Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дерттің «демі» дағдарысқа ұласса…

09.04.2020, 11:20 480

Өткен жылдың  соңғы  тоқсанында «Astana club» саяси форумының пленарлық мәжілісінде еліміздің тұңғыш президенті Н.Назарбаев бір дағдарыстың қаупі төніп тұрғанын айтқан еді. Ол кезде АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси ахуалдың өршіп, «сауда соғысының» дендеп тұрған шағы болғанды­қтан біраз елдің бүйірін қысқаны рас. Ал жыл басталғалы Қытай елі жұқпалы вируспен күресіп, экономикасын мүлдем әлсіретіп алды. Бұл дерт жер жүзіне тарап, миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіріп тұрғанымен қоймай, көптеген елдің дағдарысын үдетіп жібергенге ұқсайды. Олардың  қатарында  Қазақстан  да  бар. Яғни, дерт те, дағдарыс та қазақ елін айналып  өткен  жоқ.

«Бізді әлемдік экономикадағы жағдай алаңдатып отыр. Одан төніп тұрған дағда­рыстың белгілері барынша байқалып жатыр. Жаһандық өсімнің баяулап кетуі әлемдік сауд­а-саттықтың дамуына кері әсерін тигізуде. Мемлекеттік қарыздың деңгейі 2007 жыл­ғы дағдарыстың алдындағы көрсеткіштен екі есеге асып, әлемдік ішкі жалпы өнімнің           80 процентіне жетті». Бұл – Елбасының саяси­ форум аясында айтқан сөзі. Сыртқы борыштың жыл санап ұлғайып келе жатқанын ашық жеткізді. Осы күннің өзінде жаһан­ елдерінің кейбіріне көп мөлшерде берешегіміз бар. Жер жүзін жайлап ғана жайпап бара жатқан жұқпалы індет мемлекеттің басты­ капиталы саналатын әр адамның денсаулығын құртқанымен қоймай, экономикаға да залал келтіруде. Көрер көз бен естір құлақ – нарық бағасының күнделікті шарықтап бара жатқанының куәгері. Еркіне кеткен бағаны ауыздықтайтын шама да жоқ, қауқар да қалмады. Не істемек керек? Тағы да қауғалану…

– Бюджет тапшылығын қаржы­ландыру үшін 2,4 трлн теңге қарыз алу қажет. Оның ішінде біз 3 млрд АҚШ долларын шетелдік капитал нарық­тарынан қарызға алуды жоспарлап отырмыз, – деді ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпан­құлов.

Бұған дейін ол дағдарысқа қарсы шараларға 5,9 трлн теңге көлемінде шығын­ жұмсалатынын айтқан. Оның 2,5 триллион теңгесі бюджеттен тыс қаражат есебінен және 3,5 трлн теңгеге жуық қаржы  республикалық бюд­жеттен бөлінетінін ел құлағына жет­кізген де – өзі.

Жалпы, Қазақстандағы мемлекеттік бюджет шығыстары экономикалық ынтыма­қтастық және даму ұйымы елдерін­ің көпшілігіне қарағанда жалпы ішкі өнімнің едәуір аз үлесін, яғни шамаме­н 35-40 пайызды құрайды. Деген­мен, «несиеге ас ішсең, ішегіңді жыртар» деген бар. Дертпен бірге жеткен дағдарысқа қарсы бағытталған шарала­р да қыруар қаржыны талап етеді. Онсыз да дәл қазіргі сыртқы борыш­ көлемі 17 трлн 206 млрд 247 млн теңгені құрап тұр. Оның 140 млрд доллар­ына жуығы – шетел валютасындағы қарыздар. Бұл «жыртықты» тағы жырта түссек, «жамау» таппай қалатын түріміз бар. ҚР Ұлттық банкінің мәлі­метінше, фирмааралық берешекті қоспа­ғанда жан басына шаққандағы сыртқы борыш шамамен 3192 доллардан келеді. Демек, әрқайсысыңыздың банк  алдындағы берешегіңіз өз алдына, көппен бірге көретін «ұлы тойыңыз» тағы бар. Ең көп қарыз берген елдердің алдыңғы  шебінде  Нидерланд, Ұлыбри­тания,  АҚШ, Франция  тұр.

Шыны керек, сырт көзге Қазақстан қарызға батқан ел ретінде көрінеді. Сонда өрісі кеңейіп жатқан экономикамыздың сала-құлаш жоспары қайда қалды? Әрі-беріден соң макроэконо­микалық саясаттың сағы сынып тұр дегенге­ тағы сенгің келмейді. Халқының саны 18 миллионнан енді ғана асқан­  елдің әлеуметтік және экономикалық  үдеріс жасауға осы  күні қауқары жете ме? Бұл сұраққа дәл қазір жауап табу да қиын. Дерттің «демі» дағдарысқа­ ұласып тұрған шақта «өгізді де өлтір­мейтін, арбаны да сындырмайтын» түпкілікті  шешімнің  керегі  анық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: