Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауылдарды дамытудың жоспары пысықталды

13.01.2024, 17:00 614

Қызылорда облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығы – «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізге алынып, оны іске асыруға басымдық берілген. Ауылдық елді мекендердің алдағы жоспарлары, өркендеу мүмкіндіктері қарастырылуда.

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңірдегі ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жай-күйі, даму бағыттары талқыланған мәжіліс өтті.

«Өткен жылы ауыл игілігі үшін мемлекеттік бюджеттен 18 млрд теңге қаржы берілді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 47 елді мекенде 216 жобаны жүзеге асыруға 12 млрд 400 млн теңге бөлінді. Биыл бағдарлама аясында 11 млрд теңгеге 67 жоба межеленген.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3 млрд теңгеге 404 жоба жүзеге асты. Биылға 6 млрд теңгеге жуық қаржыға 800-ден астам жоба жоспарланған. Өткен жылдан бері қолға алынған «Үлгілі елді мекен» жобасы аясында жеңімпаз 12 елді мекенге күнделікті ел тұрмысына қажетті заманауи үлгідегі 29 арнайы техника берілді. Тағы 12 ауылдық елді мекенге газ кіргізіліп, қазіргі кезде табиғи газдың игілігін пайдаланатын ауыл саны 34-ке жетті. Биыл 4 млрд теңгеге 12 елді мекенді «көгілдір отынмен» қамтамасыз етеміз. Мұның барлығы – ағайынның әл-ауқатын арттыру бағытында жасалған жұмыстар», – деді аймақ басшысы.

Мәжілісте Жалағаш ауданы, Таң ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, ондағы кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларын өркендетудің жолдары талқыланды.

«Бұл ауылға соңғы 5 жылда 2,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Соның 1,3 млрд теңгесі демеушілік есебінен, яғни осы ауылдың тумасы Имамзада Қуанышбайұлы өз қаржысын салған. Осылайша халықты тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Былтыр қараша айында арнайы көшпелі мәжіліс өткізіп, тиісті тапсырмалар берген болатынбыз», – деді аймақ басшысы.

Жиында Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов және бірқатар басқарма басшылары баяндама жасады. Өткен жылы Таңдағы бірқатар әлеуметтік нысандар мен автомобиль жолдарын жөндеуге жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, бюджет есебінен қаржыландыруға ұсынылды. Биыл 4 жобаға облыстық бюджеттен 813,9 млн теңге бөлінді. Мәдениет үйін күрделі жөндеудің жоба-сметалық құжаттамасы мен эскиздік жобасын әзірлеуге Алматы, Түркістан қалаларындағы тәжірибелі сәулетші мамандар қатысты. Жоба құны – 377,4 млн теңге. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды, қорытындысы 26 қаңтар күні анықталады.

Сондай-ақ, «Таң-Жаңақоныс» автомобиль жолын қайта жаңғыртуға 287,6 млн. теңге, «Таң-Самұрат» автомобиль жолын қайта жаңғыртуға 118,8 млн теңге, қосымша 1-ші су көтеру ұңғымасын қайта қазуға 30 млн теңге бөлінді. Бұл жобалардың мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Ауылға кіреберістегі «Бозарық» каналының көпірін қайта жаңғыртуға және 4 көшені жарықтандыруға ЖСҚ әзірленіп, бюджеттік өтінімдер жолданды. Ішкі көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары аудандық бюджет есебінен іске асырылмақ. Өндірістік ғимараттар мен «Таң LTD» ЖШС-ның демеушілігімен салынатын жаңа тұрғын үйлердің орналасатын орындары белгіленіп, эскиздік жобаға енгізілді.

Мұнан бөлек, биыл ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Ауылда, кентте, ауылдық округте жалға берілетін тұрғынжай салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы күшіне енді. Осы орайда Құрылыс комитеті кәсіпкердің тұрғын үй құрылысына кеткен шығындарының 50 пайызын субсидиялауға мүмкіндік бар екендігін хабарлады. Жұмыс аяқталған соң бюджеттік өтінімдер тапсырылады.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінен Таң ауылына кіреберіс жолдың бойына ағаш егу үшін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қажетті көшеттермен қамтамасыз етеді. Ал, тал егу және су апару жұмыстарын «Таң LTD» ЖШС жүзеге асырады.

Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында құс өсіру жобасы пысықталды. Қазіргі уақытта 500 басқа арналған тауық шаруашылығын ашу бағытында жеке кәсіпкер Д.Доспановтың құжаттары әзірленуде.
Жиында аталған жобаларды іске асыру мерзімдері мен барысы егжей-тегжейлі талқыланып, жауапты сала басшыларына жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтау туралы тиісті тапсырмалар берілді.

Алдағы уақытта өңірдегі басқа да ауылдардың даму жоспарлары, мүмкіндіктері кезең-кезеңімен жан-жақты қаралатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: