Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЕГІНЖАЙ: ПӘРМЕН мен ДӘРМЕН

09.04.2020, 10:56 584

Тышқан жылы тыныштық кетті. Елдегі ахуалды­ң жай-жапсары жалпыға мәлім. Мемлекет басшысы қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, коронавирус инфек­циясы мен дағдарысқа қарсы күресті күшейту керектігін тапсырды. Сөйлеген сөзінде «Біз шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып отырмыз. Кәсіпкерлерге көмек көрсетуі­міз керек. Өйткені, олар – экономикамыздың тірегі. Әкімдіктер жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюы керек. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағ­дарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге­ бөлуді тапсырамын. Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, Үкіметке жанар­майдың нарықтық бағасын он бес пайызға­ арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатыла­тын болады. Жалпы, осы айтылған ша­рала­р қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар мен отандық бизнесті қолдау үшін керек. Мұның барлығы коронавирус індетінің залалын тезірек жоюға әсер етеді деп сенемін!» деп атап өтті.

Ендігі кезекте президент пәрмені жергілікті жерде қалай іске асырылып жатыр? Жылда күріштен тау тұрғызып, рекорд жаңартуды әдетк­е айналдырған қызылордалық диқандар бұл тығырықтан қалай шығады? Әкімдік нендей шараларды қолға алды? Осы сауалдар төңірегінде облыстық ауыл шаруашылығы басқарм­асына сұрау салған едік. Ресми органның­ мәліметіне сүйенсек, биыл облыста 183,1 мың гектар жерге ауыл шаруа­шылығы дақылдарын орналастыру жоспа­рланған екен. Атап айт­қанда, дәндi дақылдар 97,8 мың, майлы дақылдар 6 мың, малазықтық  дақылдар 61,6 мың, картоп, көкөнiс, бақша 17,7 мың гектар­ды құрайды. Ал Сырдың басты бренді күрiштің  көлемі – 88,2 мың гектар.

Дәл қазір сырбойылық диқандар көктемгі дала жұмыста­рына  кірісіп  те  кеткен.

– Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері  үшін көктемгі дала және егін егу жұмыстарына қажетті жанар-жағармай, қосалқы бөлшек, минерал­дық тыңайтқыштар және тұқым сияқты­ қажеттіліктерді облыс аумағында тыңайтқ­ыштар мен тұқым сатушылардан сатып алу, тасымалдау жұмыстары күнделікті жүруде. Егіске қажетті минералдық тыңайтқыштар мен тұқымдық материалдар толық қамтамасыз етілді, – деді жауапты басқарма.

Ал Сыр салысы 20 сәуірден кейін себілмек. Жергілікті билік бұл тұрғыда айтарлықтай проблем­а  жоқ  дейді.

Мемлекет басшысы мәлімдемесінде облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін көктемгі дала жұмыстарына бөлінген дизель отынының бағасын нарықтан 15 пайызға арзанда­туды  тапсырған  еді.

– Осыған сәйкес, алдын ала есептеулер бойынш­а сәуір және мамыр айларына бөлінген 10750 тонна дизель отынының бағасы әр литрге 162 теңгеге дейін арзандап, шаруашылық құрылымдарының тек дизель отынына кететін шығындарын орташа есеппен 170 млн теңгеге дейін үнемдемек. Бұл өз кезегінде, егінмен айналы­сатын орта және шағын шаруа қожа­лықтарына айтарлықтай қолдау болатыны сөзсіз, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масы басшысының міндетін атқарушы Сейілбек  Нұрымбетов.

Сонымен қатар, редакцияға берген жауабында «Көктемгі егін егу жұмыстарын мерзі­мінде атқару мақсатында «Кең дала» бағдар­ламасы арқылы жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыздан аспайтын несиелер үшін бюджеттен барлығы 70 млрд теңге қаралып отыр. «Аграр­лық несие корпорациясы» Қызылорда филиалымен көктемгі дала және егін егу жұмыста­рын несиелендіру шаралары атқа­рылуда. Бүгінде несиелер бойынша кепіл шартта­рын тіркеуге байланысты «Азаматтарға арналған Үкімет» АҚ Қызылорда филиалы мен аудандардағы бөлімшелері арқылы қызметкерлер бөліп, арнайы құжаттарды қабылдау мәселесі шешімін тапты. Қазіргі уақытта аграрлық қаржы институттарымен рәсімделген құжат­тарды тіркеу басталды» деп хабарлады.

Биылға бекітілген ауыл шаруашылығы дақыл­дарын тұрақты суаруға 4,2 млрд текше метр су қажет көрінеді. «Қайбір жылы облыста су тапшылығы айтарлықтай сезілді. Биыл мұндай мәселелер туындамай ма?» деген сауалым­ызға:

– Сырдария  өзеніндегі  судың  жағдайы   2020 жылғы 2 сәуірдегі мәлімет бойынша Шардар­а су қоймасына жоғарыдан секундына 459 текше метр су түсуде. Қоймадағы су көлемі 4,9 млрд текше метрді құрап, төменге секун­дына 150 текше метр су тасталуда. Көксарай су реттегішіне 2 млрд текше метр су көлемі жиналып, бүгінгі күнге Шардара мен Көксарайды қос­қанда 6,9 млрд текше метр су бар, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,5 млрд текше метрге кем. Су тапшылығының алдын алу үшін күріш егісінің көлемі оңтайландырылып, суды аз қажет ететін (майлы, малазықтық, картоп, көкөніс, бақша және т.б.) ауыл шаруашы­лығы дақылдары  егілетін  болады, – деді  ауыл  шаруашылығы  басқармасының  өкілі.

Бұл мәселелерді шешу үшін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жауаптыларға тиісті шараларды  қабылдауды  тапсырыпты.

Жаһанды  жайлаған дерттің дауасы табыл­ған жоқ. Әлемдік дағдарыс та бір бүйірден қысып барады. Бұған қарамастан пәрменге дәрменін  көрсеткен Сыр диқандары көктемгі дала  жұмыста­рына  қызу  кірісті. «Егін салғанда келісім болса, Қырман басында керісу бол­майды»  дейді  ел. Егініміз  бітік  шықсын!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: