– Ашаршылықтың салдарынан қазақтың жартысына жуығы, яғни 49 пайызы жойылып кетті. 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтан халықтың 30 пайызы қырылды. Егер бұл қанқұйлы қасірет орнамағанда, қазақтың саны қазір 40 миллион болар еді. Бұл – менің тарихи деректерді саралап айтқан жеке пайымым. Бұдан үлкен қандай қасірет бар? Өткен күнге зер салсақ, халқымыздың геосаяси орналасу кеңістігі үлкен империялардың ортасына түсіп әрқашан осындай қасіреттерге ұшыраған. Екі миллион халық қырылу деген оңай емес. Қазақ ашаршылықтың салдарынан өзінің рухани дәстүрлерінен, даму жолынан ажырады. 1928 жылдан бастап ірі байларды тәркілеу басталғаннан кейін күштеп ұжымдастырудың негізінде зорлап отырықшыландыру белең алды. «Бай-құлақтарды жою» деген саясат пайда болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жаппай тартып алу, мал шаруашылығын күйрету, қуғын-сүргін бәрі қатар жүрді. 1937 жылы шілдеде «Социалистік меншікті қорғау» деп аталған қисынсыз заң шығып, қаншама азамат түрмеге тоғытылды. «Ауқатты шаруаларды тап ретінде жою» деп айдар тағылған бір ғана науқанда 200 мың адам жер аударылып, талайы сотталды. Осының бәрі қазақты әлеуметтік, саяси, рухани тұрғыдан да жаншыды. Еңсесін езді. Саяси қасірет дейтініміз, қазақ өзінің ұлттық мемлекет болам деген арманынан қол үзді. Алашордашылар осы арманның ең соңғы ұмтылушылары болды. Бұл тақырыпты осындай кең ауқымда қарастыруымыз керек.
Біз тек ғана «қазақ жартысынан айырылып қалды», «ашаршылық болмаса бәрі бұлай болмайтын еді» деген сарындағы пікірлермен шектеліп қалмай, осынау қасіретті жылдар ұлттық тамырымыздан ажыратып, ділімізден жаңылдыра жаздағанын түйсінсек игі. Міне, ашаршылыққа осылай баға беруіміз керек. Қаймақтарымызды қалқып алды, барымызды тартып алды. Алашорданың қайраткерлерін айтпағанда, қаншама иманды тұлғаларымыз, рухани көсемдеріміз болған зердесі терең зиялыларымыз жазықсыздан жан кешті. Өзінің туған баласын суға лақтырып, адам етін жеуге дейін барған кездер болды. Қазаққа төнген ашаршылық – ешбір адамзаттың басына тілемейтін жан түршігерлік, ғасыр қасіреті деп бағалауымыз керек. Оның рухани салдарлары бертінге дейін аға ұрпақтың санасындағы үрейлене еске алатын ең сұрықсыз көрініске айналды. Қазақты дәстүрлі жолдан тайдырудың ең үлкен көрінісі осы ашаршылық.
Белгілі ғалым Талас Омарбековтың
«Егемен Қазақстан» газетіне
берген сұхбатынан үзінді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!