Бүгінгі Арал тағдыры тек Қазақстанды ғана емес, өзге әлемді де толғандыруы тиіс. Теңіздің тартылуы – үлкен қасірет, трагедия. Мұны табиғаттың толуы мен қайтуы деп түсінбеген жөн. Қолдан жасалған қиянат. Ең бастысы, Аралға құйып жатқан қос өзен – Әмудария мен Сырдарияның суының кемуі. Былайша айтқанда дарияның суын ауыл шаруашылығы өнімдеріне қажет деп шектен тыс бұрып алу. Әсіресе өзбек ағайындар Сырдың суына көп «құдалық» жасайды. Бұл мәселені Қызылорда облысының басшылығы шеше алмасы хақ. Трансшекаралық өзендер мәселесін шешу үшін ресми Нұр-Сұлтан араласуы керек. Арнайы комиссия бар. Бірақ өзбек ағайындар оны елеп жатқан жоқ. Өздеріне қажетті судан басынан байлап алып, артылғанын ғана жіберуде. Мұның бәрі Аралдың тартылуына алып келуде.
Кешегі 60-жылдарға дейінгі Арал қандай еді?!. Айдынды еді, балығы тайдай тулап жатқан әлемдегі ең ірі төрт көлдің бірі еді. Ертеде бірде Шаш, бірде Гүлзариян, бірде Сейхун деп аталған Сырдария нағыз дария еді. Бүгінде табанында жылтырап аққан су ғана қалған. Өкінішті! Аралдың тартылуы, Сырдарияның суының кемуі экологияға үлкен әсер етуде. Осы өлкедегі адамдардың тұрмысы мен денсаулығына үлкен соққы жасауда. Аралды қалай қалпына келтіруге болады? Бұған тек бір ғана Қазақстан мен Өзбекстанның шамасы келмейді. Әлем елдері араласуы тиіс. Рас, Арал мәселесі талай көтерілді. Арнайы қорлар да құрылды. Бірақ арты сиырқұйымшақтанып кетіп, тоқтап қалды. Неге? Бәлкім осының басы-қасында жүрген азаматтардың ерік-жігері жетпеген болар. Немесе бөлінген қаржы ұстағаның қолында, тістегеннің аузында кеткен болар. Түсініксіз.
Біз, яғни «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсы осы мәселені қайтадан қолға алсақ деп отырмыз. Әлемнің назарын қайтадан Аралға бұрсақ, дарияның суын қалпына келтіруге тырыссақ деген ойдамыз. Ол үшін алдағы күзде өтетін ұйымның ІV халықаралық экологиялық Конгресін Арал тағдырына арнамақ ниеттеміз. Осы істі сол өңірде орналасқан Тұран-Арал қоғамдық ұйымымен бірге атқарамыз. Бұған әлемнің ірі ғалымдарын, саясаткерлерін, қаржыгерлерін шақыра отырып, оларға Арал теңізінің бүгінгі тағдырын жеткізсек, теңізді қайтадан қалпына келтіруге ғалыми тұрғыдан да, қаржылық тұрғыдан да көмек сұрасақ. Арал маңының, Сыр өңірінің экологиясын осылайша қалыпқа келтірсек деген үлкен жоба даярлап жатырмыз. Осы орайда сіздерден де ақыл-кеңес, бастамалар күтеміз, ағайын! Жалпы, осы жерде мүмкіндігі шектеулі кішкентай ұйым емес, арнайы экологиялық партия бұл мәселемен айналысуы тиіс деп ойлаймын. Алайда ондай партия біздің елде жоқ. Бірақ біз соны құрсақ деп шапқылап жүрміз. Партия – үлкен күш. Егер де сіздердің тараптарыңыздан көмек болып, экопартия құрылып жатса, тек Арал мен Сырдың ғана емес, өзге де өңірдегі экологиялық мәселелермен айналысуға мүмкіндік туар еді.
Азаматхан ӘМІРТАЙ,
саясаткер, эколог
Қолдаймын.