Парламент депутаттары бірінші сессияның жұмысын аяқтап, демалысқа кетті.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, сессия барысында палаталардың үш бірлескен отырысы өткен. Оның ішінде сенат 12 рет, мәжіліс 15 рет жалпы отырыс өткізген. Онда 120-дан астам мәселе қаралған. Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болып, оның 25 заңы қабылданып, 13 заңға президент қол қойған.
Биыл мәжіліске алғаш рет 6 саяси партияның мүшесі өтті. Сондай-ақ араға біраз жыл салып бір мандатты окруктен сайланған депуттармен толықты.
Парламент мінберінен бұрынғыдай емес, нақты шаруашылықтың сөзі көп сөйленгендей болды.
Сегізінші шақырылым депутаттарының қазіргі ең белсендісі Бақытжан Базарбек десек, қателеспейміз. Депутат креслосына дейін жер мәселесімен көп айналысқан заңгер аталған тақырыптағы ісін әрі қарай жалғастыруда. Мысалы, аймақтардардағы жерлердің қатаң тексерілуі керектігін, Алматы тауларының жеке меншікке өтіп кеткенін айтып, дабыл қақаты. Алматыдан сайланған тағы бір депутат Ермұрат Бапи да өзекті мәселелерді қозғап, көзге түсіп жүр. Әсіресе ол шетелге шыққан заңсыз активтер туралы іске белсенді кірісті. Дегенмен асатпай жатып құлдық жоқ, Ермұрат Бапи айтпақшы, кімнің – кім екенін Парламентте жүрген (барған сөзін өзгерттік – авт.) депутат дәлелдейді. Әзірге осы жерге аялдап, Бақытжан Базарбектің каникулға шығар алдындағы сауалына көз жүгіртейік.
Алматы таулары кімнің меншігіне өтіп кетті
Менің сауалым Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға және Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа жолданады.
Мемлекеттік АИС ГЗК базасы бойынша Алматы қаласының Бостандық ауданындағы «Іле Алатауы» ұлттық саябағымен шекаралас «Ерменсай» ықшам ауданының тау бөктерінде орналасқан, нақтылап айтқанда, 20-313-061-159, 061-162, 061-169, 061-157, 061-166, 061-158, 061-156, 061-163, 061-165, 061-170, 061-180, 061-160, 061-164 сияқты 18 кадастрлік номерлі жерлер жеке меншікке өтіп кеткен.
Ең сорақысы – осы аталған жерлердің бір ғана иесі бар, ал жердің жалпы көлемі 1 мың шаршы метрден асып кеткен. Жалпы 18 жер учаскесінің аумағы таудың 14,6 шаршы километрін құрайды. Басқаша айтқанда, Алматы қаласы Бостандық ауданының жалпы жер көлемінің 5/1 бөлігін құрайды.
Аталған барлық учаскелердің жерге байланысты жеке меншік құқығы 2016 жылы қаңтарда, яғни Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі болып тұрғанда тұста пайда болған. Ал бұдан бұрын аталған жерлер Алматы облысының Қарасай ауданы арқылы мемлекеттік меншіктен жеке меншікке өтіп кеткен болатын.
Барлық жеке меншікке өткен жерлердің нысаналы мақсаты – ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру болып табылады. Ең қауіптісі – таулы бөктердің 80 гектар көлеміндегі жер алқабы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру мақсатынан бағбандыққа ауыстырылып, 80 гектар жер 600 жер теліміне бөлінген. Енді осы 600 жер учаскесінде тұрғын үй құрылысының бой көтермеуіне кім кепілдік береді? Жеке меншік құқыққа беріліп кеткен 1 мың гектар жердің нысаналы мақсатын біртіндеп ауыстырып, бөліп-бөліп, құрылыс жүргізбейтіндігіне кім кепілдік береді?
Жер саласы бойынша сарапшы-заңгер ретінде және Алматыдан Мәжіліске сайланған депутат ретінде мені толғандыратын дүние – неліктен бұл жерлерге Жер ресурстарын басқару комитеті мен оның Алматы қаласының департаменті тексеріс жүргізіп, осы уақытқа дейін бұл жерлерді мемлекеттік меншікке қайтармағаны. Алматы қаласының прокуратурасы мен әкімдігі аталған жерлерді не себепті мемлекеттік меншікке қайтармағаны көп сұрақты туындатады.
Айта кететін жағдай, «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға сәйкес, аталған 2 км жер «Іле Алатауы» ұлттық саябағының қорғалатын аймағына кіруі тиіс еді, бірақ та Алматы қаласы әкімдігінің әрекетсіздігі салдарынан қорғалатын аймаққа кірмей қалып отыр.
Жағдайдың сорақылығы соншалық, Іле Алатауы баурайындағы тау бөктерлері Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандарында жеке меншікке беріліп кеткен. Екі ортада халық тау бөктерінде мал жаю мүмкіндігінен айырылып отыр және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға емін-еркін кіріп-шығу құқығынан да шектелген.
Сондықтан аталған жағдайдың өзектілігі мен көкейтестілігін ескере отырып:
– біріншіден, Алматы қаласының Медеу, Бостандық және Наурызбай аудандарының шегінде «Іле Алатауы» ұлттық саябағының 2 шақырымын қорғалатын аймақ етіп бекітуді;
– екіншіден, «Іле Алатауы» ұлттық саябағының Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандары мен Алматы қаласы Медеу, Бостандық және Наурызбай аудандарының шегіндегі жерлердің нысаналы мақсатын елді мекен шегінде шаруа қожалығы мен ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру қызметі түрінен жеке тұрғын үй құрылысы үшін, жеке қосалқы үй шаруашылығы үшін ауыстыруға ресми мораторий енгізуді;
– үшіншіден, «Іле Алатауы» ұлттық саябағының Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандары мен Алматы қаласы Медеу, Бостандық және Наурызбай аудандарының аумағындағы жерлерді және қорғалатын аймақтардағы елді мекендерді бас жоспарлары мен егжей-тегжей жобаларында (ПДП) рекреациялық аймаққа аударуды талап етеміз!
Бақытжан БАЗАРБЕК,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!