Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Гүлшара Әбдіқалықова: «Үй жануарлары автожол үстіне жиі шығады»

01.10.2021, 15:00 414

Кеше аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыс әкімдігінің алқа отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма мен департамент басшылары және онлайн режимде қала, аудан әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе ретінде Қызылорда облысында жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы негізгі жағдайлар талданды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетов пен облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов өңірдегі жол-көлік оқиғаларының деректері мен оқыс жағдайларды болдырмау бағытына тоқталды.

Талдау барысында өткен жылғы жол көлік оқиғасы мен ағымдағы жылдың 8 айындағы жол көлік оқиғаларымен салыстырғанда аса бір төмендеушілік байқалмайтынын көруге болады. Жыл басынан бері 248 жол көлік оқиғасы болып, 56 азамат қайтыс болған. Ал, 313 жолаушы жарақат алғаны белгілі болды. Талдау көрсеткендей, жол көлік оқиғаларының басым бөлігі қарсы бағытқа шығу, маневр ережесін бұзу, жылдамдық асыру, арнайы белгіленген жаяу жүргіншілер жолынан өту ережесін бұзу және арақашықтықты сақтамау салдарынан орын алған.

Қазіргі кезде жол көлік оқиғасы жиі орын алатын Сырдария және Жалағаш аудандарының облыс орталығымен байланыстыратын ұзындығы 91 шақырымды құрайтын «Қызылорда-Жалағаш» жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы 35 шақырым жол бөлігі жөндеуден өткізілетін болады.

Басқарма басшысының айтуынша, үй жануарларының қараусыз жол үстіне шығу фактілері төмендемей отыр. Ағымдағы жылдың 8 айында 42 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 29 адам қаза болып, 51 адам әртүрлі дене жарақатын алған.

Мұнымен қоса, жол көлік оқиғаларының себептері зерделеніп, жол жүрісін реттейтін техникалық құрылғыларға 947 рет тексеру өткізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша жауапты мекемелерге 1152 нұсқама берілді. Кемшіліктерге жол берген 158 лауазым иелеріне 4 млн 608 мың айыппұл салынып, 100 % өндірілген.

– Мен аудандарға іссапармен жолға шыққан уақытта қараусыз қалған үй жануарларының жол үстіне шығу жағдайларын жиі байқаймын. Мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін жауапты басшылар жұмыстың жүйелі жүруіне күш салуы керек, – деді облыс әкімі.

Облыс әкімі жол жүру ережелері мен талаптарын сақтау мақсатында бірлескен жұмыстарды жалғастырып, халықты заңсыз тасымалдап, салық төлеуден жалтарып жүрген көлік иелеріне тиісті шара қолдануды тапсырды. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы профилактикалық іс-шараларды жалғастыру қажет екенін айтып, облыс орталығы аумағында автобус аялдамасындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көлік құралдарының соғуын болдырмау үшін жол блокираторлардың болуын қарастыруды жүктеді. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облысы филиалы басшысына республикалық маңызы бар жолдардағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бағытында тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Жиында көтерілген тапсырмалардың орындалу барысы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовтің бақылауында болады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов негізгі мәселелерді тізбектеді.

Жыл басынан бері департаментке тұтынушылардың құқықтарының бұзылуы туралы барлығы 196 өтініш келіп түскен. Өтініштерді заңға сәйкес қарау қорытындысымен 146-өтініш қанағаттандырылды, 37-өтініш түсіндіріліп, 13-өтініш басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Нәтижесінде, тұтынушыларға барлығы 2,1 млн теңгенің қаражаты қайтарылуына ықпал жасалған.

Аймақ басшысы тұтынушылардың құқықтарын ескеруде нақты мәселелерге мән беріп, тұрғындардың сын-ескертпелерін ескеру қажеттігін атап өтіп, жауапты сала басшысына бірқатар тапсырмалар берді.

– Тұтынушылардың көтерген мәселелерін заң шеңбері аясында оң шешілуіне көмек көрсетіліп, тұтынушы құқықтарын қорғау бағытында түсіндірме жұмыстар жүргізілу қажет. Сондай-ақ, тұтынушы тұрғындардың үйлерінде орналасқан газ есептеуіш құралын уақытылы жаңартып отыру жөніндегі ескертпе хабарламалар жауапты мекеменің әлеуметтік желілерінде, телеарналарда тұрақты түрде жариялансын. Тапсырмалардың орындалуын бақылау орынбасарым Нұрлан Тілешевке жүктеледі, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: