Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізі. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын басты назарда ұстауды міндеттеген болатын. Сондықтан да саланы өркендету үшін субсидиялау арқылы жаңарту жұмыстары аса қажет болып табылады. Бүгінгі күні аудан, ауыл адамдары ауыл шаруашылығы саласында тынбай еңбек етіп, күнкөріс қамына, одан кейін елімізде бәсекеге қабілетті экономиканы құру бағытында өсім көрсетіп келеді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласымен көркейіп отырмыз десек те артық емес. Осындай жағымды жаңалықтар Шиелі ауданында да болып жатыр.
Газетіміздің алдыңғы санында Шиелі ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм саласы бойынша алға қарай басымдықпен келе жатқанынан хабардар еткен едік. Ал бұл жолы ауданның ауыл шаруашылығының хал-ахуалын баяндайтын боламыз. Жалпы, Шиелі ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша биыл 10659,6 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,9%-ға артқан. Оның ішінде егін шаруашылығы 3552,1 млн теңге, мал шаруашылығы 7001,5 млн теңге мөлшерінде алынған. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласында 180 799 мың теңге инвестиция салынып, ағымдағы жылы ауданда барлығы 30074,4 гектарға егiс орналастырылған. Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы биылғы егілген дақылдардың мол екенін айтып, нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешенін дамытуда қарқынды жұмыс істеліп жатқанын тілге тиек етті.
– Ауданда агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың негізгі индикаторларының іс-шара жоспарына сәйкес мал шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Аудан бойынша барлық төрт түлік мал саны, яғни ірі қара – 120,1%, қой мен ешкі – 114,7%, түйе – 101,6%, жылқы – 111,0%, құс 95,8% басты құрады. Төрт түлік мал басының артуына байланысты өндірілген өнімдерде өсім тиісінше, алынған өнім 3344,0 тонна ет, 12956,5 тонна сүт, 1916,0 мың дана жұмыртқа өндірілген. Ауданда биыл барлығы 30074,4 гектарға егiс орналастыру көзделіп, оның ішінде күздік бидай 1 649 гектар, жаздық бидай 456 гектар, тары 280 гектар, арпа 50 гектар, дән жүгері 110 гектар, мақсары 1 494 гектар, соя 150 гектар, жаңа жоңышқа 3 400 гектар, ескі жоңышқа 6147,8 гектар, мал жемдік асқабақ 137,6 гектар, жемдік жүгері 60 гектар, күнбағыс 15 гектар, сондай-ақ, картоп 1198,1 га, көкөнiс 1769,05 га және 2408 гектар бақша дақылдары бар. Жоңышқа шөбінің бірінші орымынан 28 193 тонна өнім, екінші орымынан 22 1132 тонна өнім жиналды. Үшінші орымы жалғасуда. 1649 гектар күздік бидайдан 1814 тонна өнім, 456 гектар жаздық бидайдан 410 тонна өнім жиналды. 50 гектар арпа дақылының әр гектарынан 10 центнерден өнім келіп, 50 тонна өнім өндірілді. Сондай-ақ, мақсарыдан 747 тонна, дән жүгеріден 330 тонна, сүрлем жүгеріден 180 тонна өнім жиналды. Көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары да қарқынды жүруде. 1 қыркүйекке 1769 гектар көкөністің 1716 гектарынан 34 320 тонна өнім, 2408 гектар бақша дақылдарының 2250 гектарынан 45000 тонна өнім жиналды. Сонымен қатар, биыл біршама ауылдық мекен егін суаратын насостармен қамтамасыз етілді. Соның арқасында бүгінде ауыл шаруашылығы деңгейін жоғарылатып отыр, – деді Ж.Баймұратова.
«Ауылы бірдің – ауызы бір» дегендей, бір ауылды мекен еткен бір ортаның тұрғындары қазіргі күні бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, біраз жыл тоқтап тұрған егін шаруашылығын қайта жандандыруда. Біз осы тұста, сол ауылдық жерге барып, бір ғана насостың көмегімен 50 гектар жерге көкөніс, жеміс-жидек егіп, марқайып отырған ауыл тұрғындарымен кездестік. 50 түтіні бар Тұрсынбай датқа ауылы кезінде «Ботабай ауылының қауын-қарбызы» деп облыстың ең алдыңғы орнында тұратыны еміс-еміс есімде. Бірақ араға ұзақ уақыт салып, аяқсу тапшылығының әсері бұл ауылдың тәтті көкөністеріне қиындық туғызды. Біршама уақытты артқа тастап, биыл Тұрсынбай датқа ауылы «Ботабайдың қарбыз-қауынын» қайта егіп, ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.
– Тұрсынбай датқа елді мекені бірінші мал шаруашылығымен, екінші егін шаруашылығымен айналысады. Біраз уақыт ақсап қалған, Қызылорда облысында «брендке» айналған бұл ауылдың қауын-қарбыз, картоптары әлі күнге дейін дүйім елдің ауызында екені анық. Біз биыл бір ғана суаратын насостың арқасында қаншама егіннің көзін ашып, ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөленіп отырмыз. 50 гектар жерге 42 отбасы егін егіп, қалған шаңырақтар егін шаруашылығы бойынша жұмыспен қамтылуда. Ауыл тұрғындарымен кеш егілген егістікке жұмсалатын жанар-жағармайды жиналып алып, қажетімізге жаратып келеміз. Бүгінде піскен қауын-қарбыз, көкөністерімізді ауданға, қалаға апарып сатып, ауыл тұрғындары өз нәсібін тауып жатыр, – деді Тұрсынбай датқа ауылының әкімі Ғазиз Сейітов.
Шынында да, егін кеш егілсе де, уақытында өнімін беріп отыр. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары өнімдерін жәрмеңкелерге апарып, Астана қаласына жөнелтілген азық-түліктер қатарына да үлестіріп жіберілген. «Қонақты сөзбен тойғыза алмайсың» деп тәтті қауын-қарбыздың дәмін көріп, салмағы 20 келіден асатын қарбыздардың үлкендігі бізді таңқалдырды. Ендігі сәтте, қайтадан көкөністері брендке айналу үшін тынбай еңбек ететін ауыл тұрғындары келесі жылы егін науқанын ерте бастап, жер көлемін 100 гектарға көбейтіп, барлық ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып, тағы да су насосын алу жоспарлануда екен.
Сондай-ақ, ауданда соңғы жылдары ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті артып келеді. Өткен жылы 407 тонна ақ күріш, 876 тонна қарбыз, 388 тонна қауын және 150 тонна қызанақ өнімдері Ресей және Қырғызстан елдеріне экспортталса, биылғы жылы мамыр айында 20 тонна ақ күріш Қырғызстан Республикасына, 421 тонна қарбыз, 275 тонна қауын, 330 тонна қызанақ Ресей еліне экспортталды.
Дегенмен, ауыл шаруашылығы саласында өзекті мәселелер жоқ емес. Айта кететін болсақ, жайылым тапшылығы мәселесін шешу, ветеринария және агробиотехнология салаларын жақсарту, азық-түлік тауарларының бағасын реттеу секілді түйткілдер бар. Сол сияқты, Шиелі ауданындағы ауыл шаруашылығы саласында маңызды мәселелер қатарында егін шаруашылығы жемісін жақсы беріп, азық-түлік бағасын тұрақтату үшін суару дизельді насосымен қамтамасыз етіп, дәнді дақылдардың молынан егілуін басты назарда ұстау керек. Одан бөлек, балық шаруашылығын дамытып, балық түрлерін көбейтіп, «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» аясында пәрменді жұмыстар жүргізілуін қадағалау қажет. Қазіргі таңда ауданда балық шаруашылығы бойынша балықтың 10 түрінен ғана өсім байқалады.
Қазіргі баға тұрақсыздығының алдын алу, халықтың өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға ерекше маңыз берілуде. Соған байланысты, азық-түлік қауіпсіздігін, тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз етуге қатысты шаруашылық құрылымдары тарапынан ауыл тұрғындары үшін егіс алқаптарынан аудан бойынша қосымша дайындалған 81,1 гектар жер көлемі 350 отбасыға бөлініп беріліп, бүгінгі күнге оның 12,1 гектарына картоп, 35,5 гектарына көкөніс, 33,5 гектарына бақша дақылдары егіліп, өнімдері жиналуда. Аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын тұрақтандыру мақсатында, әлеуетін арттыру үшін бүгінде ауыл шаруашылығы дәстүрлі сала деңгейінде қалып қоймай, жаңа нарықтарды құра алатын жоғары технологиялық салаға айналуда. Сол себепті, бүгінгі ауыл шаруашылығы саласына аса құнды жұмыс күші мен субсидиялау өте маңызды.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ,
Шиелі ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!