Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі аудандық білім бөлімі мен полиция бөлімі және Қазалы аудандық көп бейінді ауруханасына қарасты «Болат Жолы» дәрігерлік амбулаториясына барып, мекемелердің жұмысымен танысты.
Алдымен аудан басшысы аудандық білім бөліміне барып, бөлімнің жұмысы мен ғимараттың жай-күйін көрді. Аралау барысында мекеме ауласының санитарлық тазалығына қатысты бөлім басшысына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Мұнан соң аудандық полиция бөлімі мен ондағы Жедел басқару орталығының жұмысын көрді. Өткен жылы Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында аудандық полиция бөлімінде кіші жедел басқару орталығы ашылған болатын. Сонымен қатар облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ауданда қоғамдық орындарда тәртіпті бақылайтын 79 бейнекамера, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын 7 стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғысы орнатылды. Жедел басқару орталығы арқылы аталған камералардың көмегімен жыл басынан бері ауданда 5 қылмыс ашылса, 3314 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған.
Алмасбек Әбілқасымұлы құқықбұзушылықтарды анықтау бағытындағы мұндай жұмыстарды әлде де күшейтіп, алдағы уақытта камералар санын көбейтуге жұмыс жасау керектігін айтты.
Аудан басшысы Қазалы аудандық көп бейінді ауруханасына қарасты «Болат Жолы» дәрігерлік амбулаториясынада барып, ондағы жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Аудандық аурухананың басшысына жөндеу жұмыстарының сапасын ұдайы бақылауда ұстап, тезірек аяқтауды тапсырды. Амбулаторияның жөндеу жұмыстарымен «Гор Сервис Проект» ЖШС айналысуда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!