Асылбек ШАМЕНОВ, Қызылорда қаласының әкімі:
Дана халқымыз: «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтпаған ғой. Әрбір адамның табан тірер туған жері болады. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. Демек, біз үшін де екі ғасырдан астам тарихы бар көне шаһар – Қызылорданың қазығы бөлек, жазығы ерек. Бүгінде сол жағалауынан жаңа қала бой көтеріп жатқан шырайлы шаһардың туған күні бір ай бойы аталып өтіп жатыр. Қалада атқарылған жұмыстардың куәсіміз, алда қолға алынатын шаруа шаш етектен. Әрине, өңірдің өркендеуі әдетте орталықтың дамуымен айшықталып жатады. Осындай тарихи қаланың қайнаған қызметінің арасынан уақыт тауып, облыс орталығына басшылыққа келгеніне 6 айдың жүзі болған Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов қала күні қарсаңында облыстағы жетекші басылым бас редакторларының басын қосып, еркін форматта әңгіме-дүкен құрды.
– Алдымен билік пен бұқараның арасында алтын көпір болып, мемлекеттің саясатын жан-жақты шынайы түрде жеткізіп, облыс пен қалада атқарылып жатқан жұмыстарды ақпараттандырудағы әрбіріңіздің еңбектеріңізді бағалаймын. Әрине, бірлесіп, түсінісіп жұмыс істеудің берері бар. Өздеріңізбен бір ай бойы аталып өтіп жатқан қала күнінің мәресіне жетер уақытта жүздесіп, облыс орталығында бұған дейін не істелді, алда қандай жоспарлар барын бөліскім келеді. Қаланың жетістігі де, кемшілігі де бар. Бір коммуналдық саланың өзі неге тұрады? – деп сөз бастады Асылбек Өмірбекұлы.
Облыс орталығы 8 айда өнеркәсіп өндірісі мен өңдеуден басқа барлық негізгі макрокөрсеткіш бойыша өсім қалыптастырған. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 131,3 млрд теңгені құраған. Ол өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 13,4 пайызға артты. Облыс бойынша қаланың үлесі 53,7 пайызды көрсетіп отыр.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 53,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 121,3 пайызды құрады. Қаржыландырудың барлық көзі есебінен жалпы ауданы 303831 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал өңдеуші өнеркәсіп саласында 43,2 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 542 млрд теңгеге жетті.
– Жыл басында қала бюджеті 51,7 млрд теңгемен бекітілді. Ол бүгінгі күні 72,4 млрд теңгемен нақтыланды. Өз кірістеріміз 20 млрд теңге болса, трансферттер 44 млрд теңге, оның ішінде қала бюджетіне берілген субвенция 16,9 млрд теңгені құрады. Қаражаттың игерілуіне келсек, 9 айдың қорытындысымен бюджет шығындарының жоспары 44 552,6 млн теңге болып, игерілуі 44511 млн теңге немесе 99,9 пайызға орындалды, игерілмеген қаржы 41,6 млн теңгені құрайды, – деді қала басшысы.
Елімізде экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы шағын және орта бизнесті дамыту екені белгілі. Осы жылдың 1 қыркүйегіне Қызылорда қаласында шағын және орта бизнестің дамуы бойынша 31 614 шағын кәсіпкерлік субъектісі (заңды тұлға – 6 197, дара кәсіпкерлер – 23 351, шаруа қожалықтары – 2 066) тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 18,8%-ға артты. Облыс бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 49,8%-ы Қызылорда қаласының үлесінде екенін айта кетейік.
Бүгінгі күні «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында субсидиялау бағыты бойынша 5,2 млрд теңгені құрайтын 123 жоба қолдау алып, құны 1,1 млрд теңгені құрайтын 73 жоба ішінара кепілдендірілді. Биыл аталған бағдарлама аясында жыл соңына дейін 143 жобаны қаржыландыру жоспарланған. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жоба құны 186,9 млн теңгені құрайтын 26 жоба, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы 229 млн теңгені құрайтын 29 жоба қаржыландырылды. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 1 млрд 312 млн теңгені құрайтын 66 жобаны жеңілдетілген шағын несиемен қаржыландыру жоспарланып отыр.
– Ауыл шаруашылығы – экономиканың драйвері. Мемлекет басшысы бұған дейін бұл саланы дамытудың маңыздылығын айтты. Ол үшін елімізде барлық жағдай бар: егіндік және жайылымдық жерлер жетерлік. Су да бар. Тек соның бәрін тиімді пайдаланып, ғылыми технологияларды енгізу қажет. Жұмыс жемісті болса, облыс өзі-өзін асырауға қауқарлы болмақ. Бұл жолда қала шаруаларының да үлесі бар. Яғни, ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнімнің көлемі 9,2 млрд теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 0,9 пайызға артты. Бүгінгі таңда 1445 тонна ет, 3268 тонна сүт, 371 мың дана жұмыртқа өндіріліп, сәйкес кезеңмен салыстырғанда ет өндіру – 102,4, сүт өндіру – 100,8, жұмыртқа 103,3 пайызға артты. Ауыл шаруашылығы құрылымының барлық нысандарында 9036 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары орналастырылған. Оның ішінде күріш дақылы 3406 гектар, бау-бақша дақылдары 990 гектар, көкөніс 1330 гектар, малазықтық дақылдары 2061 гектар жерге егілді. Диқандардың ала жаздай еткен еңбегінің жемісін көрер уақыт та жақындады. Қазіргі таңда егілген егінді жауын-шашынға қалдырмай, шашпай-төкпей жинап алу межесі тұр. Бұл салада айтарлықтай мәселе жоқ, – деді А.Өмірбекұлы.
Қазіргі уақытта Қызылордада құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында СПМК-70/2 тұрғын ауданында ипотекалық 50 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үйдің және Сырдария өзенінің сол жағалауында 11 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Оның ішінде 50 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй, 40 пәтерлі 4 көпқабатты тұрғын үй және 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Аталған тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтуға бюджеттен 1,2 млрд теңге қаралды. Ал, жеке инвесторлар есебінен қалада 9,9 млрд теңгеге 509 пәтерлі 18 үй салынып жатыр.
Айта кетейік, облыс әкімінің бастамасымен облыс орталығында бір мезетте қатарынан үш бірдей ғимараттың іргетасы қаланды. Олар – «Неке сарайы», «Көпфункционалды кешен (Өнер орталығы)» және «Облыстық қан орталығының» құрылыстары. Аталған нысандар алдағы уақытта қызылордалықтардың игілігіне пайдалануға беріледі. Бұл ғимараттар теңдессіз қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік қосып, ынтымағы жарасқан тұрғындарымызға ерекше тарту болмақ.
Тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру мақсатында республикалық бюджеттен 1 млрд 260 млн теңге бөлініп, оған 128,7 шақырымды құрайтын жаңа электр желілері жүргізілуде. («СПМК-70» мөлтек ауданындағы «Болашақ бау-бақша» (3,8 км), «Орбита» аумағына (2,4 км), Тасбөгет кентіне (25,1 км), «Эдельвейс» аумағына (4,6 км), «Арай-Шұғыла» аумағына (9,2 км), Ақжарма ауылдық округіне (48,8 км), «Еңбек» аумағына (7,2 км), «Сабалақ аумағына» (27,6 км). Ал, әл-Фараби ауданындағы ауызсумен қамтылмай қалған аумақтарға ауызсу желісін тарту үшін 241,8 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға 16,5 шақырым ауызсу құбыры тартылуда. Аса қажетті саналатын ауызсу және кәріз желілерін жүргізуге бюджеттен 3,2 млрд теңге (8 жобаға) бөлінді.
– Ауқымды жобаның тағы бірі – «Бәйтерек» шағын ауданындағы тұрғын сектордың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы. Оның ішінде «ұңғымалар бұрғылаумен су жинағыш құрылысын салу» жобасы. Республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 195 млн теңгеге қуаттылығы 7200 текше метр болатын 7 дана ұңғыма, 3 дана резервуардың құрылысы басталды. Біз осы жобаны жүзеге асыру арқылы «Бәйтерек» және қосымша Шанхай, КБИ шағын аудандарында орналасқан жеке тұрғын үйлерді тұрақты қысымды сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін боламыз. Ал, газ желісі тартылмаған елді мекендердің бірі – Ақсуат ауылдық округі. Аталған ауылға 2022 жылы республикалық бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, газдандыру жобасының құны 4,8 млрд теңгені құрайды. 2023 жылы аяқталуы жоспарланған игілікті бастамаға 1,9 млрд теңге бөлініп, тұрғындар толықтай «көгілдір отынның» игілігін көретін болады, – деді қала әкімі.
«Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен 574,2 млн теңге бөлінді. Атап айтқанда, Талсуат (277,1 млн теңге) және Қарауылтөбе (297,1 млн теңге) ауылдық округтерінде 150 орындық ауыл клубының құрылыстары жүргізілуде. Ал облыс орталығында және қалаға қарасты елді мекендердегі жолдарды жөндеуге жергілікті бюджеттен 3,3 млрд теңге қаралды. Оған жалпы ұзындығы 83,4 шақырымды құрайтын 86 көше жөнделуде. Оның бүгінгі таңда 22 көшесі аяқталды. Сондай-ақ, Белкөл кентінде теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы (облыстық бюджеттен 251,2 млн теңге) жүргізілуде. Көпір жыл соңында пайдалануға беріледі. Қызылжарма каналы арқылы «Бәйтерек» ықшам ауданына өтетін көпір құрылысын салуға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз «Стандарт Ойл» ЖШС болып танылды. Жоба құны – 368,6 млн теңге. Жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы соңғы үлгідегі 150 дана автобус алу (1 млрд 434 млн теңге) жоспарланды. Қазір бұл бағыттағы келіссөздер нақтыланып, көліктің алғашқы 40 данасы жеткізіліп, маршруттарға қосылды. Бұл автобустар арқылы қаладағы қоғамдық көлік қатынасындағы түйткілді мәселелерге нүкте қойылады. Сонымен қатар, көлік қатынасын реттеуде қала аумағындағы 10 көшеге жаңа бағдаршамдар орнатылуда. Ол үшін облыстық бюджеттен 164,9 млн теңге бөлінді. Конкурс нәтижесімен жеңімпаз атанған мердігер мекеме қазірде құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға жақын.
Кездесу одан әрі журналистердің ой-пікірі, ұсынысына ұласты.
«Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы қаламгерлер аллеясын жаңғыртып, алдағы уақытта қала күні аясында баспасөз саласы қызметкерлерінің арасында спорттық турнир, әдеби-мәдени фестиваль өткізуді ұсынды. Алда Ақмешіттің астана болғанының 100 жылдығы келеді, сол уақыттағы қаланың тарихын зерттеп, тіпті кезінде осында ұлт қайраткерлері тұрған үйлердің қабырғасына тақтайша ілінсе, артық болмайтынын жеткізді.
Бұл ұсынысты қабыл алған Асылбек Шаменов бүгінгі ұрпақ бойына өткенді, рухани-тәрбиелік рухты сіңіру жолында қалада өтетін түрлі мәдени-рухани, тарихи-тағылымдық іс-шараға жастарды тартып, идеологиялық тәрбие қалыптастыруға мән беруді айтты. Бір ай бойы қала күніне орай болып жатқан іс-шаралардың дені осы бағытты көздегенін, оған БАҚ-тың да белсенді болуын алға тартты. Сол арқылы жас ұрпақты бүгін бар, ертең жоқ әлеуметтік желіден ажыратып, тарихы тасқа таңбаланатын газет-журнал, кітап оқытуға қадам жасалғанын құп көретінін жеткізді.
Ал «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов «Қаланың дамуын бес жылдан кейін қалай елестете аламыз?» деп сауал қойды. «Қаланы кәсіпкерлік саласын дамыту арқылы өркендетіп, өркениетке бетбұрыс жасауға болады. Бір мысал айтайын, азуы алты қарыс Американы, ондағы зәулім ғимараттарды мемлекет салған жоқ, кәсіпкерлер тұрғызды. Жергілікті билік инфрақұрылымын жеткізіп берген шығар, ал негізі нысандарды кәсіпкерлер салды. Біз де осы жолды таңдап, кәсіпкерлердің идеясын пайдалануымыз керек. Әрі инвестиция тартылады, бір жағынан, қала қарыштап дами түседі. Мемлекет те қарап қалмайды, арнайы бағдарламалар арқылы тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салынады. Өндірісті дамыту үшін қиындықтардың барын жасыра алмаймыз. Мысалы, шеге шығару үшін оған темір керек, яғни істің көзін таба білу керек. Демек, үлкен өндірістің жанынан шағын кәсіпорындар ашылса, ол өндірісті дамытады. Нарықтық мүдделілік пайда болады. Кәсіпті дамыту үшін еңбек ету керек. Міне, біз осы қадамға барып жатырмыз. Сондықтан алдағы уақытта қала дамуының келешегі бар, оған анық көзім жетеді, яғни бес жылдан кейін құлпырған Қызылорданы көз алдыма елестетемін», – деді Асылбек Шаменов.
Өз кезегінде «Халық» газетінің бас редакторы Нұржан Нұрмағанбетов «Кадр бәрін шешеді» деген. Бүгінгі атқарылып жатқан, алдағы істелетін жұмыстардың бәрінде мамандардың үлесі бары анық. Жалпы, командаңызға көңіліңіз тола ма?» деп сұрады. «Әрине, қала әкімдігі маған таңсық емес. Кезінде әкімнің орынбасары болып қызмет еттім, сол кездегі әріптестерім жылы қабылдады. Олармен бірлесіп, түсінісіп жұмыс істегеннен кейін, әрбір шаруаның шешімін оңай тауып отырмыз. Сондықтан да командама көңілім толады, оларға сенемін. Біз уақытпен санаспаймыз. Халық демалып жатқанда, біз жұмыс істеуіміз керек», – деді қала әкімі.
Облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Жәнібек Исаев туризм саласы мен қала ішіндегі көлік кептелісін азайту бағытында қандай жұмыстар істеліп жатқанын сұрады. Шаһар басшысы А.Өмірбекұлының айтуынша, қаладағы көлік кептелісін болдырмау үшін кейбір көше қиылыстарында бағдаршамдар орнатылып, ескі теміржол өткелінен жерасты өткелін ашу үшін жоба-смета жасалып, тиісті орындарға беріледі. «Туризм қай жерде табиғаты жақсы, сол жерде жақсы дамиды. Әрине, Сыр елі табиғатымен туристі тарта алмауы мүмкін, алайда сервистік қолжетімділік болса, яғни қонақүй, тарихи музейді дамытсақ, олардың өздері-ақ келеді. Бізде аң-құс, балық аулау жағын дамытуға болады. Одан қалды, «Байқоңыр» ғарыш айлағы – «Қорқыт ата» кешені – «Қамбаш» көлі бағытында туристік турды ұйымдастыруға мүмкіндік бар», – деді А.Шаменов.
Осы жерде қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Әзиз Батырбеков Ақмешіттің алғашқы астана ретінде де келушілерді тартуға болатынына ой қосты. Сол жылдары Алаш арыстарының дені осы жерде өнімді еңбек еткен. Тарихта таңбаланып қалған талай туынды Қызылордада жазылған. 1926 жылы осында ұлттық театр ашылды, өткенді жаңғырту үшін бүгінгі Н.Бекежанов атындағы театрдан бұрыш ашуға әбден болады.
Міне, дария жағасындағы қаланың туған күні бір-екі күндікте өз мәресіне жетеді. Бір ай бойы танымдық-тағылымдық, мәдени-әдеби іс-шаралармен тұрғындарға рухани серпіліс сыйлаған қала мерекесі орталық стадионда «Бірлік пен бақыт арнасы, қазақтың Қызылордасы» театрландырылған қойылым, мерекелік гала-концертпен қорытындыланады. Жалпы, осы қала күніне орай өтіп жатқан барлық іс-шараға қаржы қайдан бөлінді? «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Биқожаның осы сауалына қала әкімі Асылбек Шаменов: «Бұған бюджеттен бір тиын да бөлінген жоқ. Ал кейбір іс-шара мәдениет бөлімінің жылдық іс-жоспарына сәйкес қаралған қаржы арқылы ұйымдастырылғанымен, дені жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен, демеушілігімен өткізілді. Әншілерді де сол кәсіпкерлер өздері шақырды. Құдай қаласа, сол күні қалада 300 орындық балабақша, бірқатар нысан ашылады, мұның бәрін жеке кәсіпкерлер өз қаржысына салған. Екі жылғы пандемия, бүгінгі геосаяси жағдайда елдің еңсесін көтеру үшін бизнесмендер өз бастамаларымен бізге келіп, қала күнінде мерекелік көңіл күй сыйлауды ұсынды. Біз қолдадық. Ашықтық, жариялылық, халыққа жақындық өз биігін алған сайын тіршіліктің де мазмұны айқындала түспек. Бұл жолда елдің бірлігі нығая берсін деп тілейік», – деді.
Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!