Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айдынды Аралда тың серпіліс байқалады

28.08.2024, 16:40 491

Арал қаласының Сыр елінде алатын орны ерекше. Территориялық тұрғыда алыс болғанымен, тарихи, мәдени тұрғыда ең жақыны саналатын айдынды Аралдың тыныс-тіршілігі теңізбен қатар өшіп қалған жоқ. Үлкен катастрофаны бастан өткерген өңір күні бүгінге дейін шаруашылығын жаңғыртып, заманның ағымынан тысқары қалған емес. Мәдени-рухани жағы бір бөлек, инфрақұрылым мен инновация жағынан да Аралдың өзгелерден бәсі жоғары. Сәйкесінше, қала санатына жататын ауданда болып жатқан әр жақсы жаңалық та, жаман жаңалық та қоғамда ашық талқыға түсетіні сөзсіз. Ұлу жылының сегізінші айын еңсергелі тұрғанда кеше Сыр журналистикасының өніп-өркендеуіне мол үлес қосып, бүгінде Арал ауданына басшылық қызметке тағайындалған Аманжол Оңғарбаев өңірлік БАҚ өкілдерімен кездесті. Өңірлік коммуникациялық қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте жартыжылдықта жүзеге асқан жобалар қорытындыланды, жаңарған цифрлар сөз етілді. Сонымен қатар, журналистер көкейтесті сұрақтарын қойып, керекті жауабын алды.

Осыдан бірер уақыт бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске қасыру қажеттігін айтып, құзырлыларға міндеттеген еді. Аталған тапсырма аясында Арал ауданында да біршама өзгеріс байқалады. Алдымен экономикалық ахуалдан бастасақ. Жыл басынан бері ауданға 9,1 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, өсім 14,6 пайызды құрады. Оның 51 пайызы, яғни жартысынан көбі ауылдық жерлерге бөлінсе, қалаға 49 пайызы тиесілі. Былтыр жыл соңына дейінгі инвестиция қаражаты 24,4 млрд теңгеге межелеген. Биыл ол нәтиже 28,5 млрд теңгеге жоспарланып отыр. Жалпы, өңірдің барлық кірістері 7,2 млрд теңгені құрап, 107 пайызға артқан.

Өнеркәсіптің де аяқ алысы жаман емес. Өнеркәсіп орындары жыл басынан бері 16,3 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 14,7 пайызға жетті. Сонымен қатар, 459,2 мың тонна тұз, 87,4 мың текше метр табиғи құм қазылып, 158,2 мың тонна йодталған тұз, 3249 тонна балық және балық өнімдері өндірілді. Ауданда жалпы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5247-ні құрайды. Оның 5023-і бүгінде тұрақты жұмысын жалғастырып келеді.

Арал өңірі ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына көбірек екпін беретіні бәрімізге мәлім. Ауыл шаруашылығы бұл өлкеде жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Бұған жыл басынан бергі статистика дәлел болып тұр. Соңғы алты айда ауыл шаруашылығындағы өсім 101,8 пайызды құраған. Аудан бойынша облыстық межеге сәйкес, 2024 жылға егіс көлемін арттырудың межесі 910 гектарды құрап, 1014,7 гектар жерге егістік дақылдары отырғызылды. Су үнемдеу технологиялары бойынша 117 гектар жерге егіс егу жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы аудан әкімі толығырақ тарқатты.

– Президенттің тапсырмасына сәйкес су үнемдеу технологиясын пайдалану мақсатында «Camel Pro» шаруа қожалығы 800 гектар жерге жаңбырлатып суару арқылы мал азығын дайындау үшін 16 жаңбырлатып суару қондырғысын пайдаланып, жоңышқа дақылын егуді жоспарлауда. Қазіргі таңда аталған шаруа қожалық әрқайсысы 50 гектарға арналған 4 жаңбырлатып суару қондырғысын орналастырды. Қосымша 2 қондырғыны орналту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кіші Арал теңізіне өткен жылдың осы кезеңінде 6 м3/сек су түскен болса, 01.08.2024 жылы 70 м3/сек су түсуде. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 есеге артық, – дейді Аманжол Сақыпұлы.

Аралда құрылыс жұмыстары да тыңғылықты жүзеге асып келеді. Дәлірек айтқанда, 2024 жылдың алты айында 4,8 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда 110,5 пайызға артқан. Бұған дейін көгілдір отынға Арал қаласы мен Жақсықылыш кентінің қолы жетсе, биыл бұл мүмкіндікке Сексеуіл кенті де ие болып отыр. Алдағы уақытта «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында біршама нысан халық игілігіне берілмек. Нақтылап айтсақ, Аманөткел ауылында 150 орындық ауылдық клуб, Шижағада заманауи спорт кешенінің құрылысы жүретін болады. Ауыл дамымай, аудан дамымайды. Биыл аудандық бюджеттің есебінен Қамыстыбас және Қосжар елді мекендерінде әкімдік ғимараты бой көтергелі отыр.

Білім саласына келгенде Аралдың еш өңірге дес бермейтіні айқын. Олай дейтін себебіміз, жыл сайынғы республикалық, халықаралық байқауларда аралдық өрендер көп топ жарады. Қызылорда аудандары арасында интеллект сынға түсетін спорт түрі шахматтан аралдық жасөспірімдер әлемді аузына қаратып жүр. Қысқасын айтқанда, Аралда білімділер династиясы оңды қалыптасқан. Әрине, бұл жетістіктің бәрі білім берген мектептерге тікелей байланысты. Қазіргі таңда 60 мектепке дейінгі білім беру орнында 4371 бала тәрбиеленуде. Соңғы үш жыл ішінде жекеменшік балабақшалар желісіне 12-сі қосылған. Ел президентінің 2025 жылға дейін 3 ауысымдық және апаттық жағдайдағы мектептерді жою тапсырмасына сәйкес, Аралда 2023-2025 жылдар аралығында 10 мектеп салу жобасы қарастырылған. Тоқабай ауылындағы мектептің апатты жағдайы көпке мәлім. Біраз уақыт бойы құрылысы кейінге шегерілген мектептің құрылысы жақын арада аяқталып қалуы мүмкін. Бұл жұмысты «Промстройсервис» ЖШС қолға алды. ҰБТ орташа баллы аудан бойынша 84 болып тіркелді. Балл рекорды – 132. 100-ден асырған оқушылардың саны 138-ді құрайды.

Спорт саласы да оң нәтиже көрсетіп тұр. Бүгінде ауданда 31208 адам саламатты өмір салтын жүйелі түрде ұстанады. Бұл – халықтың 39 пайызы. Бүгінгі күні аудан спортшылары түрлі жарыстарда 38 медаль еншіледі. Оның 15-і – алтын, 10-ы – күміс ал 13-і – қола.

Біраз уақыт бойы денсаулық сақтау саласы нысандарының тапшылығы халықты алаңдатқан болатын. Бұл мәселе де жан-жақты қаралып, игі бастамалар жүзеге асып жатыр. Бұл жайында Аманжол Сақыпұлы толығырақ айтты.

– Өткен жылы Қызылжар, Бөген ауылдарында дәрігерлік амбулатория ашылса, қараша айында Сексеуіл кентіндегі 40 орындық аурухана ел игілігіне берілетін болады. Одан бөлек, Тоқабай елді мекенінде де дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Аудандық аурухана негізінде 54 төсектік «Кардиология» және «Инсульттық» бөлімшелері ашылып, жұмыс істеуде. Бұған қоса, алдағы уақытта аурухананы МРТ және ангиограф қондырғыларымен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бері барлығы 240 орындық 2 жеке балабақша пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін Арал қаласынан 115 орындық, Ақбай ауылынан 100 орындық және Қаратерең ауылынан 75 орындық балабақшаны балалар игілігіне табыстауды көздеп отырмыз. Ел президентінің 2025 жылға дейін 3 ауысымдық және апаттық жағдайдағы мектептерді жою жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Арал ауданында 2023-2025 жылдар аралығында 10 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Ең алдымен, жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізілген Сапақ, Жалаңаш елді мекендеріндегі 2 мектептің мәселесін шешу жұмыстары жүруде. Ақшатау мектебінің құрылысы жеке кәсіпкер есебінен шешімін тауып, құрылыс жұмыстары аяқталды, – деді ол.

Бұл баспасөз жиынында Арал ауданының жан-жақты дамып жатқанына куәгер болдық. Жаңа әкімнің келуі өлкеге тың серпін әкелгені көрініп-ақ тұр. Жүзеге асырылғалы отырған жобалар тек айтылып қоймай, іс жалғаса берсін дейміз.

Айтілес АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: