокентьевна Винокурова
– Якуттардың тілі – біздің мақтанышымыз, біздің төлқұжатымыз, тағдырымыз, үмітіміз бен жан ауыртар қайғымыз… Ол ықылым заманнан бері келе жатқан аңыздарымыздағы асыл қазынамызбен, анасының тілінде ән айтып, жыр шығаратын бозбаламен бірге өмір сүріп келеді. Өткен ғасырдың 90- жылдары якут мәдениетінің сахнасына ана тілінің қайнарынан шыққан қаншама жаңа таланттар туған жерінің топырағына тұқымын септі. Олар бұл үдерістің басы да емес, соңы да емес. Себебі біз кеше ғана туған халық емеспіз ғой, халқымыздың бұл әлемге келгеніне қанша заман, қанша уақыт, оны ешкім білмейді де.
Бірақ, менің есімде қалған бір сәтті, сол кездегі Музыка ғимаратында, сол кездегі республикамыздың Жоғарғы Кеңесінің төрағасы М.Е.Николаевтың сөз сөйлегенін ұмытқан емеспін. Ол сол кездегі заманның «партиясының» қызыл барқыт матамен оралған мінбесінен якут тілінде сөз сөйледі. Сол кезде жүрегім ерекше толқыныста болды, алғаш рет ең жоғарғы жиналыста ресми адам менің туған тілімде сөз сөйледі. Анамның тілі бірнеше ғасырлардан кейін алғаш рет мемлекеттік тіл ретінде мойындалды. Әуелгі кезде тілімізді басқарушы билік бұратана, жабайы, надандардың тілі деп келсе, кейінірек бұл тіл өткен заманның тілі, болашағы жоқ тіл деген атақ алды…
Күнделікті өмірімізде бұл тіл ұзақ жылдар бойы санаттан түскен жоқ, қызмет етіп келді. Ол ғасырлар бойы бұл өңірдің үстімен жүргендерді осы тілде сөйлеуге үйретті, екі мұхиттың арасын жалғастырды, тайга мен тундраны алып жатқан ұлан-байтақ жердің батысы мен шығысын, Таймыр мен Амурдың аралығын, буряттар мен чукчаларды байланыстырды. Бұл тіл мал баққан малшылар мен жер жыртқан шаруалардың, каюрлар мен мемлекеттің казактарының, жер аударылғандар мен бұғы бақташыларының ортақ тіліне айналды. Олар осы тілде саудаларын жасады, ән салды, бір-бірімен достасты, соғысты, бірін-бірі өлтірді, бауырласты. Бұл тіл сол заманның үні мен дауысын, жан сезімін, ұлттар мен ұлыстардың, тайпалардың қаны мен тәнін, жанын бойына сіңдірді… Бұл тіл қанша соғыс пен төңкерістерді басынан кешті, өткен ғасырдың бәрін жалмаған өрт жалынынан да аман қалды. Ұлы тіл, бейшара тіл – әлемді ашықтан-ашық тонайтын, темір мен бензиннің жалмауыз заманына дейін өмір сүріп келді…
Адам таңғалатын, түсініксіз адамдар өмір сүрген заман басталды: оларды өмір сүруге келгендер деп айту қиын. Тамақ жейді, ішеді, жерді қазып бірнәрселерді іздеп кезіп жүреді, олардың артында бүлінген, шашылған қоқыс пен дүние ғана қалады. Оларға ешкімнің қажеті жоқ, жан-жағына назар да салмайды. Бұл жерде өмір сүріп жатқан халық, бұл жердің өз тілінде сөйлеп жатқан халқы олар үшін ешкім де емес, әншейін бір далбаса нәрселер, еш тауарлық құны жоқ заттар. Осы бір түсініксіз адамдар – келімсектер де, оларға ұқсаған жергіліктілер де көбейе берді, көбейе берді.
Міне, осы жылдары Тіл ауруға шалықты – ол қажетсіз болды. Балабақша мен мектеп, көшеде, жиналыста, туғаннан молаға жерленгенше ғұмыр түгелімен бөтен тілде сөйлеп атқарыла бастады. Мыңдаған жылдар бойы якут тілінде сөйлеп келген якут жерінде туғаннан бастап бөтен тілде сөйлейтін якуттар өмір сүре бастады. Олардың барлығы жетім емес еді.
Осы бір күнделікті қарбалас өмірде, ешкімге сезілмей, өзін де сездірмей (жұтқан ауамыздай) әрқайсысымыздың ең қуыс түкпірімізде бір уыс болып бүктетіліп жасырынып Тіл жатты. Тіпті кейде ұмытып та кететін кезіміз болды, көптен келмей кеткен атамыз сияқты. Туғаннан ана тілін естімегендер тілден тіпті мақұрым болды. Білімді ортада ол тілмен сөйлеу тіпті ұят еді – ұлан-асыр тойға жыртық шапанымен келген туысқанның кейпін кешті. Жас кезімізде бізді айыптап қойылатын: «Бұғы бағушылар мен малшылардың тілінде неге сөйлейсің?» деген сұраққа бетіміз қызарып ұялдық. Кең далада дауыстап сөйлеуге үйренген жерлестеріміздің дауысын естігенде үрейленіп жан-жағымызға қарадық…
Бірақ бөтен қалаларда, бөтен ұшақтарға мінген кездерімізде ана тілімізде түс көрдік. Кейде көңіліміз себепсіз жабығып торыққанда, жан сезіміміз жабырқап ауырғанда көңілімізді жадыратудың бір ғана емін табамыз – басымызды қосып туған жердің ескі әндерін айтсақ, ойнақы да тапқыр тілімізбен бір-екі күлдіргі сөздермен алмассақ жеткілікті, әкеміздің дауысын естігендей көңілімізге жаз орнайды.
Якуттардың тілінің жан беруі ұзаққа созылды. Әрбір қартайған якут мұз соқпақпен жүріп, аңды қымбат терісі үшін атып, ақша қуып өмірін кешкен әрбір аңшы үнсіз, өзімен бірге тілді алып кетті. Таң атпай тұрып күннің көзін көрмей фермаға сауынға кетіп, қас қарайып күн батқанда үйіне қайтатын сауыншы да тілді өзімен бірге алып кетті. Шындыққа жуыспайтын, ескі өмірдің күлкілі тарихын әңгімелеп айтатын шал да сүйтті… Тілдің жан тапсыруы жердің тамтығын қалдырмай жаралаған техникадан қашып, туған аластарын (ауылын) үнсіздікке тастап ұмытылған әндермен, арбаушы сиқыршылармен бірге о дүниеге аттанып кетті. Тілдің құрып жойылуы маскүнемдікке салынып міңгірлеген якуттың аузында, шыққан тегін ұмытқан шенеуніктердің мақау тілімен бірге кетті. Тіл қала мен қыстақтарда өле бастады, бұл тілде жол сұрай алмайсың, дүкен мен дәріханада сауда жасай алмайтын халге жетті. Оқушыға физика мен астрономияны, алгебра мен анатомияны түсіндіріп бере алмайтын болды.
Бірақ тілдің өлгісі келмеді! Ауылдың ағаш үйінде дүниеге келген әрбір жаңа адамымен бірге қайта туды. Кішкентай қысқа көйлек киген балауса қыз, жас баланың ұстап әкелген алғашқы үйрегіне (ер кісінің олжасы) қуанып сөйлеп, қуанып балпылдады. Балалар өсті, олармен бірге бойына сіңген тіл де өсті – жұмбақтарды шешті, ертегілерді жаттап айтты, әжуалады, әзілдесті, төбелесті, татуласты, сабақтарын оқыды, адамдармен сөйлесті. Күндердің бірінде олар якут тілінде ғашықтық сезімдерін білдірді – ыммен, астарлап, түкпірдегі сезімдерін білдіретін сыбырмен, бірнеше мағынасы бар ескі сөздерді, мәңгілік сұлулықты, жан жылуы мен тән сұлулығын түсіндіретін сөздер қайта туды… Махаббат Тілі тілді жерден көтере бастады, көтеріп шынарға айналдырды, жұлдызды сағатын соққызды. Тіл бұрын естімеген жаңа әндер мен жырларды шығарды, дүние мен заттарға жаңа аттар мен есімдер таба бастады, ұмытылған, жартылай ұмытылған дыбыстар мен дауыстар жарқ етіп жарқырай бастады. Өткен заманда якут поэзиясының ғажайып дүниелері – алтын ирония Өксөкөлөөх (Ексекюляха) және күміс Алампа жыры осылай туған болатын.
Біздің тіліміздің шексіз байлығы мен шұрайлылығының ерекшелігі, оның түрі мен дауысында: таудай тұлғалы сыбдыры, сарқыраған өзеннің ағысындай ашықтығы, тайганың тұнып тұрған бірсарындылығы немесе жазық даладай ән салған аластық жазиралығы. Кейде сөйлеген адамның дауысынан, оның ата-анасы тұрған мекеннің адамдарының дауысын есітемін. Әр адамның өз дауыс ырғағы, сазы бар. Терістіктегілердің дауысынан Ленаның ортасында, Алданның маңайындағыларға тән гүріл аңғарылады, бейпіл сөз айтып жатыр ма деп ойлайсың, үйренбеген құлақ колымалықтардың әуездік сөзін түсінбей де қалуы мүмкін. Бірақ қайсымызға болсын бұл дыбыстардың маңыздылығы – олардың ғажап әуезі ана тілімізге деген аңсарымызды тудыратындығында…
Тамыз айында туған аспан жұлдызындай, айдалада өзен жағасында от жағып отырған кезде, күтпеген жерде есімізге түсетін тіліміз үлкенді де, қартты да тастан салынған кабинеттерде жанымызға жан жарасын салады, сандырақтатады, аңсарымызды аудырады. Якуттың тілінің аясы – кең жазира дала мен көк аспан, кешкі көк түтіннің иісі шығады, жылқылар суатқа бара жатады. Даланың бір шетінде бозбалалар жиналуда, ойын ойнайлы, қыздар келеді. Тіл бұл ортада масайрап көңіл көтереді, нағыз қызық өмір кешеді. Күлкінің кең ортасында жүреді, әзіл-қалжыңға кенеледі, тұспалдайды, өтінеді, шақырады, талап етеді, салтанат кешеді, алғыс айтады. Кеудесін кең толтырып демін алады, неше түрлі гүл мен бояуға құбылады, тәкаппарлықпен сұлуланады, мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп келе жатқан Сөздің сән-салтанатына қызыға қарайды.
Сонау алыс түкпірде, қиыр шеттегі көлдер мен биік таулардың ар жағында, жапырағы шулаған қайыңның түбіне, балқарағайдың биік гүлдерінің артына жабысып тығылып тіл аман қалды. Тіпті сол бір өтіп кеткен жартылай мақау жылдардың өзінде, егер тілге мүмкіндік берген кездің өзінде, ол белін жазып басын тік көтеретін. «Жүрегім тоқтағанша» деп, әрқашан үмітін үзбейтінін білдіретін, якуттар жаны сүйіп оқыған әндер мен өлеңдер, повестер сол кезде қаншама жазылды десеңші. Өзінің гүлдерін көріп қана емес, олардың сұлулығын естуге ынтызар болған якуттар жаңа туған қыздарын гүлдердің атымен атады…
Қалалар мен қыстақтарда қалалық өмірге бейімделген якуттар балаларына бесік жырын айта бастады. Бесік жырында тұрған не бар деп ойлауға болар. Енді ол өле-өлгенше Жердің әрбір қиылысында бесікте естіген түрік әуеніне елеңдейтін болады. Сан түрлі тілді өзге ортада жүрген кезінде ол бесікте естіп жадында қалған дауысқа бұрылатын болады. Сол сәтте сан жылдар өтсе де, қиыр шетте кездессе де, таныс дауысты таныған қуанышы, туысқанын тапқанына мақтанышы оның әлемді жайлаған шөлдалалық жалғыздықты, әлемдік мылқаулықты жеңгенін білдіреді.
Басқа ұлттың адамы бізге өз тілімізде тіл қатқан кездегі жан сезімімізді қайтерсің. Бір сәтте ол адам ең жақын, ең түсінікті адамға айналады, қиын сапарда, құмар жеңген аңшылықта біз оған өз адамымыздай сенеміз. Себебі оған деген сеніміміз кіршіксіз таза: біздің тілімізді үйренген адам, ол тілді бізбен бірге өмір сүру үшін, ұзақ бірге жүру үшін, өмір бақи бірге болу үшін үйренді деп санаймыз. Якуттар өз тілінде сөйлейтін басқа ұлт өкілдерін жақсы көреді, жетімді аялағандай, жоғалған туысын ойда жоқта тапқандай сүйеді… Қайран тіл! Адамзаттың қауымдастығындағы адамдарды бір-бірімен байланыстыратын ең мықты жіп, қорқыныш пен үрейді жеңетін әлемдегі ең қымбат дәрі…
Ана тіліңді қалайша сүймеске – ол дегенің, әлемдік тілдерді жинаған асыл қазына салынған сандықтағы інжу-маржан емес пе. Тіл дегеніміз – ғасырлар бойғы мақтанышымыз бен қасіретіміз, бабаларымыздың қайраты мен жігері, сақылдаған аяздарға төтеп беріп мұз астынан бас көтерген еңлікгүлдің нәзіктігі. Ол ақ түндердің үнсіз сыбдырымен алақанына салып аялауы, еңкейіп батпай тұрған күннің арбаушы сиқырлығы, шілде айындағы шөп шабу кезіндегі тұнық ыстықпен басыңды айналдыруы. Сегіз ай бойы қар мен мұздың астында жатқан жердің өз қойнына тыққан құмарлығы, бір мезетте тірі жәндіктің гүлге орануы – міне, соның барлығы Тілде. Дүниенің жалғандығын, жаздың мәңгі ерімейтін мұзға деген жомарттығын түсінсеңіз – якутше сөйлеп кетесіз.
Ол бір ғана дыбыспен, жарты дауысқа бір тоқтағанның өзінде түсін де, талғамын да өзгертеді. Алуан түрлі, құбылмалы, түрлі түспен құлпырып тұратын біздің тіліміз – бір ғана сөзбен аялай алады, ұрып та алады, көкке көтеріп даңқыңды шығарады, сөге де алады. Салыстыру мен сипаттаудың гүлге оранған бояулары, ғажап диапазонды интонацияға толы якут тілі шыңға да көтере алады, жоқ ету де қолынан келеді. Адамды немесе оның тірлігін қандай сөзбен мағыналау – тағдырмен тең. Егер шорт кесілген сөзбен қорласаң – оны ұмытуға қалдырғаның. Егер биік буынды, жазира дауысты сөзбен атасаңыз – сен адам баласының жадында, ең соңғы якут жер бетінде қалғанша әрқашан жүретін боласың.
Шынымен де, ең соңғы якут туатын күн болар ма екен? Біздің барлық болмысымызды, тұрмысымызды, біздің Махаббатымыз бен Үнсіздігімізді өзімен бірге о дүниеге алып кете ме? Тек біз ғана адам баласын, бейбіт тірлікті сүюді білеміз – үнсіз, көзіміз жайнап, дидарымыз жадырап сүйеміз: жаңа орылған жасыл пішеннің семіз күдесін; үйіміздің түбінде жиналған кесілген отынды; қарияларымызды – немерелерінің дүниеге келуін көңіл дірілімен күткендері үшін; бойжеткендерді, сенің мерекеге толы жастық заманыңда ақ көйлек киіп өткені үшін – бақыт әкелуге уәде бергені үшін; жас жігітті, биік шартақтың бойымен жүгіріп өткені үшін – өмірге құштарлығы мен бойын кернеген қайраты үшін.
Туған жерден алысқа кетіп оралған кезімізде гүлге оранған балқарағайдың иісін, сергеляхтың шыршаларының жарқылын қалай жақсы көреміз! Лена өзенінде күз күнінің тыныштығында орнайтын өмірдің толыққандылығы мен тепе-теңдігі қандай десеңші! Осы бір шулы, дабыралы кездегі жерлестеріміздің сабырлы да салмақты түрлері ше. Сіз байқадыңыз ба: бұл жерде туған және ұзақ өмір сүретіндер бір-бірінен айнымайды емес пе? Адамның келбетінде оның нәсілі ғана алға шықпайды, оның жаны мен ойы да басымдық тарта бастайды. Біз өз адамдарымызды әлемнің қай түкпірінен болсын бірден танимыз – терістік адамдарына тән, әңгіме-дүкенге сағынушылығынан, кең жазықтыққа, алысқа еркіндікке көз тастауынан. Мейлі, ол тегі беларусь немесе татар болса да, оның беті «якутқа» ұқсап тұрады.
Адамның бетіндегі әдемі меңі сияқты, біз де өз адамдарымызды белгілеріне қарап танимыз. Біздің адамдар – бөтен балаға арнаған жылы сөзі бар. Кез келген үйге кірген жолаушыға, түрі, көзінің түсіне қарамай ыстық шәй ұсынады. Қайыққа мінген әйелге беліне арқалық қояды. Қандай бір атеист болмасын, Байанай қария мен жолдың аруақтарын тамақтандырады. Ешбір қалада естімейсің, тек Якутскіде ғана естуіңіз мүмкін: егер автобус қисайып адамдарды лықсытса адамдардың түгелдей Айуу-айа, кутша «Айюю-айа» деп айтқанын естисің. Күнделікті өмірде барлық якуттар мунньах («муннях») деген әжуа сөзді айтады, қысқа да нұсқа «суох», қайырымды құтқарушы үчүгэй («ючюгей») деген сөздерді қолданады… Якуттардың тілі – терістік адамдарына тән бауырмалдықтың құпия белгісі, әлемдік бейбітшіліктің мызғымастығының сенімдік символы.
Жомарт тіл, шыдамды, ұзақ жылдар бойы азап шегіп келе жатқан тіл – соңғы жүз жылдықта бізбен бірге екі рет қана еркіндікке қолы жеткен тіл. Якут тілінде өте аз сөйлейміз, көп жағдайда қорқынышқа беріліп үнсіз отырамыз. Кейде қуанған кездерімізде де үнсіздікке беріліп қоямыз – бәрін көріп, бәрін естіп отырған, бізді қолдап отырған аруақтардың көзі тиіп кетпесін дейміз. Олардың бізге, якуттарға деген көңіл күйлері құбылмалы, өте қатал және аяусыз!
Біздің үнсіздігіміз – құрғақшылықтан тақыр болған шабындықтан көз алмай отырған еркектердің үнсіздігі. Әйелдердің үнсіздігі – аштық жылдары аңшылықтан бос қайтқан күйеулерін қарсы алғандардың үнсіздігі. Адамдардың үнсіздігі – өткінші келімсектердің бірнеше ғасырлар бойы бетімізге таңба қылып: «Сендер жабайысыңдар» деуінің салдары. Ондайларға жауап беруге ана сүтімен берілген тыйым салынғандықтан: «Өзіңді қорлап сөйлеген адамға жауап беруге асықпа. Терістіктегі өмір өте қысқа әрі өте қымбат». Бетімізге қарап тұрып біздің мәдениетіміз бен тілімізді қорласа да үндемейміз. Біздің үнсіздігіміз – бала емізіп отырған ананы жаман сөзбен қорлаған екі аяқтылардың ебедейсіздігі үшін төлеген ақымыз.
Бізді шын мәнінде кім қорлай алады? Жер шарының ең суық аймағын мекендеп, оны тұрағына айналдырған халықты қандай күш орнынан қозғалтып, тірек нүктесінен жылжыта алады? Аяусыз Табиғаттың ортасында өздігін, өзіндігін сақтап қалған халықты, осы жерде өмір сүрген, осы аймақтың жері де, көгі де болған барлық ұлттар мен ұлыстардың, тайпалардың күші мен қанын бойына сіңдірген халықты, алып мұзтаулар мен алпауыт империялардың құлағанын көрген халықты, алдағы заманда халқының төбесінде талтүстік күн орнайтынын көретін халықты кім ренжіте алады?
Бұл халық әлемді өз балаларымен, олардың сұлулығымен, дарындылығымен, зерделілігімен және сүйкімділігімен, шығармашылық пен еркіндікке дайындығымен таңдантып отыр. Тіршілік әлеміне сараңдығы басым, алмазға бай елде қанша сұлу қыздар туды! Қанша жүректі, ақылды жас жігіттер ертең бүкіл әлем Якутия деп танитын елде ержетіп өсейін деп отыр. Еліміз бәріміздің атқарған ортақ еңбегімізбен, әділеттілікке деген, жеке басына пайда іздемейтін балалық сенімімен өмір сүріп жатыр. Біздің аңғалдық, күлкілі, пайда ойламайтын аңқау жомарттығымызбен бұл жерді жылыта білдік, барлық жер аударылғандарды, қашқындарды, жетім қалған барлық қаңғыбастарды қабылдадық. Біздің өлкенің әрбір адамы ежелгі якуттықтардың, аруақтардың рухының қорғауында отыр. Тағдырыңды тәрк етпе – тілді сыйлаңдар, әрбір сөздің астарында құпия алғыс та бар, сабырлы сақтандыру да бар…
Мен мынаны білемін: Біз балалық шағымыздағы кездегі, адамдардың барлығы бір-біріне бауыр саналатын елге келгенімізде, Мәңгі Алаудың жанында бізді абыройлы орын күтіп отыр. Мұздың құрсауында қатып қалған жерді ыстық лебімізбен жылытқан, үйлер соғып, ошаққа от жаққан біз емес пе. Біз жаңа ғасырға ата-бабаларымыздың, олардың шыдамдылыққа, рақымдылыққа бай қара көздерімен қараймыз. Біз якуттар, біз уранхай-сахалар ежелден келе жатқан ежелгі тілімізді үнсіз қардың үстімен осы заманға дейін жеткізе алдық. Өтіп жатқан өміріміздің сирек тыныштығын тыңдап көріңіздерші: мұхиттар бір-бірімен сөйлеседі, құрылықтар дауыстап үн шығарады, жұлдыздар жымыңдасады. Мыңжылдық мұзтаулардың асты діріл қағып Әлемге тербеліс жасауда – якут тілінің жаңғырығымен.
Қазақшалаған С.ЖҮСІП
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!