Бүгін облыс әкімі Қ.Ысқақовтың төрағалығымен Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығының 2019 жылғы қорытындысы бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиында өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесі қаралып, 2020 жылға міндеттер айқындалды.
Мәжіліске облыстық басқармалар, қаржы ұйымдары мен осы саладағы мекемелердің басшылары қатысып, қала және аудан, кент, ауылдық округ әкімдері селекторлық байланыс арқылы қосылды.
Аймақ басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы айтты.
«Былтыр облыстың кәсіпкерлік саласына әртүрлі қаржы көздерінен 44 млрд теңге қаражат бағыттадық. 6 мыңнан аса азаматты мемлекеттік бағдарламалар аясында оқытып, 5 мыңға жуық жобаны қайтарымсыз гранттармен, шағын несиелермен қаржыландырдық. Жалпы, мұндай жүйелі шаралар мемлекет басшысымен қойылған 2025 жылға шағын және орта кәсіпкерліктің жалпыөңірлік өнімдегі үлесін 35 пайызға жеткізу міндетін орындау мақсатында іске асырылып отыр», – деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
2019 жылы облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 9,3 пайызға, кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны – 2,5 пайызға, ал кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 4,7 пайызға ұлғайды.
Сонымен қатар, мәжіліс отырысында Қызылорда қаласы, аудан мен кент әкімдері Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы аясында өткен жылы атқырылған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
Жиында облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы өндірілетін өнімге аса мән берілу керек екенін айтып, алдағы уақытта кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылатын жұмыстар бойынша тапсырма берді.
«Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін ұлғайтуды, өнім шығарылым көлемін арттыруды тапсырды. Соған сәйкес, біз ірі кәсіпорындар аясында ілеспе кәсіпорындарды ашып, жаңа өндіріс көздерін дамытуымыз қажет. Облыс бойынша былтырғы жылдың 9 айында 285,5 млрд теңгеге өнім шығарылды. Бұл жұмыстар тек облыстық деңгейде емес, барлық деңгейдегі әкімдермен атқарылуы қажет. Сонымен қатар, биылғы жылы облыста кәсіпкерлікке әртүрлі қаржы көздерінен 38 млрд теңге бағыттауды көздеп отырмыз. Оның ішінде, қазірдің өзінде 1,7 млрд теңге «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы, 4,5 млрд теңге «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қарастырылған. Қосымша 21 млрд теңгені өңірлік екінші деңгейлі банктерден тарту көзделуде», – деді аймақ басшысы Қ.Ысқақов.
Айта кету керек, өткен айда облыс әкімі Қ.Ысқақов өңірдің бизнес өкілдерімен кездесіп, олардың кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы бірқатар ұсыныстарын тыңдап, аталған бағытта бірлесе жұмыс істеуді ұсынынған болатын.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!