Дос КӨШІМ,
арнайы «Халық» газеті үшін
Меніңше, депутат туралы қысқа да, нақты пікірді Міржақып Дулатұлы айтып кеткен сияқты. Ол: «Қазақтан Ресей Думасына депутат сайлау мүмкіндігі болғанда, біз қазаққа шын пайдалы депутат таңдауымыз керек. Ол:
– ақжүрек, таза болса, жұртты я сатып, я алдап кетпейтін болса;
– халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екіталай жерде жанын қиярлық ержүректі болса;
– өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса;
– саясат ісіне жетік болса;
– білімді, шешен, оқыған көсем болса», – депті.
Неге екенін білмеймін, соңғы уақытта «Қандай адам депутат болуы керек?», «Депутат дегенміз кім?» деген сияқты сұрақтар жиі көрініс бере бастады. Сонымен бірге, біреулер «депутат атына мыналар лайық» деп, өзінің ұнатқан жандарының тізімін жарияласа, енді біреулер «мыналар депутат болмауы керек» деп ұнатпаған жандарды ағаш атқа теріс мінгізіп жатыр. Мүмкін, анайылау болса да, бұл да таңдаудың бір түрі шығар. Әйтеуір көпшіліктің депутаттарға, депутат болуға ниеттенгендерге баға беріп, олардың нақты міндеттерін білуге тырысып, талқыға салып жатқаны қуантады. Екіншіден, осы көрініске қарап, осы уақытқа дейін «депутат» дегеннің не екенін білмегеніміз бе деп, ойланып та қаламын. Ойландым да, бұл мәселеге өзімнің «бес тиынымды» қосуды жөн деп санадым.
Біріншіден, «депутат қандай мамандықтың иесі болуы керек?» деген сұрақты күн тәртібінен алып тастау керек деп ойлаймын. Естеріңізде болса, 90-жылдардың басында біздің Жоғарғы Кеңеске атақты, танымал адамдардың ұмтылғаны есімде. Олар заң шығарушы органды бұрынғы Кеңес одағындағы Жоғарғы Кеңес деп түсінген болулары керек (меніңше, дұрыс түсінік), сондықтан депутаттықты – аса ауыр міндет жүктейтін қызмет емес, ерекше мансап ретінде қабылдады. Олардың бұл «пендешілігін» жақсы пайдаланған билік парламентті ақын-жазушылармен, спортшы-артистермен толтырды (Қадыр Мырзалиев, Иван Щеголихин, Герольд Бельгер, Мұхтар Шаханов, Шерхан Мұртаза, Ольга Шишигина, т.т.). Меніңше, Парламент өзінің ең басты міндеті – заң шығару мәселесін осы уақыттан бастап ұмытқан болуы керек. (Депутат Әкім Ысқақ ғана жалғыз өзі «Көші-қон туралы» заң дайындап, халықтың есінде қалды). Сонымен қатар, осы кезеңде «Парламентке заңгерлердің баруы керек» деген пікірлер де кең тарады. Ал соңғы кезде, Парламент депутаттары партиялық тізіммен жасақталуға көшкен кезде, партия басшыларынан басқалар (оның ішінде сайлаушылар да бар) біле бермейтін адамдар, оның ішінде кәсіпкерлер көбейе бастады. Олардың келгені партияға қандай пайда әкелгенін білмеймін, бірақ Парламенттің белсенділігін арттырмағаны анық. Меніңше, депутаттың, қай мамандықтың иесі болғаны, немесе халыққа танымал «жұлдыз» болуы міндетті емес. Ең бастысы, саяси-қоғамдық аренада жүрген азамат болғаны дұрыс сияқты. Егер Парламенттің басты міндеті – заң дайындау, оны қабылдау болса, қоғамдағы сан түрлі өзекті мәселелерді білетін және сол мәселелерді заңды тұрғыдан шешудің жолдарын анықтайтын адамдар – саясаткерлер болмақ. Өз басым, саяси-қоғамдық мәселеге араласпаған не осы кезеңде араласып жүрмеген тұлғаларды Парламентке жақындатпас едім.
Екіншіден, (бұны да менің жеке таңдау шартым деп қабылдаңыздар) егер сайлауға түскен адамның жас шамасы елудің үстінде болса, «Сен 1986 жылы, Желтоқсан көтерілісі кезінде қайда болдың?», «90-жылдардың басында Тәуелсіздік үшін күрес басталғанда қайда болдың?» деген екі сұрақ қояр едім. Есі кірген, өзінің азаматтық таңдауын жасайтын уақытта олардың қандай ұстанымда болғаны, баррикаданың қай жағында тұрғаны – менің оларға деген көзқарасыма тікелей әсер етеді. Өкінішке қарай, өмір бойы биліктің бағытынан ажырамай, өзіндік азаматтық ұстанымын көрсете алмағандардың Парламентке келуін қолдамаймын. Айтпақшы, үміткерлерге осындай сұрақ қоя отырып, сол кезеңде біздің бағытымызға қарсы жұмыс істеген талай «батырды» тауып аласың… Демек, Парламентке өзінің жеке ұстанымы, жеке ой-пікірі бар азаматтар қажет. Егер олар өздерінің өмір жолын сол ұстанымдарын жүзеге асыру мақсатына жұмсаса – нағыз азамат. Ал «заман солай болды, сол заманмен бірге біздер де өзгеріп отырдық» десе – ондай жандардан жақсы депутат шықпайды деп ойлаймын. Олар – заман адамды емес, адам заманды өзгерте алатынын білмейтін жандар.
Үшіншіден, біздің Парламет депутаттары, соңғы жылдары «белсенді» бола бастаған сияқты. Олар Парламентке келген үкімет мүшелеріне ыңғайсыз сұрақтар қойып, сол қойған сұрақтарын суреттерімен бірге әлеуметтік желіге салып, қоғамдағы халықтың құлақ түрген мәселелеріне қатысты батыл пікірлер айтып, көзге көріне бастады. Әрине, бұл да қуанарлық жағдай. Бұл да олардың міндетіне кіретін қызметтердің қатарына жатады. Алайда, бұл басқа сипаттағы, нақты нәтиже бермейтін белсенділік болып табылады. Парламент депутаттарының ең басты міндеті – заң дайындау, заң жобасын ұсыну, оның қажеттілігін дәлелдеп, дауыс алып, сол заңды қабылдаттыру. Міне, біздің депутаттарға жетіспейтін басты мәселе осы болып табылады. Кейде олардың министрлерге қойған дәлелді, деректі аса қажетті сұрақтарын естіп қарным ашады. «Сол сұрақты қойғанша, сол мәселені шешетін заң дайындап шығармайсың ба?» деп, ренжимін. Түсінемін, біздің атқарушы биліктің заң дайындау, ұсыну құқығы бар (Көптеген елде атқарушы биліктің заң жобасын ұсыну құқығы жоқ…). Бұл – абсурд! Атқарушы билік өздерінің атқаратын заңдарын өздері дайындайды. Биліктің біріне-бірі бағынбайтын тармақтары қайда? Екіншіден, осы уақытқа дейін не парламенттегі саяси партиялардың фракциясы не жеке депутаттың «Мен мынадай заң жобасын дайындадым. Бұл халыққа керек. Оны талқыға саламын» деген сөзін, сөздерін естімеппіз, сондықтан заң шығару функциясын атқарушы биліктің алып, ал парламент тек оны қарап шығып, «бір адамдай» қабылдаушы рөлін атқарғанына таң қалуға болмайды. Демек, Парламентке «Мен осындай заң дайындап, өткізуге барлық күш-жігерімді саламын» деген депутат керек. Сонда ғана біз не маман Парламенттің жұмысының куәсі боламыз, не Парламенттің де үстінен қарайтын Билік бар екенін көреміз…
Тағы бір көңіл аударатын мәселе. Алғашқы кезеңде мажоритарлық жолмен сайлауға түсетін саяси партиялар өздерінің болашақ депутат болатын адамдарының тізімін жариялайтын. Сол арқылы сайлаушыларға партия қолдау алып, жеңіп шыққанда «мынадай адамдар Парламентке келеді» деп ашық көрсететін. Сол уақытта сайлаушылар партияның атына ғана емес, болашақ депутаттардың беделіне, олардың осы уақытқа дейін істеген жұмыстарына, олардың саяси көзқарастарына баға беретін. Партиялық сайлау тізіміне ену, ол жерде алғашқы орындардың бірін алу – сайлауға түсетін үміткерлерге де үлкен сын болатын. Тізімді дайындау, оны талқылау – праймериздің нақты үлгісі еді. Қазір, неге екені белгісіз, осы ереже келмеске кетті. Сайлаушылар партияға дауыс береді, егер партия жеңіп шықса, оның белгілі бір саяси органы депутат болатын адамдарды белгілейді. Қысқасы, бәрі «асүйде» шешіледі. Сол арқылы Парламентке саяси-қоғамдық жұмысқа белсенді араласпаған, партия басшыларына ғана таныс, немесе партияға қомақты қолдау көрсеткен адамдар келе бастады. Олардың кейбіреулері (ұяты барлары) Парламенттен өз еркімен кетсе, кейбіреулері ұйқылы-ояулардың қатарын көбейтті. Ал кешегі «Ақжолдың» депутаты өзінің жеке пікірін айтамын деп, қоғамды дүр сілкіндіріп, өзінің партиясын ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Әрине, оны бір сағаттың ішінде партиядан шығарғаны – құптарлық шешім, бірақ сол адамның партиялық тізім арқылы Парламентке келуі жан-жақты талқыланбаған сияқты. Оны партияның қандай органы ұсынды? Не үшін ұсынды? Партияға сіңірген қандай еңбектері бар? (Өз басым, бұл партияға жиырма жылдай мүше болған, талай саяси майдандардан өткен жандарды білемін). Міне, осы мәселелердің барлығы көлеңкеде қалды. «Ақжолдың» Жарғысымен таныс емеспін, бірақ көптеген партияның Жарғысында партияға қабылдану үшін бірнеше мүше ресми қолдау білдіруі керек. Мүмкін, Парламентке ұсынылған адамға да осындай қолдау қажет болар… Айтпақшы, егер қарамағындағы қызметкер пара алып ұсталса, басшы да қызметтен кету керек деген постулатты қолдасақ, мүмкін, осы адамды депутаттыққа ұсынған жандар да партиялық жазаға тартылуы керек сияқты. Қысқасы, осы сайлауда саяси партиялар өздерінің үміткерлерінің тізімдерін алдын ала жариялағаны дұрыс болады деп есептеймін. Сонда ғана, сол адамдардың, сол тұлғалардың беделі арқылы партияға да баға беріледі, не қолдау көрсетіледі, немесе далада қалады.
Мүмкін, саяси партиялар болашақ депутат болатын адамдардың аты-жөндерін жариялай қалса, өздерінің далада қалатындарын сезгеннен соң, үміткерлерін «жасырып» отырған болар…
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!