Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АҚШ-Иран-Израиль қақтығысы. Не белгілі?

05.03.2026, 8:20 24

2026 жыл басталғалы бері әлемнен тыныштық кетті. Бұл туралы бұған дейін «Ирандағы жаппай наразылық. Диктатурадан қажыған халық билікті құлатуға тырысады» атты мақаламызда айтқан едік. Сол қаңтар айынан бергі шиеленіс пен қақтығыстарға тоқтам болмай тұр. Дәлірек айтқанда, АҚШ, Израиль, Иран елдері жаңа «соғыстың» шымылдығын ашты. Онсыз да іштей іріп, халқы биліктен безіп, хаосқа айналған Иран сырттай қос алпауытпен қақтығысуға мәжбүр. АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базаларын атқылаған Иранды Трамп аямады. Бір қызығы, Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанғанымен, бұл қақтығыс біздің елден де аттап өтпейтін секілді. Бірақ қорқуға негіз жоқ. Бұл мақаламызда қақтығыстың орнау себебін анықтап, болашақ мүмкін сценарийлерге көз жүгіртіп, шиеленістің Қазақстанға әсерін де жан-жақты  талқылаймыз.

БҰРЫНҒЫ  ШИЕЛЕНІСТЕР. ҚЫСҚА  ШОЛУ

Жалпы, екі ел арасындағы, яғни Израиль-­Иран қақтығысы ондаған жыл бойы жалғасып келе жатыр. Басты себеп – Иран Израильдің егемендігін мойындамайды, тиісінше ыды­рауын талап етеді. Ал Израиль болса, Иранның қолындағы ядорлық қарудан қауіптенеді. Газа соғысына әкелген 7 қазан шабуылы мен Таяу Шығыстағы дағдарыс аясында екі ел арасындағы қарым-қатынас одан ары шиеленісе түсті. Екі ел 2024 жылдың сәуірінде бір-біріне соққы жасаған болатын. Иранның ядролық қарудан бас тартуына АҚШ президенті Дональд Трамп екі ай берген. Бірақ Иран бұл өтінішке келісім білдірмеді. Артынша Атом қуаты халықаралық агенттігі Иранның қарудан бас тартпайтынын ресми  түрде  мәлімдеді.

Бұл оқиғаға дейін 2025 жылы Израиль бірінші болып Иранға шабуыл жасаған. Күні бүгінге дейін­гі келіспеушілікке алып келген нақты қадам да осы болды. Ең алдымен АҚШ Израильді қор­ғаушы сыңай танытқанымен, араға аздаған уақыт салып, Иранның үш ядролық нысанын бомбалап, қақтығысқа  тікелей  кірді.

Қос мемлекет 2025 жылдың 15 маусымында келісімге келгендей болған. Бұл жайлы екі елдің дипломатиясына жауапты  тұлға ретінде АҚШ президенті Дональд Трамп хабарлаған. Алайда бүгін­гі жағдай екі ел арасында тағы да ұзаққа созыла­тын  араздастық  тудырып  тұрған сыңайлы.

АҚШ  пен  ИЗРАИЛЬДІҢ  ИРАНҒА  ЖАСАҒАН  СОҚҚЫСЫ

Әлемді дүр сілкіндірген сәт 28 ақпанда, көктемге таяған уақытта болды. Нақтылап айтқанда, АҚШ пен Израиль бірігіп, Иранның кей қаласын атқылады. Бұл жердегі Трамптың позициясы – Иранды ядролық бағдарламаны дамытып жатыр деп айыптап, оның ракета өнеркәсібін жою. Бұл туралы Трамп өзінің 25 ақпандағы сөзінде айтқан еді. АҚШ президенті Иранды «дәл қазір төніп тұрған  қатер»  деп  ашық  айыптады.

– Жарым түндегі балғадан (Midnight hammer) соң оларға қару бағдарламасын, соның ішінде ядролық қаруды қайта жасамау керегі жөнінде ескерттік. Алайда олар бәрін қайта бастап жатыр. Бұл мәселені дипломатия жолымен шешкім келеді. Бірақ бір нәрсені нақты айта аламын. Әлемдегі террордың ең басты демеушісі (олардың мұндай екені айдан анық) ядролық қаруға қол жеткізгеніне жол бермеймін. Бұған рұқсат бере алмаймын, — деді ол өз сөзінде.

«Ондаған жыл бойы АҚШ-тың негізгі саясаты Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне қарсы болып  келеді»  дейді  ол.

Трамп осы сөздерінен соң, араға үш күн салып нақты іс-қимылға көшті. Ол ең алдымен сегіз минут­тық мәлімдеме жасап, Иранға қарсы ірі опера­цияның басталғанын күллі әлемге хабардар етті. Әлеуметтік желіде жарияланған видеода Дона­льд Трамп «Иран режимінен төнген қауіптің алдын алатынын» айтып, бір жағынан бұл операцияны  «Америка  халқын қорғау»  деп  бағалады.

Ирандағы жарылыстар Иранның орталығын­да байқалып, оның фото-видеолары тез ара­да әлеумет­тік желіде тарап кетті. Иран ақпарат құралдарының жазуына сенсек, жарылыс болған қалалар – Тегеран, Тебриз, Исфахан, Қом, Лорес­тан  және  Шабахар.

Осы тұрғыда Израиль премьері Беньямин Нетаньяху өзін Иран халқына көмек көрсетуші ретінде таныстырып, «Иран қоғамындағы барлық топ үшін… [режимнің] қамытын тастап, еркін әрі бейбітшілікті  сүйетін Иранды құратын мезгіл жетті»  дейді  ол.

Иран бұл соққыларды бассыздыққа балап, қарап қалған жоқ. Арада көп уақыт өтпей, Иран Израильға қарай ракеталар жіберді. Иран тек Израиль­ға емес, АҚШ-қа қарасты әскери базаларды да бомбалаған. Дәлірек, АҚШ-тың бесінші флотының кемелері шоғырланған Бахрейнде де жарылыс  болған.  Сондай-ақ  Иран әскерлері БАӘ мен Қатарға да шабуылдаған. Онымен тоқтамай, бас-аяғы 15 елдегі базаларға әскери операция жасады.

Израиль мен АҚШ-тың Иранға жасаған соққысынан зардап шеккендер легі көп. Оның ең сорақысы – жүздеген оқушы қыз қазасы. Жалпылама қаза саны 200-ден асса, оның 160-ы – Ирандағы қыздар мектебінің оқушылары. Оқыс оқиға аясында 90 оқушы жарақаттанып отыр. Одан бөлек, Иранның  бірқатар  қорғаныс өкілі мерт болып, Иранның рухани кемеңгер лидері Әли Хама­неи де жан тапсырды. Ирандықтар үшін орны толмас қазаны ең бірінші болып Трамп хабар­лады. Хабарлап ғана қоймай, «террористердің ең бірінші демеушісін» өлтіргенін айтып, бүкіл Таяу Шығыста бейбітшілік орнайтын күн алыс емес екенін  мәлім  етті.

ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ  ҚАЗАҚСТАНҒА  ӘСЕРІ

Кіріспеде айтып өткеніміздей, бұл қақтығыс Қазақстанға әсер етпей қоймайды. Бірақ үркудің керегі жоқ. Осы орайда саяси блогер, «Жұрттың баласы»  атымен танымал Мұрат Данияр үш сцена­рий  бойынша  талдау  жасаған  еді.

Бірінші  сценарий – мұнай. Иран Ормуз бұғазын бұғаттауы мүмкін. Ал бұл бұғаз арқылы Таяу Шығыстың  бүкіл  мұнайы  экспортталады.  Ал бұл – әлем тұтынатын мұнайдың 20 пайызы, яғни бес­тен бір бөлігі. Қазірдің өзінде Палау туымен бір танкер  шабуылға  ұшырап  үлгерді. Сондай-ақ 150-ге  жуық  танкер зәкірді тастап, бұғаздан өтпеген.

84 пайызға жуық мұнай Азияға аттанады. Ал оны ең көп тұтынатын – Қытай мемлекеті. Егер аталған бұғаз шынымен жабылса, бұл Қазақстан үшін үлкен плюске айналуы ықтимал. Өйткені, сарапшылардың айтуынша, бұл жағдайда мұнай бағасы едәуір өседі. JP Morgan мәліметінше, бұғаз ұзақ  уақыт  жабылған жағдайда баррель бағасы 140 долларды құрауы ықтимал. Ал Иран премье­рі 2025 жылы мұндай жағдайда баға 200, тіпті 300  долларға дейін  көбейетінін  айтқан-тұғын.

– Қазір мұнай баррелі 70 доллар тұрады. Ал біздің билік орта есеппен 60 долларды бекіткен. Елес­тетіңіз, егер баррель бағасы 100 доллар бол­ғанның  өзінде бюджет пен қор толады. Онымен қоймай, теңге де  тұрақталады  деген  болжам бар. Бұл – Қазақс­тан үшін  үлкен плюс, — дейді «Жұрттың  бала­сы»  арнасының  авторы.

Екінші сценарий – босқындар. 2011 жылы Ауғанстанда  болған  азаматтық соғысты еске алайық. 22 миллион халықтың 13 миллионы үйін тастап қашқан. Сонымен қатар алты миллион адам елден кеткен. Бұл жағдаяттан соң Еуропа үлкен «босқын кризисін» кезіктірген еді. Шыны керек, Батыс Еуропа аталған мәселемен қазірдің өзінде күресіп келеді. Бүгінде Иранда көшбасшы өлді, онымен қоймай, қорғаныс күші өкілдерінің басым көпшілігі қаза болды. Ал ішкі саясат онсыз да тұрақталмай тұр. Бұл жағдай жақын арада азамат­тық соғыс болу мүмкіндігін одан ары көбей­тіп  тұр  десек, артық  айтпаймыз.

– Иранға қарайық, халық саны 92 миллионды құрайды. Инфляция 67 пайызға жеткен, азық-түлік бағасы 142 пайызға дейін өскен. Ал енді азаматтық соғыс болды делік. Халықтың 10 пайызы, тоғыз миллион­ға жуық адам босқын атанғанның өзінде, бұл – үлкен катастрофа. Ал ирандықтар үшін Орта Азия қоныс болуы мүмкін. Түркіменстан, Өзбекстаннан соң босқындар Қазақстанға қашуы ықтимал. Ал біздің мемлекет бұған дайын ба? Әрине, жоқ. Себебі, бізде мұндай кейспен не тәжірибе жоқ, инфрақұрылым да және ең бастысы – ниет жоқ. Сондықтан да бұл топшылама тек сценарий болып қалады  деген  үміттеміз, — дейді  Мұрат  Данияр.

Және ең соңғы сценарий – Қытай. Бәріміз білетіндей, Қытай екінші мұнай тұтынушы ел саналады. Сондай-ақ ең алып мемлекет. Яғни қымбат мұнай Қытай экономикасы үшін ауыр соққы болмақ. Бұл Қазақстандағы пайда-кен байлық­тарына сұранысты едәуір азайтуы мүмкін. Мұны АҚШ пайдаланып, Қытайды қаттырақ қысады деген ақпарат бар. Себебі, Қытай экспансиясын азайту олардың басты мақсаттарының бірі есептеледі. Егер бұл сценарий жүзеге асып жатқан жағдайда, сауда-саттық соғысы кезінде Қазақстан үшін «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмау» қиынға соғуы мүмкін. Көпвекторлы саясатты берік ұстанатын Қазақстан үшін қай тарапты да қолдау  ауыр  болатыны  хақ.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: