Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Думаға бара жатқан жоқсың ғой»

07.02.2023, 18:15 398

HALYQLINE.KZ

Соңғы уақытта, сайлау дүбірі естіле бастағаннан кейін бе, осы бір әділетсіз де қарақ додаға түсуге ниет білдірген, бірақ қазақ тілін толық меңгермеген не мүлдем білмейтін үміткерлер туралы сан түрлі пікір әлеуметтік желіні жаулап алған сияқты. Біреулері «ол – нағыз азамат, бізге оның қазақ тілін білген-білмегені емес, шындықты шыңғыртып айтатыны ғана керек» десе, енді біреулері «мемлекеттік тілді білмеген адам депутат болмауы керек» деген ұстанымынан таймайды. Әсіресе, бұл пікірталас блогер-журналист Динара Егеубаева мен блогер, қоғам қайраткері Арман Шораевқа және талай шөлден жүгіріп өтіп, атын шығарған Марат Жыланбаевқа байланысты қызу көрініс беріп, таласқа ұласты. Екі жақ та тоқтар емес. Дәлелдері таусылған кейбіреулер «идеялық қарсыластарын» қаралауға да барып қалыпты. Кейбіреулер «қазақ тілін білу керек» деген талапты қолдағандарды «жаудың» қатарына кіргізіп, блогерлерді «депутаттыққа өткізбес үшін» тіл мәселесін көтеріп жатыр деген жалаға дейін барыпты. Енді біреулер «осы қазақ бірінің артын бірі шұқымаса, отыра алмайды» деп, бар пәлені ұлттың менталитетіне аударып, арабидің рөлін ойнауға кірісіпті.

Меніңше, үміткерлердің, демек, депутаттардың, мемлекеттік тілді білу қажеттігі немесе білмеуі – осыншама дау тудыратын, аса күрделі мәселе емес. Әрине, әр адамның өз пікірін жеткізуге толық құқығы бар, бағасын, егер жоғарыдағы адамдар сайлауға түсе қалса, халық береді. (Бірақ халықтың берген бағасын өзгерте алатын сайлау комиссиялары бар екенін де ұмытпайық…) Меніңше, мәселе оппозициялық көзқарастағы, бірақ қазақ тілін білмейтін адамдарды қолдау керек пе, әлде жоқ па деген сұрақтың төңірегінде жатыр. Бірінші топ билікке қарсы көзқарас ұстанған, оларға сыни пікірлер айтып жүрген жандарды қазақ тілін білмегені үшін айыптаудың қажеті жоқ деп санаса, қазақ тілін қолдайтын топ «мемлекеттік тілді білмейтін жандарды билікке (оның ішінде заң шығарушы билікке) жібермеу қажет деп есептейді. Әрине, бұл жерде бірінші топтың «оппозициялық кандидаттардың» аяғынан шалу үшін қазақ тілінің мәселесін көтеріп жатыр» деген пікірі сын көтермейді. «Парламент қазақ тілінде сөйлеуі қажет», «Заң шығарушы органға мемлекеттік тілді білетін адамдар баруы керек» деген талаптар – тәуелсіздіктен кейін-ақ шыққан, жыл сайын айтылып келе жатқан «ескі» талаптардың бірі. Бұл жерде үміткерлердің «оппозицияшыл» не «билікшіл» болуы ешқандай рөл атқармайды. Қысқасы, бірінші топтың өз үміткерлерін қолдау үстінде артық сөйлеп, екінші топқа жала жапқаны саяси мәдениетсіздіктің көрінісі ғана.

Марат Жыланбаевтың әлеуметтік желідегі орыс тілінде жасаған мәлімдемесіне қатысты «осы адам не айтып жүр?» дегеннен бастап, «қазақша сөйле, қазақққа депутат болғың келсе! Сыйлай біл қазақты!» деген қатаң талап пен «Мынадай орысқұлдарды депутат қылуға қарсымын!» деген кесімді пікірлерге дейін кездестірдім. Бірақ маған ұнағаны – «Көкем-ау, тілің қайда, Думаға бара жатқан жоқсың ғой?!» деген ең қарапайым, ең бір дәлелді, талассыз ақиқатқа негізделген пікір болды. Көңіл бөлетін тағы бір мәселе – бұл сыни көзқарас өзге ұлттың өкілдеріне емес, өзіміздің қаракөздерге бағытталуда. Қысқасы, олардың осы күнге дейін өздерінің ана тілін білмеуін, мемлекеттік тілді менсінбеуін (егер бұл 93-95 жылдары болса, әңгіме басқа. Ол уақытта «қазақша үйренуге енді кірістім, ертең сайрап кетемін» деуге болар еді. Ал отыз үш жылдан кейін, оларға не айтуға болады?..) қазақтілді қауым енді кешірмейтін сияқты. Өзге жұрттың өкілдері бір ауыз қазақша сәлем берсе, марқайып қалатын, сол бір ауыз сөз айтқан жанға жылыұшырай қалатын қазақ, «нан сұрап жерлігі» бар бөтен ұлттың адамын төбесіне көтеретін қазақ өз ұлтына келгенде ренішін жасыра алмайтыны рас. Және бұл дұрыс та. Ана тілімізді өзіміз сыйламасақ, өзіміз қолданбасақ, кімге айтып, кімге өкпелемекпіз, кімдерден талап етпекпіз? Біз Рубиконнан өттік. Отыз үш жылдан кейін өзге тілде, оның ішінде біздің ұлттың барлық құндылықтарын жойып жіберуге шақ қалған, екі ғасыр отаршылдықта ұстаған елдің тілінде сөйлейтін жандардың заң шығарушы билікке бармақ болуы – өте ыңғайсыз және, ашығын айтайық, ана тілінің болашағы үшін қауіпті мәселе. Меніңше, жалпақшешейлікті қоятын уақыт болды. Тағы отыз жыл «онда тұрған не бар» деген сөзбен жүрсек, тілімізден толық айырылып қаламыз. Меніңше, тек қазақ ұлты емес, заң шығарушы, атқарушы билікке баратын барлық азаматтың мемлекеттің тілін білуі ең басты міндет болуы шарт. Егер оны орыстілді билік жасамайды екен, қазақтілді қоғам жасауы керек. Егер осы талап, осы ұстаным биылғы сайлаудан басталса, нұр үстіне нұр болады. Демек, үміткерлермен болатын кездесулерде бірінші қойылатын сұрақ та осы болуы керек.

Түсініп отырмын. Енді «осы талаптың көлеңкесінде билікке қарсы белсенділер де өтпей қалатын болды ғой» деген сұрақтың туатыны анық. Ақымақ сұрақ. Осы билікпен жағаласатындар тек орыстілді азаматтар деп ойламаңдар. Кешегі Алаштың арыстарынан бастап, Желтоқсан көтерілісіне шыққандар да, Шаңырақ шайқасында сотталып, Жаңаөзенде атылғандар да – қазақтілді азаматтар! Былтырғы «Қаңтар оқиғасына» қатысқандар, қаза тапқандардың да тоқсан тоғыз пайызы – қазақ. Саяси-қоғамдық аренада Тәуелсіздік үшін күрескендердің де барлығы дерлік – қазақ азаматтары. Әңгіме, өзімізді төмендетіп, өзгелерді көтеруде де емес. Бұл – әсіреұлтшылдық емес. Бұл, ең бастысы, «оларды сайлауға түсірмеудің» сылтауы да емес.  Бұл – олардың қазіргі істеп жатқан жұмыстарын жоққа шығару да емес. Динараның қаңтар туралы, қаңтардың шындығын халыққа жеткізу туралы атқарған жұмыстарын жоққа шығаруға болмайды, ал Арманның отты пікірлерінің, сындарлы сындарының талай азаматты оятқаны анық. Бірақ бәріміз бір нәрсені жақсы түсінейік. Сайлауға түсіп жатқан жандарды қолдау шартының бірі, оның қазақ тілін білуі – қазақ тілін сақтап қалудың, оны өркендетудің, оған қажеттілік жасаудың бір жолы ғана. Билікке мемлекеттік тілді білмейтін жандардың келмеуі – барлық қазақ қауымы үшін үшін ең басты мәселе. Ал олардың келуі – бұрынғы дүбәра тілдік жағдайдың сақталып қалуы. Олардың келуі, өкінішке қарай, орыс тілінде сөйлейтіндердің қатарының көбеюі. Қуат ініміз, Руза қарындасымыз, тағы да осылар сияқты мыңдаған жан қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартып, орысша сөйлеген азаматтарды дұрыс жолға сала алмай, бастарын тауға да, тасқа да ұрып, орыстілді билік тарапынан жазаға тартылып жатқанда, орыстілді үміткерлердің заң шығарушы органға баруын қолдау ақылға сыймайды. Екіншіден, қазақ тілін білмейтін жандар, қанша оппозициялық бағытта болса да, тілдік мәселе жөнінде орыстілді биліктің қатарында тұрады.

Соңғы уақытта, орыстілді жақсы маман, жақсы оппозициялық бағыттағы азаматтардың іс-әрекеттерін қолдаумен қатар, оларды билікке тықпалау, билікке ұсыну бағыты да көзге түсе бастады. (Мұхтар Жәкішовке деген көзқарасты есімізге түсірсек жеткілікті). Меніңше, бұл бағытта да принципті бір ұстаным болуы керек. Мүмкін, жақсы полицейлерді Германиядан, жол салатын жұмысшыларды Қытайдан, ал депутаттарды Англия не Америкадан алдырғанымыз дұрыс шығар. Неміс полицейлері пара алмайды, заңның әр бабын Құран сөзіндей көреді. Қытайлақтар таңның атысынан күннің батысына дейін белдерін жазбай жұмыс істеп, біздің бес жылда салатын жолымызды бір жылда дайындап береді. Ал ағылшын, америкалық депутаттар Әділетті Қазақстанның әділ заңдарын дайындап, әділетті қоғамның іргетасын қалайды. Олар да қазақ тілін білмейді, бірақ өз мамандықтарының шебері. Алайда, ешбір есі дұрыс мемлекет өзінің мемлекетінің тілін білмейтін, өзінің азаматтарымен қарым-қатынасқа түсе алмайтын, мемлекет құраушы қазақтың тарихын, әдебиетін, мәдениетін меңгермеген «жақсы маманды» билікке алып келмейді. Билікке алып келмек түгіл, азаматтық та бермейді! Әрбір ел өзінің қотырын өзі қасиды. Қазақ еліне қызмет етеміз деген әрбір азамат, біздерге деген ренішін жинап қойып, осы талассыз шындықты мойындай білуі керек.

Орыстілді үміткерлерге, осы уақытқа дейін шетелде министр қызметін атқарған жалғыз адам, сыртта жүрсе де, қазақтың мақтанышына айналған Жәмила Стехликованы үлгі есебінде ұсынар едім. Ол Чехияның Аз ұлттар ісі жөніндегі министрі болды. Кейін оған Мәдениет министрі қызметін ұсынғанда, «Мен чех тілін бір адамдай білемін, бірақ мәдениет министрі деңгейінде меңгердім деп айта алмаймын» деп лауазымнан бас тартқан. Бұл – ақылды да мәдениетті адамның өзіне қойған талабы, шарты. Меніңше, Қазақ елінің Парламентіне баратын әр азамат, мейлі, ол билік тарапынан болсын немесе оппозициялық тұлға болсын, өзіне дәл осындай талап қоя білуі керек. Сонымен қатар, оларды қолдайтын жандар да қазақтілді қауымның орынды талабына ренжіп, оның астарынан пәле іздемеуі шарт.

Егер олар «азаматтар, өкінішке қарай, мен қазақ тілін білмеймін. Сондықтан Қазақ елінің заң шығарушы органына баруға менің азаматтық арым жібермейді. Өзімнің саяси-қоғамдық жұмысымды Қазақстанның азаматы есебінде орыстілділердің арасында жүргізе беремін. Қазақ тілін бір адамдай меңгерген уақытта, Парламенттен орын алуға таласамын. Сол уақытта сендердің қолдауларыңа ие боламын деп ойлаймын» десе, қатып кетер еді… Сонда ғана оларды өзінің халқына орыс тілінде (Біздің президенттің қазақ еліне бағытталған Жолдаудың 70 пайызын көрші елдің мемлекеттік тілінде айтқанын білеміз) Жолдау жасайтын, өздерінің қарсыласы Тоқаевпен қатар қоймас едік.

Айтпақшы, Динара мен Маратты білмеймін, ал Арман бір адамдай қазақша сөйлей алады. Өкінішке қарай, олар өздерінің қолдануына оңай, өздері үшін ыңғайлы тілді пайдаланады, сол арқылы, қазақтілді қауымнан алыстап бара жатқандарын сезбей де, көрмей де қалатын сияқты. 

Сөз соңында, Молдова астанасы Кишинев қаласынан көрген бір билбордтағы сөзді қайталап бергім келіп отыр. Ол – «Өзі өмір сүріп отырған елдің тілін не топас, не қонақ, не өзінің тілін тықпалайтын оккупант қана білмейді» деген Карл Маркстің сөзі. Үш топ. Біріншісі тілді қанша үйренгісі келгенмен ақылы, білімі жетпейді. Олар – топастар. Екіншісі – осы елге уақытша келген, не ертең өз үйімізге кетеміз деп отырған жандар (Олардың көзқарасын менің досым Сергей Дуванов «психология квартирантов» деп дөп атаған). Оларға бұл елдің тілін білудің қажеті де жоқ. Үшіншісі – Қазақ жерінде орыс тілінің үстемдігін сақтап қалуға тырысып жатқан жандар. Бұларға мен отыз жылдың ішінде өз елінің мемлекеттік тілін үйренбеген не үйренгісі келмеген адамдарды жатқызамын. Парламентке түсіп жатқан азаматтар – ақылды да саналы, кез келген тілді меңгере алатын жандар. Бірақ, өз басым, оларды қай топқа жатқызатынымды білмеймін…

Қазақ тілі үшін күрес – бұл әділетті қоғам үшін жүргізілген күрес екенін түсінетін уақыт жетті. Отаршылдықтың салдарынан құрып кетуге жақын қалған Ұлттық құндылықтар: тілі, діні, ділі өз орнына келмейінше, әділетті қоғам орнайды деп айту – ақымақтық. Алаштықтар да осы мақсат үшін күресті, Желтоқсанда да осы ұран айтылды, тоқсаныншы жылдары Тәуелсіздік үшін күрес кезінде де осы мақсат қойылды. Осыны түсінбеген адам – маған оппозиция.

Дос  КӨШІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: