Сайлау дүбірі басталғанда, үміткерлермен қатар атқа қонатын тағы бір топ азамат бар, олар – бақылаушылар. Әрине, көзі ашық, көкірегі ояу жандар «бақылаушы» (Ресми түрде «байқаушы» деп аталады. Бірақ, өз басым, орыс тіліндегі «наблюдатель» деген сөздің аудармасы емес, нақты мағынасын «бақылаушы» деген сөз көрсетеді деп ойлаймын) деген сөзді түсінеді, олардың қызметтерін, мақсат-мүдделерін біледі, алайда, қалың көпшілік сайлау үдерісін бақылауға алудың қандай қажеттілігі бар екендігін, оның жолдарын, бақылаушының құқықтарын толық біледі деп айта алмаймын. Бұл мақаланы Қазақ еліндегі бақылаушы институтының пайда болуы мен бұл құрылымның қазіргі жағдайынан бастап, сайлау кезеңіндегі бақылаушылардың рөліне дейінгі мәселелерді қамтуды мақсат еткен, ағартушылақ бағыттағы көзқарастың бірі деп түсініңіздер.
Сайлау барысын бақылаудың басты мақсаты дауыс берудің әділ де адал өтуіне атсалысу болып табылады. Сонымен қатар бақылаушылар дауыс беру процесін жүзеге асыратын сайлау комиссияларының әдейі жасаған не білмегендіктен жіберген қателіктеріне дер кезінде тосқауыл қойып, азаматтардың саяси өмірге қатысу құқығының сақталуын қамтамасыз етеді.
Сайлау барысын бақылау:
– қоғамдағы сайлауға деген сенімді арттыруға;
– ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге;
– сайлауды өткізу кезінде заңбұзушылықтар болды деген негізсіз айыптарды жоққа шығаруға;
– сайлау өткізу кезінде көзге түскен заңбұзушылық деректерін нақтылауға;
– сайлауды бағалауға, келешекте сайлау туралы заңнаманы жақсартуға қажетті ақпарат беруге бағытталады.
Өз басым алғаш рет тоқсаныншы жылдардың ортасында бақылаушы болдым. Болдым емес-ау, болуға тырыстым. «Сайлауға бақылаушы» дегеннен қарабайыр, жалпылама ғана түсінігім бар болса да, «көз – қорқақ, қол – батыр» деп, үйдің қасындағы сайлау учаскесіне барып, «мен – бақылаушымын!» деп, отырып алдым. Айтпақшы, көп те отырған жоқпын, топтап бірнеше бюллетеньді салғалы жатқан орыстың бір кемпірін жүгіріп барып, қолынан ұстап алып, айқай шығардым. Сайлау учаскесінің мүшелері де мен сияқты «бақылаушы» дегенді естігенмен, өмірі кездесіп көрмеген болулары керек, кемпірден бюллетеньді тартып алып, өзін қуып жіберді. Қысқасы, біршама уақыт өтпей жатып, сайлау учаскесін толық «басып алдым». Мойындауым керек, сайлаудың заңдарын, дауыс беру тәртібін де толық меңгергенмін деп айта алмаймын, бірақ, ниетім де, қарқыным да жаман емес… Менің «белсенді жұмысым» жоғарыға да жеткен болуы керек, көп кешікпей, қасына қаланың прокурорын ертіп, қалалық сайлау комиссиясының төрағасы келді. Басында маған «бір адамға бірнеше бюллетень беруге болады» (!) деп сендірмек болған төраға менің көнбейтініме көзі жеткеннен кейін, «бақылаушы орнынан тұрмауы керек, сайлау процесіне бөгет жасамауы керек» деп, екі милицияны екі жағыма қарауыл етіп тұрғызып, кетіп қалды.
1999 жылы бірнеше ұйым бірлесе отырып, АҚШ-тың Ұлттық Демократиялық Институтының қолдауымен (Ол институтты Қазақстанға алып келу де оңай жұмыс болмады) «Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесін» құрдық. «Азат» қозғалысының бұрынғы құрамын пайдалана отырып, барлық облыстарда бөлімшелерімізді аштық, бақылаушыларды жасақтап, шетелден мамандар шақырып, оларды оқытуға кірістік. Шілде айында басталған жұмыстың нәтижесінде қазан айындағы сайлауға біршама дайындықтан өткен 2400 бақылаушы қойғанымыз есімде. Бұл қазақ еліндегі бақылаушы институтының өмірге келуінің алғашқы және нақты көрінісі болатын. 2000 жылғы Сайлау туралы заңға өзгеріс пен толықтыру енгізетін комиссияға кіріп, бақылаушылардың құқықтарын толығымен қайта қарауға, өзіміздің ұсыныстарымызды өткізуге мүмкіндік алдық. Бес жылдың ішінде бұл қауымдастық үлкен беделге ие болды, сайлау кезінде ойларына келгенін жасайтын мемлекеттік биліктің сан түрлі тәсілдеріне тосқауыл қоя білдік. Сасқан билік бақылаушылардың жұмысын тиімсіз ететін сан түрлі тәсілдер ойлап тапты. Естеріңізде болар, бір кездері жеке куәліктерге штрих код енгізіп әбігерге түссе, енді бірде электронды дауыс беру жүйесін («АИС Сайлау») қолданысқа енгізіп, сол арқылы бақылаушыларды айналып өтпек те болды. (Біздің Тәуелсіз бақылаушылар жүйесі өзінің белсенді жұмысын тоқтатқаннан соң ғана, қанша қаражат жұмсалған электронды сайлау тәсілін биліктің өздері алып тастады…).
2003 жылы біздің қауымдастық Европаның қоғамдық негіздегі бақылаушылар ұйымына (ЕНЕМО) кіріп, шетелдегі сайлауларды бақылауға қатыса бастады. Әлі есімде, Украинадағы Ющенко мен Янукович жарысқан сайлаудың екі кезеңіне де біздерден жүзден астам бақылаушы қатысты. Оларға арнайы ұшақ жалдауға тура келді… Кейін біздің бақылаушылар Румыния, Сербия, Черногория, т.б. елдерде жұмыс істеді. Ал Қырғызстандағы 2004 жылғы президент сайлауын бақылайтын ЕНЕМО миссиясына Қазақстан бақылаушыларының басшысы төрағалық етті.
Қазақстанда 2005 жылдан бастап қоғамдық ұйымдар тарапынан да, сайлауға түскен саяси партиялар жағынан да бақылаушылар тобы жасақтала бастады. Оларды сайлау алдында дайындау, оқыту, жұмыс тәртібін жасау мәселесін қазақстандық мамандар өз қолдарына алды. Менің ойымша, 2019 жылғы президенттік сайлау және сол науқандағы Қосанов пен Тоқаевтың бәсекелестігі бақылаушылар қозғалысына ерекше бір жаңа леп берген сияқты; сайлауға деген қызығушылық артып, облыстар мен аудандарда, ауылдарда бақылаушылар тобы пайда бола бастады, оларды орталықтандыру мәселесі күн тәртібіне шықты.
Өкінішке қарай, Қазақстандағы сайлауды бақылау бағытындағы жетістіктермен қатар, кемшіліктер де жоқ емес. Оның бірі – бақылау жасаушы топтардың, ұйымдардың тек қана дауыс беру күні сайлау учаскелеріндегі бақылаумен шектеліп, сайлауға дейінгі бақылау мәселесіне көңіл бөлмегендігі деп ойлаймын. Айта кету керек, бақылаушылар, шартты түрде, екі топқа бөлінеді. Біріншілері (оларды «Ұзақ мерзімді бақылаушылар» деп атайды) – сайлау жарияланған күннен бастап жұмысқа кіріседі; үміткерлерді тіркеу, олардың сайлауалды бағдарламаларын бекіту, сайлау учаскелерінің дайындығы, олардың үгіт-насихат жұмыстарының жүргізілуі сияқты сайлау процесінің барлық кезеңдері бақылауға алынады. Бұл кезеңде де көптеген заңбұзушылық болатынын білеміз. Кейбір үміткерлердің сайлаушылармен кездесуіне бөгет жасалса, енді біреулерін сан түрлі сылтаумен тіркемей де қояды. Осы жерде үміткерлердің қазақ тілінен емтихан тапсыру мәселесіне де көңіл бөлу қажет деп есептеймін. Қазақша тілдерін бұрап, әрең сөйлейтін жандардың қазақ тілінен емтихан тапсырып, үміткер санатына енгенін көргенде, бақылаушылар тарапынан осы емтиханның жүргізілуіне бақылау болмағанына өкінесің. Заң бақылаушыларға бұл мәселелерді бақылауға толық мүмкіндік береді. Қысқасы, бақылаушылар сайлау процесінің барлық кезеңін бақылай алады. Біздегі бақылау, көп жағдайда, қысқамерзімді бақылаумен шектеледі. (Дауыс беретін күні сайлау учаскесінде болып, дауыс беру, оны санау процесіне қатысу). Екінші кемшілік – республикадағы барлық бақылау жасайтын ұйымдар мен топтардың бір орталыққа топтаспауы дер едім. 2019 жылдағы президенттік сайлаудан кейін өмірге келген тәуелсіз бақылаушылар кейін «Мұқалмас» атауымен республикалық бірлестік есебінде ресми тіркелді, бірақ биылғы үміткерлерді тіркеу мәселесіне араласып, бастары дауға қалған сияқты. Әрине, ұйымның Жарғысымен таныс болмағаннан кейін нақты пікір айту дұрыс та емес шығар, бірақ өздерін «тәуелсіз бақылаушылармыз» деп атаған ұйымның жеке бір партияны, не жеке бір үміткерді қолдауын, өз басым, түсіне алмадым. Бізде сайлау науқаны кезінде бірнеше орталықтандырылған топтар, қауымдастықтар жұмыс істейді де, сайлаудан соң, тарап кетеді. Қысқасы, тек қана сайлауды бақылаумен айналысатын республикалық деңгейде құрылым әлі өмірге келген жоқ.
Әлде өздерінен басқаларды жау деп қабылдайтын коммунистік ұстаным ба, немесе, біздің әділетсіздігімізді ашып қояды деп ойлай ма, білмеймін, бірақ, алғашқы күннен бастап, билік орындары және олардың айтқанын бұлжытпай орындайтын сайлау комиссияларының мүшелерімен бақылаушылардың дәм-тұзы жараспады. Ең қызығы, екі жағының да міндеті – сайлаудың заң шеңберінде өтуін қамтамасыз ету болса да, сайлау учаскелерінің басым көпшілігінде бақылаушылар мен сайлау комиссияларының мүшелері бір-бірлерін көздерімен атып, ит пен мысық сияқты жағдайда болады. Көптеген сайлау комиссиясының мүшелері бақылаушыларды «өздерін аңдуға келген», «комиссия мүшелерінің заңсыздықтарын жіпке тізіп, қажет болса, ұстап алатын» жандар деп есептейді. Сондықтан болуы керек, осы жылдардың ішінде комиссия мүшелері тарапына бақылаушылардың құқығын бұзатын, олардың жұмыстарына кедергі келтіруге бағытталған сан түрлі заңсыз айла-тәсілдер қолданылды. Олардың ішінде бақылаушыларға дауыс беру процесі анық көрінбейтін жерден орын беру, олардың отырған жерлерін лентамен қоршап (!), сызық сызып қоюдан (!) бастап, суретке түсіруге, жазба жасауға рұқсат бермеу, тіркемеу, жоқ жерден сынық тауып, сайлау учаскесінен шығарып жіберу, т.т. тәсілдер бар. Бақылаушылардың жұмысына бұндай тәсілдер арқылы бөгет жасай алмайтынын түсінген «Жаңа Қазақстан» билігі жаңа тәсілге көшкен сияқты. Осы уақытқа дейін Қазақстанның кез келген үкіметтік емес ұйымы бақылау процесіне қатыса алатын («ҚР Сайлау туралы» заңы. 20-1-бап. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары. 1. Қазақстан Республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушысының өкілеттіктері оның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіліп, жазбаша нысанда куәландырылуға тиіс. Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталады және ол байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Құжаттар сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға байқаушы туралы деректерді есепке алу журналына енгізу арқылы оны тіркеу үшін көрсетіледі). Ал соңғы уақытта, нақтырақ айтсақ, 2019 жылғы президенттік сайлаудан кейін, билік тарапы осы Конституциялық заңға өзгеріс енгізіп, ұйымның Жарғысындағы мақсаттарының ішінде «сайлауды бақылау жасау» туралы мәселе жазылмаса, ондай ұйымдар сайлауға бақылау жасауға жіберілмейді» деген заңсыз талапты өткізуге бар күштерін салып жатыр. Егер бұл жасанды тосқауыл жүзеге асатын болса, Қазақстандағы азаматтық қоғамның бір мүмкіндігінің шектелгені болып табылады. Кез келген биліктің, мемлекеттік ұйымның әрбір қадамын, іс-әрекетін бақылап отыру, мониторинг жүргізу Азаматтық қоғамның ең басты міндеті болып табылады. Осы күнге дейін бұл мәселе талқыға, талдауға түспейтін аксиома болып табылатын. «Жаңа Қазақстан» азаматтық қоғамның осы құқығын шектеуді күн тәртібіне қойып отыр.
Дегенмен, Қазақстандағы бақылаушы институтының қалыптасып келе жатқанын мойындауымыз керек. Соңғы ақпарат бойынша 20 қарашада өтетін, қазірдің өзінде Қазақстандағы ең «бәсекелессіз сайлауға» бақылау қоюды мақсат еткен қоғамдық ұйымдар жеткілікті сияқты. 17 қазанда сайлау учаскелерінің 30 пайызын бақылауға алуды мақсат еткен «Бақыла!» қауымдастығы баспасөз жиынын өткізсе, кеше «Ел тірегі» ұйымы да брифинг берді. Арайлым Назардың «Тәуелсіз бақылаушылары», «Әділ сайлау», «Эхо», «МИСК», «Мұқалмас» сияқты тәжірибелі бақылаушылары бар ұйымдардың да бұл кезеңде қарап қалмасы анық. Меніңше, бақылаушылар үшін сайлаудың «таласты», «талассыз» өтуі маңызды емес, біріншіден, кез келген сайлауды бақылау – үлкен тәжірибе, өздерінің кәсіби деңгейлерін көтерудің нақты мүмкіндігі, екіншіден, бақылау нәтижесінде жинақталған деректер сайлау жүйесін өзгертуге, оның ашықтығы мен жариялылығын жақсартуға негіз болады.
Дос КӨШІМ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!