Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғаламдық саясаттың тәуекелдері һәм қазақтың мүддесі

20.08.2020, 11:00 625

Мойындау керек, біздің қоғамдық санада үлкен саясатқа деген қызығушылықтың деңгейі төмен. Оны белгілі ретте түсінуге де болар: күнделікті тіршіліктің, бала-шағаны өсіріп-жеткізудің қамы, тұрмыс тауқыметі – әдетте көпшілік бірінші кезекте осыны ойлайды. Тек соңғы жылдары ғана елдегі әлеуметтік дерттер асқынған сайын, өзінің өміріндегі қиыншылықтарды солақай саясатпен байланыстырған азаматтардың саны өсіп келеді. Кеш те болса бұны жақсы үрдіске балауға болады. Айналып келгенде қоғамның өзі саяси істерге белсене араласып, оны бақыламайтын болса, теңсіздік, әділетсіздік, жемқорлық, жауапсыздық секілді келеңсіздіктер сақтала бермек.

Бірақ аталған жағдай әдетте тек ішкі саясатқа ғана тән. Ал енді қоршаған әлемде орын алған түйткілдерге, олардың Қазақстанға тигізер зардабын ұғынып бағалауға келгенде ондай сергектік байқала бермейді. Керісінше, осы сыртқы саясатты қойшы, қайтеміз оны, одан да ішкі былықтарымызды айтсаңшы деген уәждер әлеуметтік желілерде жиі ұшырасады.

Рас, кез келген мемлекет не қоғамның ішінде түрлі ойлар, ұстанымдар, түрлі мәселелерге деген әрқилы көзқарастар табылатыны заңды. Сөйте тұра сол елді ел ететін жалпыға ортақ біріктіруші құндылықтар болады. Соңғылардың қатарына әдетте тәуелсіздік, тұрақтылық, ұлттық болмыс секілді ұғымдар жатады. Себебі олардан айырылған орта, мейлі жүз жерден дарынды немесе бай болсын дербестігінен айырылып, ерте ме, кеш пе тақырға отырады. Ұлт ретінде жойылып кеткен, тілі мен ділінен мақрұм қалған, бөгденің құлына айналған ондай халықтар аз емес.

Ең сорақысы,  аталғандай тәуекелдер өркениетті саналатын ХХІ ғасырдағы Адамзаттың өмірінде әлі сақталып отыр. Тіпті соңғы он-жиырма жылда бұрынғыдан бетер ушыға түскен. Бұған жер бетінің түкпір-түкпіріндегі шиеленістер, санкциялық соғыстар, дінаралық қақтығыстар дәлел.

Тіпті қарап отырсақ, соңғы айлардың өзінде әлемдегі саяси жағдай күрт шиеленісіп кетті. Оның арасында Батыс пен Қытай арасында текет­ірес өршелене түсті. Және Бейжіңге қарсы АҚШ санкциялары істің басы ғана. Кей сарапшылардың бағалауынша бұл кезінде Америка мен Кеңес Одағы арасындағы қырғиқабақ соғыстың ендігі ретте Қытаймен арада жандануы болып табылады. Екі алып державаның бақталастығы қалған әлемге өзінің саяси, экономикалық, идеологиялық, қаржылық тұрғыдағы келеңсіз әсерін тигізетіні қазірден түсінікті.

Басқа қатерлердің қатарында Әзербайжан мен Армения қарулы қақтығысқа бой алды­руын жатқызуға болады. Сондағысы алдыңғысын жаңа импершіл саясатқа көшкен Түркия толықтай қолдаса, соңғысына алыпшылдық дертіне әбден шалдыққан Ресейдің әмірі жүріп тұр.

Өз кезегінде Үндістан мен Пәкістан қайта өзара  соғыс отын тұтатуға шақ. Аталған елдердің жаппай қырып-жою қаруына иелік етуі Оңтүстік Азия ғана емес ғаламдық қауіпсіздікке  қауіп  төндіруде.

Тіпті соңғы уақытқа шейін ең жақын одақтас саналып келген славян елдері, бір жағынан Ресей, екінші жағынан Украина мен Беларусь бір-біріне ауыр айып тағуда, жарияланбаған гибридтік соғыстың айла-амалдарын қолдануда. Ал енді таяуда ғана Белоруссияда өткен президенттік сайлаулардан кейінгі дүрбелең бұл елде ұзақмерзімді тұрақсыздыққа әкелуі және Ресей мен Еуропа арасындағы текетірестің кезекті қоздырушысына айналуы әбден ықтимал.

Бұның бәріне Ливияда, Йеменде, Сирияда толастамай отырған соғысты, Сауд Арабиясы бастаған сунниттік топ пен шиизмнің жалауын көтерген Иранның бақталастығын, Украина, Венесуэла мен Ауғанстандағы шиеленісті жағдайды, Бейруттегі жойқын жарылыстан кейін Ливандағы саяси дағдарысты қосыңыз. Сондағысы халықаралық қатынастарға азулылар дәуірі оралған.

Өз алдына сан алуан аймақтық және ғаламдық сипаттағы түйткілдерді реттеуші тетіктерді, БҰҰ-дан бастап, әлемдегі күш иелері пысқырып жатқан жоқ. Керісінше кезінде Американың Таяу Шығыста, Латын Америкасында жүргізген менменшіл ұрда-жық саясатын бүгінде бірқатар басқа державалар дағдыға айналдыруда. Ол аздай Ресей секілді импершіл ойыншылар өзі қол қойған келісімдерден бас тартып, көршілеріне сес көрсетіп отыр. Ал енді Путиннің 1945 жылдағыдай Екінші Ялта жиынын ұйымдастырып, бес ғана алып мемлекет (БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері: АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей және Қытай) қалған әлемді өзара бөліске салып, кім қай аймақты билейтінін шешу жайлы ұсынысы кімді де шошындыратыны анық.

Жоғарыда аталған ірілі-ұсақты елдер өзінің дегенін іске асыру жолында одақтас іздеп, басқ­а мемлекеттерге қысым жасайтыны түсінікті. Біздің елімізге келгенде де кезінде осындай қитұрқ­ы әрекеттерді Ресей, Қытай, АҚШ, басқалары қолданып бақты. Шама-шарқынша ондай­ күдікті жобаларға Қазақстан көпшілік жағдайда бой алдырмай келеді. Десе де халық­аралық немесе аймақтық бәсекелестік өршіген сайын аталған қысым да күшейе түсетін түрі бар.

Осындай қиын жағдайда Қазаққа не істемек керек, кімнің жағын таңдаған жөн? Ғаламдық саясаттағы алыптардың қуыршағына иә болмаса жемтігіне айналмаудың тиімді амалдары қандай? Тек сауатты дипломатияға жүгіну толыққанды кепілдеме бола ала ма?

Әу баста саясат атаулы, оның ішінде сырт әлеммен байланыстар жүйесі – бұл прагматикаға негізделген мүмкіндіктер алаңы. Біреуге ұнасын-ұнамасын айналаңдағы түрлі үрдістермен санасуға мүжбүрлейтін, сырт күштермен ықпалдастықта өз ұпайыңды жібермеудің өнері бұл. Ал өзіңді саяси, экономикалық, әскери басқа­ да әлеуеті бойынша он, жиырма есе орап алатын сырт күштермен байланыстарда сол көзделген ара-салмақты сақтап қалу қиынның қиыны.

Осы орайда бірінші кезекте ойға келетіні – байсалды, кей кездері бейтарап сыртқы саясатты жүргізу. Қазақстан тәуелсіздігін енді алғанда еліміз басымдықты көпвекторлы дипломатияға береді деп шешілді. Оның дені анағұрлым көп елдермен араласу, сондағы әлдекімнің ықпалы күшейіп бара жатса, ортаға басқа ойынш­ыларды енгізу арқылы таразының басын тең ұстауға келіп саяды. Аталған төңіректе бірталай жөнді істер тындырылды. Алайда 2000 жылдардың басынан бері әлгі қағидат сақталмай, көбіне Ресей мен Қытайдың ығына жығылу байқалады.

Демек, ТМД, Азия, Еуропа, Америка, мұсылман әлемімен байланыстарды үдету, есесіне Мәскеу мен Бейжің алдындағы саяси, экономикалық, идеологиялық тәуелділіктен арылу ерекше мәнге ие. Соның ішінде тарихи, рухани, мәдени тұрғыдан өзімізге жақын елдермен қоян-қолтық араласу өте өзекті. Әңгіме ең алдымен Түркітілдес қауымдастық пен Орталық Азиядағы көршілеріміз жайында. Сол арқылы өзімізде жетіспей жатқан әлеуетті молайту, сырт күштердің «бөліп ал да билей бер» дегенді көздеген залым әрекеттерінің жолын кесуге мүмкіндік туындайды.

Ал ең басты алғышарт – кез келген сыртқы қысым мен тәуекелдерге төтеп берудегі жекелеген мемлекеттің іштей бірлігі мен ынтымағы. Алауыздыққа бой алдырғандық ыңғайлы сәтті күтіп отырған агрессор үшін әлдебір бұқаға қызыл шүберек көрсеткенмен бірдей. Кезінде осындай алаңғасарлықтың құрбандарына Қырым мен Донбасынан айырылған Украина, Абхазия мен Осетиядан қол үзген Грузия, тас-талқаны шығып мемлекеттіктен жұрдай қалған Ливия айналған еді. Әрине, кез келген елде, оның ішінде Қазақстанда демократия, экономика, әлеуметтік теңдік, басқа мәселелермен байланысты  түйткілдер мен қиындықтар, ресми­  саясатқа  қарсы  наразылық жетіп ар­тылады. Мәселе ішкі болсын, сыртқы болсын түйт­кілдерді билік пен қоғам болып дұрыс бағала­п, кері әсерін дер кезінде залалсыздан­дыруда  жатыр. Мәселе істі насырға шаптырмай, тәуелсіздік пен тұрақтылыққа нұқсан келтірмей еңсере алуда. Бұл – билікке де, қоғамға да зор жауапкершілік жүктейтін, ашуды ақылға жеңгізе­  алуды  талап  ететін  тағдырлы  міндет.

Расул  ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: