Кеше Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек облыстық коммуникациялар қызметінде ауданда 2023 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмысы туралы брифинг берді.
Әкім болғалы БАҚ өкілдеріне брифинг беруге алғаш рет келген оның айтуынша, Қармақшы ауданның бюджеті 12,7 млрд теңгені құрайды. Биылғы жылдың басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындары 2,6 млрд теңгенің өнімін өндірген. 1 шілдеге дейін 4470 шағын және орта кәсіпкер тіркелген. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 90 жобаға 740,5 млн теңге несие берілсе, 112 жоба 115 млн теңгенің грантын ұтып алған.
Ауданда шикізаттық емес секторды дамыту ісі бойынша оңды істер байқалады. Мысалы, биылдан қалмай Ақтөбе ауылында «Қармақшы құс» ЖШС өз жұмысын бастайды. Ал құны 200 млн теңге болатын «АНК-Дәулет» ЖШС-ның газоблок өндіретін шағын зауыты Жосалы кентінде салынуда. Қазір бұл жобаны іске асыруға Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 60 млн теңге несие берліген.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 258 жобаның құжаты дайындалуда. Қаражаты – 1672,1 млрд теңге. Бұдан бөлек, 9 ауыл шаруашылығы кооперативін ашуды жоспарлап отырмыз. Сауда саласын дамыту үшін жеке кәсіпкер Нағима Тоқсанбаеваның бастамасымен заманауи үлгіде сауда орталығының құрылысы басталды. ІІІ Интернационал ауылдық округінде кәсіпкер Г.Рагибова мал бордақылау алаңы мен ет өңдеу цехын салуды жоспарлап отыр. Бұл жобаны іске асыруға 2 гектар жер телімі берілді, – деді Жандос Еркінбекұлы.
2023 жылдың 1 шілдесіндегі мәліметке сәйкес, ауданның ауыл шаруашылығы өнімдері 2 млрд 899,5 млн теңгеге жеткен. 26 813 гектар егістіктің 13 770 гектарына күріш егілсе, егістікті әртараптандыру үшін 2340 гектар жерге өзге дақылдардың дәні себілген.
– Жаңажол ауылдық округіндегі «Жаңажол» ЖШС 5 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен алма бағын егіп, оның 85 пайызы көктеді. Аталған шаруашылық жабынды астына (под пленка) 2 гектар қарбыз өсіруде. Өнім тамыз айында алынады деп жоспарланып отыр. Көктемгі дала жұмыстарының нәтижесінде 3854 гектар жерге жаңа жоңышқа, 1050 гектарға жаздық бидай, 1050 гектарға мақсары, 50 гектарға құмай, 40 гектарға сүрлем жүгері және 3 гектар жерге күнбағыс дәні себілді. 5193 гектар ескі жоңышқа күтімге алынды, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ облыс әкімінің тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар бақша өнімдерімен қамтамасыз етуін қалыптастыру туралы тапсырмасына сәйкес, 392 гектар жерге бақша егістігі дайындалып, оны 881 отбасына үлестіріп берген.
Қармақшы ауданында құрылыс қарқыны артып келеді екен. Тұрмағамбет, Ақжар және Дүр Оңғар ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталса, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Т.Көмекбаев, Алдашбай Ахун ауылдарында су қабылдайтын құрылғы нысаны аяқталып, пайдалануға берілген. Осындай құрылғы тамыз айында Қармақшы ауылында да іске қосылады. Бұған дейін «көгілдір отын» тек Жосалы кентінде ғана болса, биыл Төретам кенті (73%) мен Ақай ауылына (91,2%) газ тарту жұмысы жүргізілген. 174,9 млн. теңгеге орталық аурухана күрделі жөндеуден өтуде.
Жандос Еркінбектің айтуынша, аудандағы экономикалық белсенді халық саны – 22 787 адам. Оның 21 621-сі жұмыспен қамтылған. Яғни, жұмыс істеуге жарамды халықтың 5,1%-ы немесе 1 166-сы жұмыссыздар қатарында.
Сонымен қатар, өңірлік коммуникациялар қызметінде Байқоңыр қаласындағы Қазақстанның білім стандартына көшкен мектептердің жай-күйі туралы сөз болып, ондағы жағдайды бақылап отырғандығы айтылды.
– Байқоңыр қаласында 12 мектеп болса, соның 5-еуі Қазақстанның білім стандартымен оқиды. Мектептер керек-жарақпен қамтамасыз етілген. 2022 жылы республикадағы ең үздік 100 мектептің қатарына Байқоңырдағы 2 мектеп кірді. Осыған қарап ондағы білім сапасының жақсы екенін айтуға толық негіз бар, – деді Жандос Еркінбек.
Қармақшы ауданы еліміздің ұлттық құрамасына балуандар даярлауда өте үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқаны белгілі. Бұл өз кезегінде бұқаралық спорттың кеңеюіне ықпал етуге септігін тигізетіні анық.
– Қазір ауданымызда бұқаралық спортпен шұғылданушылар 38 пайызға жетті. Оны арттыру үшін бірнеше ауылдағы спорт алаңдарын жөндеп жатырмыз. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жосалы кентінде 496,3 млн теңгеге денешынықтыру және сауықтыру кешені салынды. Алдағы уақытта осындай кешендер ІІІ Интернационал мен Дүр Оңғар ауылдарында бой көтереді, – деді Жандос Еркінбекұлы.
Әкім ауданда инфрақұрылымның жағдайы жақсарып келе жатқанына тоқталды.
– Бұл бағытта қазір іргелі істер жүріп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 елді мекендегі 21 көшенің жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жосалы кентіндегі аяқсу жолын жөндеу мен асфальт төсеуге, сондай-ақ Амангелді Иманов көшесін абаттандыруға 104,8 млн теңге жұмсалды. Елді мекендерді аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында 11 су ұңғымасын орнатуға 202 млн теңге бөлініп, қазір 9 су ұңғымасын орнату жұмысы аяқталды. Осы күндері Жосалы кентінің 19 көшесі мен Дүр Оңғар ауылының 5 көшесін жарықтандыруға 225,5 млн теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде, – деді аудан әкімі.
Биыл Қармақшы ауданының құрылғанына 95 жыл толғалы тұр. Осы айтулы датаға орай, ауданда 95 іс-шара өткізу жоспарланған.
Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!