Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ағылшынның емес, қазақтың үні шығатын әліпби керек

05.02.2020, 14:46 961

Жекелеген авторлар ұсынып жатқан латын негізіндегі бірқатар әліпби жобаларымен танысып шықтым. Танысу барысында ой тудырған мәселелерді алға тартайын.

Меніңше, латыннегізді қазақ әліпбиін белгілі лингвист ғалымдар жасағаны жөн. Тіл білімі теориясынан хабары жоқ өзге сала өкілдерінің әліпби жасап, нұсқа ұсынуына жол бермеу керек. Кәсіби тіл мамандарының ғана нұсқалары талданып, талқыға түссін, апробациядан өткізу қажет.

Кейбір әліпби жобасын ұсынушылар әліпби жасауда ағылшын тілінің емле ережелеріне баса назар аударғанын тілге тиек етеді. Мұнысын өзге нұсқалардан ерекшелігі, артықшылығы деп тани келе, бірнеше түрлі пайдасына тоқталады. Ұққаным қазақ тілін ағылшын тілінің емле ережелеріне барынша жақындатсақ үйренуге оңай болады дейді.

Латын қаріпіне көшу ең алдымен рухани жаңғыру аясында жүзеге асырылуы керек. Мұны естен шығармаған абзал. Ағылшын тілі үнді европа тілдерінің қатарына жатады, ал үнді европа тілдерінің қатарына жатпайтын, алтай тілдерінің тобына енетін қазақ тілі түркі тілдерінің қатарына жататындықтан оның табиғаты бөлек болып келеді. Сондықтан да табиғаты бөлек екі тілдің біреуін екіншісіне икемдеуге еш негіз жоқ.

Қандай жазу болмасын, ол жазу ең алдымен сол тілдің ұлттық сипатын сақтауға қызмет етуі керек. Яғни, қазақ жазуы қазақ тілінің ұлттық сипатын көрсете білуі керек. Сонымен қатар сыртқы әсерді игеріп алу қабілетіне ие бола алу керек. Сонда ғана ол жазу, ол тіл қолайлы әрі өміршең бола алады.

Ұсынылып жатқан әліпбилердегі әріптердің орналасу реті де ағылшын тілінің әліпбиімен бірдей. Әліпби жасау барысында төл дыбыстарымыздың артикуляциялық ерекшелігін ескеруіміз қажет. Өзге ұлт өкілдеріне латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиін үйретуде әрбір төл әріптерімізден қазаққа ғана тән ерекшелік айқын сезіліп тұруы керек. Сонда ғана ол әліпби қазақтікі бола алады.

Біздің мақсат – қазақ тілін латын әріптерінен тұратын ағылшын әліпбиіне көшіру емес, қазақтың үні шығып тұратын әліпби жасау. Ал қазақтың үнін шығаратын, ол – қазақтың төл дыбыстары.  

Бахыткүл Сүлейменова

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: