Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алтаудың арманы

27.10.2022, 12:20 419

«Бұл  ән  бұрынғы  әннен өзгерек». 2019 жылдан бері елімізді  басқарып  келе  жатқан  екінші   президент   Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауын өткізуді жариялауы мұң еді, жұрттың пікірі екіге жарылды. Бірі – іс жүзіндегі президенттің өкілеттігі одан әрі жалғасқанын құп көрсе, екіншісі – Ақорда төрінен үшінші президентті, онда да елге танымал лайықты тұлғаны көргісі келеді. Бүгінде процесс басталып кетті, әдепкіде ел тізгінін ұстағысы келетін 12 үміткердің дүбірге ат қосқанын білеміз. Бірақ  түрлі  себеппен  тең  жартысы  өткен жоқ. Ал орта­лық  сайлау  комиссиясының  сан  сынағынан сүрінбей өтіп,  кандидат  куәлігін  алғандар өткен жұма күні   кешкілік үгіт-насихат жұмысын бастап кетті. Олар – жалпы­ұлттық  коалиция  атынан  Қасым-Жома­рт Тоқаев, «Аманат» кәсіподақтар  дос­тастығынан Мейрам Қажыкен, «Ауыл» партиясынан Жигули Дайрабаев, «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсынан» Қарақат Әбден, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» ұйымынан Салтанат Тұрсынбекова және Жалпы­ұлттық социал-демократиялық партиясынан  Нұрлан   Әуесбаев.

Бәрін айт та, бірін айт, біреуі – мемлекеттік қызмет­кер, біреуі – коммерциялық құрылымның өкілі, төртеуі – үкіметтік емес сектордың өкілі, оның біреуі – саяси партияның өкілінен құралған үміткерлер өзіне берілген 10 миллион теңгені шетінен шытырлатып үгіт-насихатқа жұмсай бастады. Сондықтан, бұл жолғы сайлауға әр саланың өкілі жиналғандықтан, үгіт һәм насихат жұмысы тартысты өтуге тиіс дейді сарапшылар. Мысалы, саясаттанушы Марат Башимов отандық телеарнаға берген пікірінде: «Менің ойымша, сарапшы ретінде, президенттікке көзқарас деген бәрінде болуы керек. Мемлекет, қоғам, адам құқықтары, сыртқы сая­сат, жан-жақты, барлық көзқарас болуы керек. Оның өзінің бағдарламасы бәріне сәйкес келіп тұруы керек. Қоғамға  керек  болып  тұруы  керек», – депті.

Айтқандай, бұл алтаудың арманы шынымен президент болу ма? Неге бұлай сұрап отырмыз? Өйткені, сайлауға кандидат ретінде тіркелгендердің кейбіреуі «асатпай жатып құлдық» деп, «басты мақсатым – президент болу емес» деп, айды аспанға шығарып жатыр. Олай болса, неге адасып жүр? Әлде саяси науқан кезінде халықтың дауысын бөлу үшін түсетін кандидаттың «рөлін» сомдап отыр ма?

Бұл жолғы сайлаудың ерекшелігі сол, алты канди­даттың алтауына да көңіліңіз толмаса, «барлығына қарсы»  деп  дауыс беруге құқығыңыз бар.

Атап өтер жайт, 2019 жылы сайлауға 9,4 млрд теңге  бөлінсе, енді үш жыл ішінде одан екі есе көп қаржы қарастырылып отыр, яғни 20,5 млрд теңге. Онсыз да елдің әлеуметтік жағдайы тұралап тұрғанда, нәтижесі қарсыластарына қарап-ақ белгілі болып отырған бұл сайлаудың қажеті бар ма еді? Халықтың дені осылай дейді.

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген. Кімнің аты озып келетінін әркімнің іші сезіп тұрғанымен, оны бір айдан кейін білетін  боламыз.

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: