Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз қалай әділетті, дамыған демократиялық мемлекет орнатамыз? 7 жылға сайланған ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев 7 ұсыныс

15.12.2022, 12:00 380

2022 жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев екі өте жауапты кезеңнен өтті. Біріншісі – қаңтар оқиғасы, екіншісі – президенттік сайлау. Менің ойымша, Қ.Тоқаевқа халық осы сайлауда барлық мүмкіндікті берді, 7 жылға сайлады.

Бірақ алда 7 жыл бар деп босаңсуға болмайды. Себебі әлемдік дағдарыс, соғыс, Ресейге санкциялар бізге тікелей әсер етеді, егер бізде сауда қатынасының 50%-ы Ресеймен екенін ескерсек. Қазір халықтың күнкөріс деңгейі күннен-күнге төмендеуде. Ауылдың өзі де бір той, не шілдехана болмаса, етті сирек жейтін болған.

Мен экономист ретінде айтсам, экономикамызды уақытысында Тұңғыш  президентке қанша айтсақ та, жазсақ та, әртараптандырмай, мәселені тек мұнай мен газ, қазба байлыққа салып, шикізат елі болып қалдық та, бүгінде 3 мил­лионнан астам адам жұмыссыз, ауыл аңырап, кедейшілікте отыр. Мұны тез арада жөндеу жолы өте қиын. Егер осылай кете берсе, жеті жылдық сенім тез арада таусылуы мүмкін. Халық пен билік арасы жақындайтын емес, халық кедейшілік күнін кешуде. Ең бай мен кедей арасы қалып бойынша 6,7 еседен аспаудың орнына, бізде 30 еседен асып кетті. Біз «бифуркация» нүктесінде тұрмыз, бүгін соны өзгерістерге бармасақ, ертең бәрі  құрдымға кетуі мүмкін.

Осындай тағдырлы кезеңде ҚР Президенті Қ.Тоқаев барын салып, өте түбегейлі өзгерістерге бару керек. Менің ойымша, ол мынадай іс-шаралар  жасағаны  жөн.

1. Мүмкіндігінше әкімшілік шектеу қоймай барлық партияларды заң жүзінде тіркеп, адал сайлау өткізу арқылы халықтың қолына тұңғыш рет келешектің тағдырын беру. Сайлауда өткен партиялар Парламентте өздері Үкіметті жасақтасын, халыққа өздері жауап берсін. Ал Президент Конституция кепілі ретінде барлығына бірдей жағдай жасап, стратегияға жа­уап берсін. Тұңғыш Президенттің стратегиялық білімсіздігі бүгінгі қиын жағдайға алып келді. Бізге екінші рет қателесуге болмайды. Президент Қазақстанның үдемелі дамуының 7 жылдық стратегиялық Концепциясымен халықты таныс­тырсын.

2. Экономика жағдайын халық­қа түсіндіріп, әсіресе елдің ең нашар тұратын бөлігін қолдау іс-шараларын нақты істеу керек. Экономиканы әртараптандыру тетіктерін жасап, өз тауар өндірушілерімізді батыл қолдау керек. «Өзіміз өндірмей, өзіміз өспейміз» деген қағиданы енгізу керек.

Шынайы жағдайымызды халыққа ашық түсіндіру керек. Егер экономикамыз өссе, халықты қолдау іс-шаралары да өседі. Ал экономика «стагнацияға» түссе, халықты қолдау мына қалыпта болады деп халықты бұрынғыдай алдамай, ашық айту керек. Сонда әр адам ойлайды, жағдайды түсінеді де өз қамын жасап, іске кіріседі. Халық­пен «диалог» деген осы, сенім шындықтан шығады. Ал сыбайлас жемқорлықпен қатаң заң арқылы ымырасыз  күресу  керек.

3. Ел тірегі – жер мен ауыл. «Ауылды кешенді дамыту бағдарламасын» жасау арқылы, барлық жерге «Аудит» жасап, жер рефор­маларын  жүргізіп,  алда  Қазақ­станды азық-түлік державасына айналдыруға барлық басымдықты беру қажет. Біздің азық-түлікпен тек өзімізді  ғана емес, көптеген елді де қамтамасыз  етуге  шамамыз жетеді. Осындай мақсат қою арқылы  ХХІ  ғасырда тегімізге  оралу  деген – осы.

4. Осылардың бәрін іске асыру үшін биліктің барлық жүйесінде білікті жаңа кадр реформасы болу керек. Ескі кадр жүйесімен жаңа, әділетті Қазақстанды жасай алмаймыз. Бұл мәселеде үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі өте қажет. Оларға билік жүйесі барлық мүмкіндікті жасап, гранттармен қолдау керек. Бізді құртқан барлық салада пара беріп, не таныспен қыз­метті  алудан  арылу  керек.

5. Біз рухани тегімізді, тарихымызды жандандырмасақ, жоғалып кетуіміз мүмкін. Мен 2012 жылы Ұлы Жібек жолын жандан­дыру үшін «Өсу кіндігін» іздегенде, Түркістанды рухани астана жасау жоба­сын (8,5 млрд $) Тұңғыш прези­дентке жіберген едім, кеш болса  да  іске  асуда.

Кезінде Н.Назарбаев 3 тіл керек деп, одан кейін бізге 2 тілді дамы­ту керек деген биліктен сөздер айты­луда. Әрине, әл-Фарабиге ұқсап көп тіл білсе де артық болмас қазақ­қа. Бірақ менің ойым, бізге бір-ақ тіл керек, ана тілін – Қазақ тілін әр қазақ жетік білуге тырысу қажет. Сонда ғана тарихымызды, руханиятымызды, салт-дәстүр, ата-ана тәрбиесін, санамызды сақ­тап қаламыз. Себебі ертең «жасан­ды интеллект, робот» келгенде сіздің ауыздан шыққан бір-ақ тіл автоматты түрде қай тілге болса да аударылады да, айтылады да, жазы­лады. Сондықтан онсызда көп жыл бойы орысқа жалтақтаудан өткізіп алған уақытты кеш болса да тез арада қолға алып, қазақ тілін білмегендер мемлекеттік қызметте істемеу керек деп, заңға өзгеріс енгі­зу керек. Лауазымды қызметкерге бір жылда қазақ тілін белгілі деңгейде біліп шығуға мүмкіндік берейік. Осылай 2-3-ақ жылда қазақ тілін бәрі білуге атсалысады. Тілге қатал болсақ, бәрі шешіледі. Өзбек  ағайыннан  үлгі  алайық.

6. Ұлы Абай еңбегінде «ғылым» сөзін ең көп келтірген (111 рет). Данышпан Абайдың айтқанын істеу үшін білім мен ғылымға басымдық беріп, сапалы білімді ел болуға ұмтылу керек. Тек білімді ел ғана кез келген қиындықтан шыға алады. Басты мәселе – білім арқылы адамның жоғарғы санасын қалыптастыру, оның зиялы әлеуетін көтеру. Сонда ғана адам өзінің бар мүмкіндігін іске асырады. Ол үшін «7 жылдық білім мен ғылымның  жаңаша  дамуының  Концепциясын» жасап, халыққа жария ету керек. «Ғылым және ғылыми техникалық саясат туралы Кодекс» қабылдау  қажет.

7. «Жаңа, әділетті Қазақстанды қалай  жасаймыз,  30  жыл  бойы  қасаң тартқан сананы қалай оятамыз, қоғамды қалай жаңғыртамыз, ажырап кеткен халық пен биліктің арасын қалай жақындатамыз?» деген сұрақ елдің көкейінде тұр. Осыларды шешу үшін, әсіресе, заңды бұзып пайдаланған меншіктерді қайтару, ұрланған ондаған мил­лиардтаған долларды тәркілеп, халық игілігіне жаратуды қалай жасай­мыз? Бұл туралы өте қатаң заң  қабылдау  керек.

Осы  ұсыныстарды кешенді түрде іске асыру үшін ең алдымен, халық сенім артып, жаңа сайлан­ған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белсеніп, «белге шоқпарды байлап» шығу керек. Екіншіден, ол жаңа кадр саясатын жасау керек. Үшіншіден, бұған бүкіл ел, халық болып атсалысуымыз қажет. Тек осылай пәрменді іс жасағанда ғана бұл ұсыныстар іске асады. Мемлекетіміз жаңа сара, әділетті даму жолына түседі де, әлемдік қауымдастық алдында абыройлы  ел  боламыз.

Оразалы  СӘБДЕН,

Қазақстан  Ғалымдар  одағының  президенті,

ҚР  Мемлекеттік  сыйлығының иегері,  академик

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: