Демократия – халық билігі.
Охлократия – тобырдың билігі.
Орта Азия елдерінің ішінде халықты демократиялық сауаттандыру, мемлекетте демократиялық институттарды қалыптастыру жағынан бірінші орынды, сөзсіз, Қырғыз республикасы алады. Бұл – 1991 жылдан бастап қырғыз елінің саясаткерлері, қоғам және мемлекет қайраткерлерімен тығыз байланыста болған менің субъективті көзқарасым ғана емес, шетелдік саясаттанушылардың да нақты бағасы. Сондықтан болуы керек, тоқсаныншы жылдардан бастап, көптеген зерттеушілер Қырғызстанды бейресми түрде «Демократия аралы» деп те атайды. 90-жылдарда шетелдік қорлар мен институттардың демократияны үйрету бағытындағы семинар, конференцияларының басым көпшілігі Бішкекте өтетін, гранттық қорлар да қырғыздың үкіметтік емес ұйымдарына оң көзбен қарайтын. Оның басты себептерінің бірі – бұрынғы коммунистік номеклатура басқарып отырған басқа елдерге қарағанда кеңестік кезеңде партия басшылығында болмаған, академик-ғалым Асқар Ақаевтің президенттігі болуы да мүмкін. Әрине, халықаралық қорлардың бұл қолдаулары белгілі дәрежеде өзінің нәтижесін де берді; қырғыздар бірінші болып президенттік-парламенттік басқаруға көшті, сайлау жүйесінің, көппартиялық құрылымның т.т. басқа елдерге қарағанда (оның ішінде Қазақ елі де бар) демократиялық сипаты басым болды.
Алайда алғашқы төңкеріс, Ақүйді бетке алған алғашқы шабуыл «зиялы президент» Ақаевқа қарсы бағытталды. Ең қызығы, бұл төңкерісті оппозиция емес, қарапайым халық жасады. Оппозициялық күштер шеруге жиналып жатқанда, ашынған халық Ақүйге атпен кірді. Осы күннен бастап қырғыз бауырларымызда өздеріне ұнамаған басшылықты қуып шығу ДӘСТҮРІ пайда болған сияқты. Айта кету керек, бұл төңкерістердің басталуы демократиялық сипатта болғанымен (бейбіт шеру, митингілер, билікке қарсылықтарын білдіру, пикеттер, т.т), аяғы сөз тыңдамайтын қалың тобырдың стихиялық іс-қимылына ұласты. Содан бері он бес жыл өтіпті, бірақ қырғыз азаматтары осы аурудан әлі де арыла алмай келеді. Өкінішке қарай, кешегі төңкеріс солардың заңды жалғасы ғана.
Бұл құбылыстың, бұл қоғамдық дерттің (ДӘСТҮРДІҢ) себебін әрбір зерттеуші өзінше түсіндіреді. Біреулер сан жылдар бойы келе жатқан территориялық бөлінісін алға тартып, оңтүстік пен солтүстіктің арасындағы бітіспес күрестің салдары десе, енді біреулері қырғыз халқының қызба мінезін айыптайды. Тағы біреулері криминалдық топтардың саясатқа араласуы десе, тағы бір тобы билікке таласқан кландық топтардың қырқысын кінәлайды. Кешегі төңкеріске талдау жасаушыларға Беларусь еліндегі дәл осындай саяси жағдай да жақсы болды; енді 50 күн көше айналып, ештеңе жасай алмаған беларусьтардың тәсілі дұрыс па, әлде бір түнде Ақүйді басып алып, түрмеде отырған саясаткерлерді алып шыққан қырғыздардың іс-әрекеті тиімді ме деген сұрақ күн тәртібіне шықты. Менің ойымша, демократиялық бейбіт шеруден басталып, Ақүйді өртке ораған әрекеттерде жоғарыдағы себептердің барлығы да бар. Бірақ басты себеп – билікке деген сенімсіздік деп ойлаймын. Мемлекеттің қолында кез келген саяси жағдайды тұрақтандырудың немесе бейбіт шешімге алып келудің нақты механизмдері болуы керек. Қырғыздарда да, мойындаумыз керек, біздерде де ондай амал-тәсілдер жоқ. Бұндай жағдайда біздің биліктің екі түрлі ғана жауабы бар. Біріншісі – құқық қорғау органдары мен тәртіп сақшыларына сүйеніп күш қолдану, екіншісі – алдап-сулап, күн тәртібіндегі сұрақтарды, олардың шешімдерін кейінге қалдырып, халықтың ашу-ызасы басылғанда, бұрынғы таз қалыпқа қайтадан түсіру. Қырғыздарда да бұл тәсіл сан рет қолданылды. 2005 жылғы төңкерісте қарулы тәртіп сақшыларының бірсыпырасы оңбай жеңіліп, таяқ жегеннен кейін халық күштен қорықпайтын болды. Ал сан рет алданғаннан соң, «көшеге шықтың ба, жеріне жеткізуге тырыс!» деген ұстаным бірінші орынға шықты. Саяси күресте сенің қарсыласың тек күштен қорқады, күшті сыйлайды, күшпен ғана санасады.
Қырғыз төңкерісінің басты кемшілігі және басты қатері – көшеге шыққан халықты кез келген бағытқа алып кететін топтар мен басшылардың, бір күндік көсемдердің көптігі. Олардың әрқайсысының қастарында өздерін қолдайтын, туларын көтеріп, ұрандарын қайталайтын топтары да баршылық. Әрине, көзі ашық азаматтардың көпшілігі, танымал саяси тұлғалар билік жүйесін жаңарту, не жаңа сайлау өткізу мәселесін қойып, бір ұранның төңірегінде топтастыруға ұмтылады. Алайда билік арқылы байлыққа ұмтылатын жоғарыдағы кландық топтар өрекпіген жандарды өз ырықтарына көндіріп, өз бағыттарына пайдалана біледі. Осы жолы да алаңға біріге шыққан адамдар Ақүйді алып, биліктің жеңілісін көргеннен соң ғана… өздерінің әртүрлі бәсекелес топтан, бәсекелес саяси партиядан екендіктері естеріне түсіп, бөліне бастады. (Мүмкін, жеңіліс тапқанда, әлі де бірге болар еді…). Қазіргі қырғыз жастарының осылардан шаршағаны соншалықты «люстрация заңын қабылдап, бұрынғы билікте, саясатта жүргендерді саяси-қоғамдық мәселеге мүлдем жолатпау керек» деген ұранды күн тәртібіне қойыпты. (Мүмкін, бізге де осындай заң керек болар).
Бүгінгі қырғыз билігі де, күнде таяқ жеп, жасық болып қалған бейшара, әлжуаз баланың күйінде сияқты. Орталық сайлау комиссиясы өздері санаған, өздері өткізген, өздері дайындаған сайлау нәтижесінен бір күннен кейін (!) өздері бас тартып, сайлау нәтижесін заңсыз деп тауыпты. Бұл не деген масқаралық? Одан да толық отставкаға кеткендері дұрыс болар еді. Ал мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің түрмесінде жатқан тұтқындарды халықтың кәрінен қорыққан билік босатып жіберіп, ұялғандары болу керек 11 жылға сотталған бұрынғы президентті «үй қамаққа» шығаруға шешім қабылдапты. Ал төрт күн бойы көрінбей кеткен Президент есін енді жиып, төтенше жағдай жариялап, астанаға әскер кіргізіпті (Айта кету керек, халықаралық заң бойынша республиканың қарулы күші тек қана шеттен келген жаумен соғысып, отанды қорғау қызметін атқарады. Ешқандай елдің өздерінің ішкі мәселесіне армияны қолдануға құқығы жоқ. Бұл – ішкі істер әскерлері не ұлттық гвардияның міндеті). Бір жағынан, халықтың күшіне, сенімнен шыққан билікке өз дегенін істеткеніне «бәрекелді» дегің келеді, екіншіден, тобырдың, көптің диктатурасы – ең қорқынышты, болжап білуге болмайтын, көп жағайда қақтығыстар мен қанды оқиғаларға әкелетінін де естен шығармау керек. «Революцияны романтиктер ойлап табады, фанатиктер жүзеге асырады, ал жемісін – оңбағандар көреді» деген қанатты сөз бар, егер оны қазіргі жағдайға бейімдесек, «революцияны айғайшылдар ойластырып, ақымақтар жүзеге асырады да, жемісін пысықайлар көреді» деуге болады. Бұл сөздің шындығын қырғыздар бізден де жақсы біледі деп ойлаймын; 2005 жылғы «қызғалдақ төңкерісінен кейін билікке Бакиев келіп, ақ қалпақты көршілеріміз «Ақаевтан құтылдық!» деп той жасаған. Екі жыл өтпей жатып, «мынау пәлені басымызға қайдан алып келдік» дейтін болды, ал тағы екі жылдан кейін халық тағы да алаңға шығып, оларға Бакиев оқ атып 80-ге жуық азамат қаза тапқан (Сол қанды қолбасшыны халық алдында сотқа тартудан, қатаң жазадан құтқарған – қазақ билігі болды. Қырғыз бауырлар бұған әлі күнге дейін ренішті екенін ұмытпалық…). Қысқасы, стихиялық төңкерістен соң, билікке даналардан гөрі, ең көп айғайлаған, шолақ белсенділер көбірек келеді екен.
Осындай оқиғалардан шаршаған өркениетті елдер (олардың да тарихында талай төңкерістердің болғаны белгілі) халық пен биліктің арасы бөлініп, саяси тығырыққа тірелген уақытта бейбіт түрде билікті ауыстырудың жолдарын, механизмдерін заңдарына енгізіп қойған. Мысалы, Италияда кейбір кездерде жыл сайын немес екі жылда бір үкімет ауысып отырады. Халыққа ұнамаған немесе әлеуметтік жағдайды, экономиканы өздері уәде берген деңгейге көтере алмаған үкімет толық отставкаға кетеді де, жаңа үкімет тағайындалады немесе Парламент қайта сайланып, жеңген саяси партия үкімет құрамын қайта жасақтайды. Ал кейбір елдерде халық пен биліктің арасы алшақтаған уақытта, төңкеріске апармай-ақ, Президент үкіметті отставкаға жібереді. Өкінішке қарай, қырғыз бауырларда да, бізде де бұндай механизм қарастырылмаған.
Демократиялық бағытта басталған төңкерістің соңы сұйыла бастаған сияқты. Биліктің бес сағатта сынғанын көрген демократиялық топ, бір сәттің ішінде тобырға айналып, бір-бірін мойындамайтын екі-үш топқа бөлініп, лауазым мен қызмет орындарына таласа бастады. Бішкекте мэрдің орнына екі топтың өкілі таласса, Премьердің лауазымына да қос «кандидат» түсіп, лауазым таласы басталыпты. Үйлестіру Кеңесі де біреу емес – екеу… Осы дүрмекті пайдаланып, кейбір қылмыстық топтар немесе ашынған тұрғындар жергілікті жерлерде «кіші революция» жасап, өндіріс орындарын экспропрациялауға да көшті деген ақпарат та тарап жатыр. Меніңше, қырғыздың болашақты ойлайтын, сындарлы саясаткерлері мен көзі ашық азаматтарының бүгінгі басты міндеті – революцияның нәтижесін (сайлауды қайта өткізу талабы орындалды) стихиялық айғай-шу мен басбұзарлық әрекеттерге айналдырып жібермеу. Егер топтардың, партиялардың арасындағы бәсекелестік, бір биліктің екіншісінен, бұрынғы биліктің қазіргісінен кек алуына ұласса, Қырғыз жерінде тағы да қан төгілуі мүмкін.
Дос КӨШІМ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!