Еліміз Тәуелсіздік алғалы экономикасы қарқынды дамып, бірегей табыс тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекетке айналды. 30 жылда біраз саяси жетістікті бағындырып үлгердік. Жоқшылық жағаға жармасып, таршылық титықтатып жіберген сонау 90-жылдарда инфляция 3000 пайызға жеткенін ұмытпаған боларсыздар. Сонда да төзімділік пен сабырлықтың шегін қанағат етіп, алға ұмтылу арқылы осы күнге жеттік. Әлемнің аса қарқынды дамушы елдерінің қатарына еніп, жаһандық экономикалық дағдарыстың соққысына төтеп беріп, қандай сынға да қарсы тұра алатын құрыш мінезді дала халқына айналғанымыз рас. Биыл – ел Тәуелсіздігіне 30 жыл. Осыған байланысты жыл басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбымен мақала жариялады.
Сөзінің әлқиссасын да қастерлі ұғым, биік тұғырымыз саналатын егемендікке арнады.
– Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халық үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет, – деп бастады.
Мақаланың маңызы тақырыбынан басталып тұр. Отыз жылдық белесті үш онжылдыққа бөліп қарастырған президент тәуелсіздік алғаннан кейінгі елеулі саяси маңызды құжаттардың қабылданғанын, дипломатиялық өрісіміздің кеңейгенін, шекарамызды шегендеп, өркениетті елдердің даму көрінісіне көз тастағанымызды айтады. Елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуға бағытталған «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» секілді ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылды. Бұл ретте Қызылорда облысында атқарылған тындырымды тірліктер де аз емес.
Индустриялық-инновациялық даму ұлттық экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың өрісті жолы десек, қателеспейміз. Жалпы, индустриялық-инновациялық саясаттың көбінесе даму институттарының қолдауымен іске асатындығы дамыған елдердің тәжірибесінде дәлелденіп отыр. Облыс экономикасын әртараптандыру мақсатында өңірде индустрияландыру бағдарламасының І және ІІ бесжылдығы аясында жұмыстар жалғасуда. Соңғы онжылдықтың бедерінде аймақта құны 150 млрд теңгені құрайтын 26 жоба іске қосылып, 1,6 мың жұмыс орны ашылды. Бұл жобаларға мемлекеттік қолдау шаралары ретінде жер телімдері, инженерлік инфрақұрылым жеткізу, инвестициялық преференциялар және жер қойнауын пайдалану құқығы табысталды. Карта аясында іске қосылған жобалар арқылы өндірілген өнім көлемінің жалпы өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі ағымдағы жылдың 5 айымен 28%-ды құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 16,8% болған.
Айта кетейік, 2019 жылы индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аяқталды. Облыс экономикасы үшін ол кезең де табысты саналды. Өйткені екі бірдей өндіріс орны іске қосылды. Бірі – «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орны, екіншісі – «Баласауысқандық» ванадий кен орны. 2020 жылдан бастап индустрияландырудың үшінші бесжылдығына қадам бастық.
Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, 2020-2025 жылдарға арналған индустрияландыру бағдарламасында құны 542,9 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 7,4 мың адамды жұмыспен қамтитын 41 жоба жүзеге асырылуда. 2020 жылы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын, толық қуаттылыққа шыққанда 220 адамды жұмыспен қамтитын 5 жоба іске қосылды. Олар – балықты тереңінен өңдейтін 2 цех, алғашқы кварц құмын байыту комбинатының І желісі, тротуарлық плитка, жиектас, лего кірпіш өндірісі және түйіршіктелген аммоний-сульфат өндірістері. Сондай-ақ, биыл облыстың өнеркәсіп саласының дамуына серпін беретін шыны зауыты, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ, ас тұзы өндірістері және құс фабрикасы сияқты 4 жоба іске қосылады деген жоспар бар. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде облыс экономикасын әртараптандыруға әсер ететін экспортқа бағдарланған және бәсекеге қабілетті жаңа өндірістер құрылмақшы.
Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылған ірі жобалардың ішінде қалаға тиесілі бөлігі де бар. Бүгінде Қызылорда қаласы бойынша «Индустрияландыру картасы» аясында 72 млрд теңгені құрайтын 14 жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар толық іске асырылған уақытта шамамен мыңнан аса жаңа жұмыс орындарын құру күтілуде. Солардың бірі – шыны зауыты. Бүгінде құрылыс жұмыстары 82 пайызға аяқталды. Сәуір айының аяқ шенінде Қызылорда облысының әкімі Г.Әбдіқалықова «Табақ шыны өндіру және өңдеу» зауытына барып, құрылыс жұмыстарын тексерген болатын. Жоба жетекшісі – «Orda Glass Ltd» ЖШС. Облыс әкімдігі сыртқы инженерлік инфрақұрылымды жеткізу бойынша жұмыстарды орындады. Атап айтсақ, газ құбырының екі тармағы және сумен жабдықтау, электр желісі, автожол және байланыс жұмыстарын жүргізді. Теміржол тұйығының құрылысы жуырда аяқталады деп жоспарлануда.
– Біз зауыт өндірісінің іске қосылуымен капиталдың басқа елдерге жіберілуін тоқтатамыз және елді өзіміз әйнекпен қамтамасыз етеміз. Мысалы, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елге құны шамамен 1 млн АҚШ долларын құрайтын шыны импортталды. Атап өту қажет, шыны зауытының іске қосылуымен кемінде 8 ілеспе өндіріс құруды көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде шыны зауытының айналасында инвесторлармен 3 жобаны іске асыруды бастадық. Бұл – шыны талшық (2 млрд теңге), айна (4 млрд теңге), шыны ыдыс және ыдыс (10 млрд теңге) өндірісі. Жаңа кәсіптерді игере отырып, шамамен 2 мың жұмыс орны құрылады, – дейді Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Р.Сұлтангереев.
– Ел тәуелсіздік алғалы жеткен толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік.
Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет, – деп жалғады президент өз мақаласындағы сөз арасын.
Әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырған елдегі міндет те, мақсат та, бағыт та айқын болуы тиіс. Кез келген істе әділдік қағидаты басшылыққа алынса, бұған анық қол жеткіземіз. Мәселен, тұрғындардың тұрмысы жақсарса, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан етудің қажеті болмас еді. «Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ» деген президент әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа алатынын айтты. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесі бірдей қорғалуы тиіс. Президент ұғымындағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы. Халықаралық саяси-экономикалық, әлеуметтік, демократиялық, мәдени жағдайларды ескере отырып әзірлеген жұмыс жоспары да рет-ретімен жалғасып келе жатқанда жаһандық экономиканың жолына коронавирус пандемиясы кесе-көлденең тұра қалды. Десе де, оған жеңіле қойған ел жоқ. Әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы шаралар қабылданып, бағыт-бағдар өз осінен аумады.
– Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс, – деген мемлекет басшысы аталмыш мақаласында бұл туралы ұлы Абайдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген сөзін еске салды.
Шыны керек, егемен ел болсақ та, тарихи деректердің кейбірі әлі де тыңғылықты зерттелмеген. Мұны ел президенті де нақтылап айтты.
– Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс. Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор, – деді президент Қ.Тоқаев.
Бұл ретте мемлекет басшысы азаттықтың алғашқы қарлығаштары – «Желтоқсан» қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керектігін айтты. Сондықтан жыл соңына дейін жаңа тарихымыздағы бірнеше айтулы оқиғаның мерейлі белесі атап өтіледі. Сондай-ақ, 1991 жылы Семей полигоны жабылды. Оның еліміз ғана емес, барша адамзаттың болашағы үшін айрықша маңызды шешім екенін ескеріп, арнайы іс-шара өткізу қажеттігін назарға салды.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!