Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бізге қандай депутат керек?

26.01.2023, 12:00 476

«Тойдың болғанынан боладысы қызық». Еліміз тағы да бір саяси науқанды өткізгелі отыр. Ол – Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы. Парламенттің төменгі палатасының жаңартылған құрамын қалыптастыру арқылы жүйелі реформаларды іске асыру сайлаудың ашық әрі бәсекеге қабілетті түрде өтуін талап ете ме? Ортақ мақсат пен мүдде, берекелі бірлігіміз үшін жасаған таңдауымыз кемел келешегімізге кепіл бола ма?

Әрине, бұл жолда әр қазақстандықтың белсенділігі мен қырағылығы маңызды. Ал, бізге қандай  депутат  керек?  Бізге  уәде бергіш сайрауық депутаттар емес, шын сөйлейтін, дәл айтатын, дәлелі  мен  дәйегі  бар  білімді, халықшыл депутат керек. Яғни, халықтың сеніміне ие болған азаматтар билікке келгенде ғана еліміз бұдан да күшті әрі тұрақты, заң мен әділеттілікті қатаң сақтайтын мемлекет болары анық. Бұл – ел президенті ұдайы айтып жүрген әділетті Қазақстанның қалауы. Бір сөзбен айтқанда, бізге өзгеріс керек, ол  өзгеріс  билікке  де,  бұқараға да пайдалы. Ол үшін ашықтық керек. Бұл – халықтың таңдауы. Ендеше, осы мәселеде қоғамдық  пікір  иелері  не  дейді?

Айткүл  ШАЛҒЫНБАЕВА, Қазақстанның  Құрметті  журналисі:

– Қазақ депутаттарға тойған. Оның үстіне депутаттарды халық емес, партия­лар таңдап  отыр. Бұл  сайлауда  30 пайызы мажоритарлық жүйемен сайла­натын болды. Демек, халықта аз да болса, өз таңдауын жасауға мүмкіндік бар. Бірақ  ол  мүмкіндік   шартты. Неге?   Өйткені  30 жылдан бері неше сайлау өтсе, соншасы әділ өткен жоқ. Кеше­гі Президент сайлауында халық Жаңа Қазақстан үшін Тоқаевты сайлап алды. Кеше ғана тып-тыныш өзді-өздімен қалай өткені белгісіз, Сенат сайлауы да өте шықты. Халық алдын ала кім өтетінін біліп отырды. Тағы да сол бір-біріне өзара альтернатива боп, шенеуніктер түсті. Енді осы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы әділ өтпесе, Жаңа Қазақстан  әдірам  қалады.

Біріншіден, депутаттыққа бизнесмендерді тартқанды доғару керек. Олардың әрқайсысының басы алтын болса да, халықтан бұрын бәрібір өз мүддесі жоғары. Сосын лауазым­ды шенеуніктерді жолатпау керек. Олардың басым бөлігі ескі режимде былығынан қашып, мандаттың артына  тығылуды ұтымды әдіске айналдырған. Бұл – мен ашып отырған жаңалық емес, ащы шындық. Ия, мандат баз біреулерді жауапкершіліктен құтқаруы мүмкін. Олар бұл әрекеттің құмға басын тыққан түйеқұстың позасы екенін ескере  бермейді.

Сонда депутат кім болу керек? Халық қоғам белсендісі  сауатты болса, соған сенеді. Салиқалы саясаттану­шы болса, олар да халыққа керек. Әрине саяси партия­лар өкілі міндетті түрде. Экономистер, журналистер, ауылдың, ғылымның жанашырлары депутат болса, әр саланың жанашырлары сайланса, ел дамуында өзгеріс болар еді. Әйтпесе қалта депутаттары жоғарыдағы бір адамның бизнесі үшін де уақытша Заң қабылдап жібер­ген кездер болды емес пе? Оны халық ұмытпайды. Шаруаның жері дауға түскенде, шаруалардың алдында бір депутатты қорғауға бірнеше депутаттың келгені де халықтың есінде. Өйткені олардың өзінің басына да шаруалар сондай әңгіртаяқ ойнатуы мүмкін. Сондықтан да депутаттар өз-өздерін қорғап жүр. Ал халықты кім қорғамақ? Міне, Қазақстан депутаттарының сиқы. Естеріңізде ме, Парламентте жердің сатылу, сатылмауы мәселесі қаралғанда, екі депутат қана «Жер сатылмасын» деп қол көтерді. Мұрат Мұхамедов пен Қуаныш Айтаханов. Қалғаны неге қолдамады? Себебі белгілі. Ал енді халық өзі қандай депутат керек екенін ойлансын. Кім керек, соны талап етсін. Ұсынсын. Сайласын. Алайда мүдделілер халыққа жол бере қояр ма екен?

Мақсат  ХАЛЫҚ, экономист:

– Шынын айту керек, бізде осы жылы мәжіліс пен мәслихат сайлауында өзгеріс болады деп күтеміз. Өйткені, тек саяси партия мен ұйым­дар ғана емес, мажоритарлық жолмен 29 депутатқа сайлануға мүмкіндік беріліп отыр. Менің ойым­ша, енді азаматтық позициясы мықты азаматтар сайланғаны жөн. Бұған де­йін Парламенттегі депутаттардың ойына, сөзіне қарасақ, барлығы бір бетті, қалыс қалып жатқан жағдай өте сирек болады. Сондықтан да  бізге ең бірінші кезекте халықтың сөзін сөйлейтін азаматтардың ұстаны­мы мықты болғаны маңызды. Неге? Себебі, үкіметтің бюджет жоспарын құру кезінде де, әр министрліктің өз саласы бойынша есеп беру кезінде де депутаттардың дұрыс талап қоя білуі, сол мәселеге байланысты  терең  білімінің  болуы қажет.

Кез келген қоғамның экономикалық дамуы, елдің бай мемлекеттердің қатарына қосылуы заңдылықтарына үңілсек, азаматтық позицияның рөлі жоғары. Мәселен, «Неліктен кейбір елдер бай, ал басқалары кедей?» («Почему одни страны богатые, а другие бедные?») деген Дарон Аджемоглу мен Джеймс А.Робинсонның кітабы бар. Сол кітапта да мемлекеттің бай болуының негізгі құпиясы – ол мемлекеттегі инклюзивті институттардың мықтылығы, бар болғаны дейді. Ал Парламент – инклюзивті институттардың ең бір қайнаған ортасы. Сондықтан да заң шығарушы органда негізінен өз позициясын, халықтың талабын қорғай алатын тәуелсіз депутаттар болса, онда елдің дамуы да тез болады деп ойлаймын. Әрине, біздің қоғамның да рөлі жоғары, осы жолы тәуелсіз азаматтық қоғамнан біраз азамат депутаттыққа өзін-өзі ұсынатыны сөзсіз. Сондықтан әлгіндей азаматтар да, халқымыз да сайлауда белсендірек болса, яғни өзіне ұнайтын, Парламент төрінде көргісі келетін азаматтарды сайласа, соған белсенділік танытып, «менің дауысым маңызды» деген ұғымға оң көзқараспен қараса деймін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: