Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз кім едік, қазір кімбіз, қайда бара жатырмыз?

22.04.2021, 12:00 529

Барлық қазына-байлығымызды халық игілігіне тиімді пайдаланбасақ, алпауыттарға жұтылып кетуіміз мүмкін.

Осы сауалдың шешімін табу үшін, алдымен, тарихымызға жүгінеміз. Өйткені, тарихты білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Бұл киелі жерде дүниежүзі дамуының тарихи логикасын, көпғасырлық эволюция­сын еске алсақ та болар. Ежелгі Еуразия, Қазақстан жерінде тас ғасыры, қола, темір дәуірі, скиф, сақ, ғұн, қаңлы, үйсін мемлекеттері, түркі қағанаттары, т.б. орта ғасырлық мемлекеттер мен хандықтар болғаны белгілі. Каспий теңізінен Қытайға дейінгі аралықтағы алып кеңістікте біздің өркениет тарихымыз болған. Тегіміздің «Түркі» деп аталуының өзі V-VI ғ. жаңа дәуірге дейін­гі Қытай, Араб, Иран, Сирия жазбаларында бар. Төл тарихымыз сонау Шайбани Әбілқайыр ханнан әлдеқашан бұрын басталып, Керей мен Жәнібек, Қасым хандардың есімдерімен жалғасын тауып, Қазақ мемлекеттілігі деген айбынды атаумен қоса жүрген еді. Ол кезде ел тағдыры хандар мен батыр бабаларымыздың  қолында болды, ұлан-ғайыр жерімізге жат аяғын бастырмау үшін барын салған болатын. Қазақ жерін нығайтуда, қазақтардың үстемдігін орнатуда рухы биік ата-бабаларымыздың орасан зор әрекеттерге барғанын білеміз. Қазақ хандығы тұсында астанасы Түркістан қаласы болған қазіргі Қазақстан жері страте­гиялық тұрғыдан аса маңызды өлкелердің біріне айналған еді. Қазақ халқы шамасы 3000 жылдық тарихы бар түркі этносы ретінде танылған арғы заманды айтпағанның өзінде, 550 жылдық хандық тарихында аса ауыр саяси, рухани, әлеуметтік-экономикалық процестерді басынан кешірді.

Ататегімізге көз жіберсек, тарихта біз сияқ­ты  империялық  ой  мен  іс жасаған халық аз. Олардың қатарында римлян, грек, парсылармен қатар түркі халықтарының да бар екендігін әсіресе жастарымыз  ұмыт­пауы  керек. Бұл  тектілік  генофондымыз  XXI ғасырда қазақ елінің, жалпы түркі әлемінің қайта түлеуіне негіз болады деп сенемін.

Бүгінгі Қазақстанның жайы қандай?

1991 жылы орыс боданының шідерін үзіп шыққанда, ресми түрде Түркия бас болып, барша әлем тәуелсіздігімізді мойындаған. 70 жыл кеңестік коммунистік идеямен уланған сананың бірден серпілуі оңай шаруа емес, Кеңес Одағы құрамында болған он бес республиканың құрамынан балтық елдері бірінші болып ірге ажыратып кетсе, біз аңысын аңдып барып, сол құрамнан ең соңғы болып шығыппыз. Ресми Тәуелсіздік алғанмен, көп уақыт шетел мен Ресейге жалтақтап, көп уақытымызды өткі­зіп алғанымыз рас. Әлемдік саяси аренада Тәуелсіздігімізді, елдің елдігін нығайту позициясын ұстанып кете алмағанымыз өкінішті.

Қазақстан Республикасы егеменді мемлекет мәртебесін алғалы 30 жыл болса да, жер көлемі жағынан басқалар қызығатын, ресурс­тық қазына-байлығы мол бола тұра, қазақ халқының кедей халге түсуін о баста жүргізіле бастаған саясаттан кеткен олқылық деп түсіндіруге  болады.

Ең жоғарғы әрі бірден-бір заң шығарушы орган болып саналатын Жоғары Кеңес Тәуелсіздік алған жылдары құрылып, 1993 жылдың 13 желтоқсанында ресми таратылды. Аз ғана жасаған сол Жоғарғы Кеңестің депутаттығына 2 рет сайланып едім. Сол кездерді еске алар болсам, Президиум мүшесі ретінде алғашқы заңдардың жасалуы, мемлекеттік институттардың құрылуы, өз ақшамыз «теңге» шығып, қаржы жүйесіне енгізілуі, бірінші рет Ата заңымыздың қабылдануы әлі де көз алдымнан кетер емес. Рәміздерімізді Жоғарғы Кеңесте қабылдап тұрғанда, «ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы  арманы  орындалды» деп көзімізден жас шыққан  уақыттар  да  болды.

Бірақ Тәуелсіздік тарихы таза жазылуы үшін о бастан жасалуы керек істер халық ба­қуаттылығы мен болашақ ұрпақ игілігіне бағытталуы керек еді. Бір өкініштісі, бұл жалған ұран болып қалды. Конституцияға бірнеше рет өзгеріс енгізілді, жердің сатылу қаупі төнді, т.б. Оның үстіне үстімізден жаһандану кезеңі төніп келеді. Жаһандану өркениетінің аждаһа көмекейіне жұтылып кетсек, ұлт ретінде жойылып кету қаупі бар. Ең бастысы, тіліміз бен ұлттық рух өлмеуі керек. Бұларды өлтірмейтін ұлттық идея болуы керек. Сонда ғана мына дағдарыс­тан аман шығамыз. Одан қалай шығу керек, бұл үшін алда атқарылар істер көп.

Біз дүниежүзіндегі елдерді тарих таразысына салар болсақ, әр елдің даму тарихы әрқилы. Айталық, ең алдымен біз Қытайдың 5 мың жылдық тарихын, өзіміздің 3 мың жылдық тарихымызды, Азия мен Еуропаның дамуын зерделесек, сонымен қатар қазіргі жаһандану процесіндегі жаңалықтарды електен өткізер болсақ, бір ой туады. Біздің шығыс халықтарының тарихына келер болсақ, тағдыр бізге 2 тарихи мүмкіндік берді. Біріншісін біз пайдалана алмадық, ол кетті. Ал екінші мүмкіндікті енді тиімді пайдалана алмасақ, не жаңағы айтқан алпауыт мемлекеттерге жұтылып кетеміз, не өмір бойы шикізат елі болып соларға қызмет етеміз. Тағдыр бізге осындай сұрақты көлденең  қойып  отыр.

Бірінші мүмкіндік дегеніміз – бұдан 1000-1500 жыл бұрын біздің ел, шығыс елдері дамыған еді. Соның дәлелі ретінде ғұлама ғалымд­арымыз әл-Фараби, Ибн-Сина, Ұлықбек, т.б. сынды ғұламалар математика, медицина, философия салалары бойынша әлемдік деңгейдегі озық ойлы жаңалықтарды ашқандығын айта аламыз. Еуропа сол уақытта артта қалған еді. Түркі тегі Шыңғысханнан бастап, Құбылай, Әмір Темір, т.б. жарты әлемді басып алды, биледі. Мысалы, бір Құбылайдың  өзі, ұрпақтарымен толық Қытайды, Сун импе­риясы  мен  Вьетнамды  қоса  100 жыл бойы  билеп Пекинде отырды. Олар Қытайдың  өрке­ниетін  дамытуға  қызмет  етті.

Кейінгі 500 жылда Еуропа мемлекеттері шығыстан, соның ішінде түркілерден қаншама жаңалықтарды алып,  жылу машинасын жасап, теңіз көлігін, зауыт-фабрикалар салып, өндіріс­ті қарқынды дамытты. 2012 жылы Лондон олимпиадасы ашылғанда, олардың тарихи дамуын көрдік. Дүниежүзіндегі екі ұлы империя – Қытай мен мұсылман елдері осы кезге дейін АҚШ пен Еуропадан кейін қалып келген. Дегенмен қазір заман өзгеруде, Қытай мем­лекеті халқының көптігі мен еңбекқорлығының арқасында қайтадан алға шығуда. Бұл ел кейінгі 20-30 жылдың ішінде экономикасында серпіліс жасап, қазір дүниежүзін мойындатып, АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шықты. Бірақ онда адам құқығы бұзылуда, мұсылман  халқы, оның ішінде қазақ қандастарымыз да зорлық-зомбылық  көруде.

Шығыс елдерінен негіз алатын ғылым мен ілім көздерін өздерінің индустриалды-техни­ка­лық дамуына сауатты пайдалана білген батыс елде­рі бір замандары тез дамып, Эйнштейн, Ньютон, Эдисон, Фарадей, Гегель, Рикардо, Маркс, т.б. сынды ойшылдарының еңбектері арқасында қоғамның дамуына үлес қосқан еді. Содан бері ғылым-білімді бізге үйретіп келе жатыр. АҚШ пен Еуропа бүгінде әлемнің үздік «миларын» өздеріне тарту арқылы жаңа технологияны дамытып, әлемге таратып отыр. Ол «милардың» басым бөлігі шығыстан екенін, қазірдің өзінде олардың «Силикон алабынан» шығыс­тағы «Кремний алабына» оралып жатқанын бола­шақты болжаушы ғалым Митио Каку айтты.

Біз осы және басқа белгілерден Шығыс елдерінің қайтадан алға шығу мүмкіндігі бар екендігін көреміз. Қазіргі топ университеттер батыс елдерінде, Америка Құрама Штаттарында шоғырланған. Ал сол шетелдерге білім қуып барып жүрген жастар ілім берудің қайнар көзі – біздің  Шығыс  болғандығын  біліп  жүруі  керек. Эмпирикалық  ілімдер, өмір мен дүние жаратылысы туралы мәселелер, даналық, фило­софия, астрология, медицина, т.б. ғылым негіздерінің барлығы да Үндістан, Қытай және осы бүгінгі Азия жерінен бастау алатынын тағы да баса айтқым келеді. Ислам өркениетінің өзі ғылым мен мәдениетке көп нәрсе берді. Алайда оның бәріне «капиталистік», «рацио­налды рух» берген Батыс болды. Қараханид динас­тиясы құлаған соң, ХІІ ғасырдан бері Түркі өрке­ни­еті терең күйзеліске ұшырап, біз өзіміздің бай, терең негізімізді өзіміз жалғап алып кете алма­дық. Бұған мұсылмандық жолын ұстанған шығыс елдерінің көп әрекетте өзін-өзі шектеуі, тыйым салуы, ғылымнан кейбір қайшылықты нәрселерді көруі де себеп болды. 

Ал енді екінші мүмкіндік дегеніміз – біздің ата-бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен бізге қалдырған мұрасы – табиғи қазба байлықтары мен адам капиталы. Қазақ халқының бойындағы  тектілік, қан тазалығы, ғалымдардың зерттеуі бойынша, интеллектуалдық әлеуеті жоғары ұрпақтың қалыптасуына әсер етеді екен. Демек, ұлттық генефондымыз да – табиғи байлықтарымыз сияқты біздің үлкен басымдықтарымыздың бірі. Отаршылдар осы генофондымызды түп-тамырымен құртуға, тіліміз бен ділімізден айыруға барынша күш салуға тырысты.

Қазақты қазақ деп атамай, әдейі бұрмалап, өз тарихтарында «киргизы» деп атауында қорқыныш жатқан болатын. Тарихқа үңілсек, қазақтардың үш ғасырдан аса мемлекеттік тәжірибесі болған және ол кездегі даму үдерісі таза  шығыстық  болатын.  Түркі  әлемінің  бірігуі туралы идеяны айтқанда, түркілердің асқақ рухын қайтару, мызғымас күшке айналу, тізе қоса даму – жаһандануға  жұтылып  кету  қау­піне қарсы тұрудың бірден-бір жолы дегенді айтқым келген еді. Орыс бодандығынан кейін 70 жыл КСРО құрамында болып, «орыс – аға ұлт» деген қазақтың санасы тәуелсіздік деге­ні­міз –  ұлттық тіл мен ділге қайтып оралу екенін түсініп, орыс тілінен саналы түрде ірге ажырата бастаса дұрыс болады. Оның үстіне, КСРО құрамынан бөлініп, өз дербестігін алған еліміз бірден батыстық үлгіні таңдады. Дамыған отыз елдің қатарына кіреміз деп қанша даурық­қанымызбен, ол идеяның бүгін жалған ұран болып қана қалғанын уақыттың өзі дәлелдеп беріп отыр, батыс саясаткерлері Қазақстанды бұл күні «дамушы елдер» қатарына жатқызады. Ауғанстан, Пәкістан десе, үрпие қалатын дамыған батыс елдері «стан» қосымшасы бар еліміздің аты естілгенде де тосырқай қарайтыны рас. Сондықтан «стан» қосымшасынан құтылу да уақыт еншісінде. Солдан оңға оқысақ  та  «қазақ», керісінше оқысақ та «қазақ» деген  ат  мәңгілік  ел  атауы болып қалуы керек.

Пайдалы қазба байлық, жер ресурс­тары жағынан дүниежүзіндегі ең бай елдердің бірі бола тұра, әлі де кедей тұрамыз. Неліктен?  Ең  бастысы,  жұтылып кетпей, осы қыруар байлық­ты халықтың игілігі үшін тиімді пайда­л­ану. Алдымыздағы негізгі мақсат – өркениетті елдердің қатарына қосылу. Ескіше айтқанда, нардың жүгі қазіргі ұрпақтың мойнына түсіп отыр. Бұл тұста сапалы, бәсекеге қабілет­ті, рухы жоғары  адами  капиталымыз  үлкен рөл  атқаруы  тиіс.

Ежелгі Түркістан байырғы рухани орталық ретінде Ұлы Жібек жолында ерекше орын иеленг­ендігі тарихтан мәлім. Дүниежүзілік атлас­ты алып қарасаңыз, Орта Азия аумағында ежелден келе жатқан Түркістан, Самарқанд, Бұхара, Тараз сияқты ірі қалалар бар. Бүкіл тарих­ты таразылар болсақ, өте ерте кезеңдер­ді алмағанның өзінде, VI-VIII ғасырларда осы өңірде Түркі қағанаты, былайша айтқанда, түркі тілдес халықтар өмір сүрген. Сол Түрік қағанатында ежелгі Түркістан қаласы рухани орталық ретінде тарихи орын алды. Кейін тарих­тың ағымына байланысты түркітілдес халықтар әр тарапқа шашырап кетті. Мысалы, біраз  түріктер  Анадолыға кетіп, сол жақта дами  келе,  «Осман  империясын»  құрды,  кейін Кемал Ататүріктің революция жасауының нәтижесінде, жаңа өркениетті мемлекет болып қалып­тасты. Бүгінде 85 млн халқы бар Түркия 20 дамыған мемлекеттер қатарына қосылуда, басқа туыс халықтар да өз мемлекеттерін құрып, даму  үстінде.

Менің болжамым бойынша, егер Түркия демократиялық жолмен дамып, жаңа білімге, ғылымға, технологияға, адам капиталына аса мән берсе, бұл түркі мемлекетінің келешегі мол. Осы жолда 2030-2040 жылдары Түркия өзінің географиялық мүмкіндігін, халқының бірлігін, патриоттық күштілігін пайдалана отырып, Еуропа елдерінің алдына суырылып шығуы ғажап емес, тіпті мұсылман елдерінің лидері болуы да әбден мүмкін.

Мынау тұрақсыз жаһандану заманында ел мен елді, халық пен халықты біріктіретін интегра­циялық идея болуы абзал. Осы іс-шаралардан кейін, тарихи құндылықтар арқылы біздің алдымызда адамның рухани жаңғыруына күрт өзгерістер ашылады. Қоғамның ар-ождан­ына кір келтірмей, деградацияға ұшырамауына, қауіпсіздікті сақтауда бір үлкен қадам жасау қажет. Адамның ой-өрісі ХХІ ғасырдың талабына, жаңа цивилизациялық қоғамға сай өзгеруі тиіс. Бұл – дүниежүзілік өркениеттің талабы. Ал өзімізге келсек, тұтас ұлтты оя­татын ойлар, іске асыратын жаңа жобалар керек! Оларды тарихи ұлы тұлғаларымыздың мұраларынан тауып дамытуға болады. Қазір бізге рухани-тари­хи тегімізді терең білу концепциясы керек және 2021-2030 жылдарда жүзеге асырылуы тиіс ғылыми бағдарламаға мемлекеттік тапсырыс қажет. Қысқасы, шынайы төл тарихымыз қайта  жазылуы  керек.

Оразалы  СӘБДЕН,

Қазақстан  ғалымдар  Одағының  президенті,

ҚР  Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты,

ҚР  ҰИА  академигі,  э.ғ.д.,  профессор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: