Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкім қызметінен босатылды

14.10.2021, 11:00 870

Төретам кентінің әкімі Жамбыл Жұмабаев тағы да тәртіпсіздікке жол берді. Естеріңізде болса, газетіміздің алдыңғы сандарының бірінде кент әкімінің жергілікті кәсіпкермен жер бөлу мәселесі бойынша текетіресіп қалғанын айттық. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесі «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданған болатын. Арада көп уақыт өтпей кент әкімінің тағы бір «қисық» әрекеті көзге түсті. Бұл жолы автомобиль жолдарын жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу, күтіп-ұстау кезінде өрескел  заңсыздықтарға  жол  берген.

Байқоңыр қаласының прокурату­расымен Қармақшы аудандық жергі­лікті атқарушы органдарымен 2018-2020 жылдарда және ағымдағы жылдың өткен кезеңінде автомобиль жолдарын жобалау, салу, реконс­трукциялау, жөндеу, күтіп-ұстау кезінде заңдылықтың сақталуына тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде Төретам кентіндегі А.Құнанбаев, Құлқашев, Ы.Жахаев және Нұртуған жырау көшелерінің автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттаманың құнын арттыру фактілері анықталды. Мәселен, орташа жөндеуге арналған техникалық құжат­таманы әзірлеу кезінде құнын кө­теру мақсатында жобалау ұйымдары автом­обиль жолдарын салу және күрделі жөндеу кезінде пайдаланылатын сметалық нормалар мен бағалар негізсіз қолданылған. Жалпы, автомобиль жолдарын орташа жөндеуге мемлекеттік сатып алу туралы 3 шарт бойынша авторлық қадағалау қызметі үшін 458 955 (Құлқашев көше­сіне 216927 теңге, А.Құнанбаев көшесіне  56364  теңге, Нұртуған  жырау көшесіне 120200 теңге, Ы.Жахаев көшес­іне 65464 теңге) теңге көлемінде артық шығындар есептеліп, негізсіз төленген (авторлық қадағалау тек жобалау-сметалық құжаттамаға ғана белгіленеді, ал орташа жөндеу кезінде авторлық қадағалау көзделмеген, техникалық құжаттама әзірленеді). Өз кезегінде, Төретам кентінің әкімі Жамбыл Жұмабаев (28.05.2020 жылғы өкімімен) жұмыс құны жоғарылатылған сметалық құжаттаманы негізсіз қабылдап, бекіткен, кейіннен жұмыстарды сатып алу кезінде пайдаланған.

Сондай-ақ, Төретам кентінің әкімі  Жамбыл  Жұмабаев автомобиль жолдарын орташа жөндеу жөніндегі жұмыстарды жеткізу­шілерге күтпеген (Құлқашев көше­сіне 640102 теңге, А.Құнанбаев көшесіне 579578 теңге, Нұртуған жырау көшесіне 2463860 теңге, Ы.Жахаев көшесіне 671995 теңге) шығындар үшін – 2138061 теңге (шығындардың осы түрлері орташа жөндеу емес, құрылыс және күрделі жөндеу кезінде ғана есептеледі) негізсіз көрсетілген және арттыру коэффициенті 1,93 болып, техникалық қадағалау қызметі үшін негізсіз қолданылған (авто­жолдарды орташа жөндеу ке­зінде 1,5 арттыру коэффициенті қолданылмайды, тек құрылыс кезінде қолданылады) сметалық құжаттаманы  өкімімен  бекіткен.

Анықтама ретінде жеткізу қажет, Құрылыс  және  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің 2017 жылғы 14 қарашада­ғы №249 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы құры­лыстың сметалық құнын анықтау жөніндегі осы нормативтік Құжа­тының 5-тармағының 2-тармақшасына сәйкес жоспарланбаған жұмыстар мен шығындар құрылыс, жаңарту және күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжат­тамаларында қарастырылуы тиіс. Бұл ретте «Автомобиль жолдары туралы» заңының 14-бабының 4-тармағына сәйкес, автомобиль жолдарын орташа жөндеу кезінде жоспарланбаған жұмыстар мен шығындар көздемейтін техникалық құжаттама (сметалық есеп, ақаулы актілер) ғана жасалады. Дегенмен, аталған нормаларға қарамастан, жоғарыдағы көше­лердегі орташа жөндеу жұмыстары қабылдау актісі арқылы қабылданып, пайда­лануға  берілген.

Қызылорда облысы бойынша ішкі  мемлекеттік аудит департаменті Қармақшы ауданы, Төретам кентіндегі А.Құнанбаев, Құлқашев, Ы.Жахаев және Нұртуған жырау көше­леріне жүргізілген  орташа жөндеу жұмыстары бойынша қаржылық бұзушылықтары  458955 теңгеге және процедуралық  бұзушылықтар 1988,1 мың теңге болғандығын нақтылап отыр. Нәтижесінде кент әкімі атқаратын қызметінен босату шешімі қабыл­данды.

Мұнымен қоса, Жаңақорған ау­даны­ның жер қатынас­тары бөлі­мінің  басшысы  Нұржан  Шазинда­ұлы Қарақ­ожаевтың әрекетіне қатыс­ты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген. Нәтижесінде Н.Ш.Қара­қожаевтың түсінігін тыңдап, оның тарапынан шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде құқыққа сыйым­сыз қолдау көрсетуі байқалмауына байланысты мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық болма­ған деп тауып, тәртіптік істі тоқтату  шешімі  қабылданды.

Мемлекеттік қызметте жаза басу жақсылыққа жетелемейді. Сондықтан атқарған іске тиянақты болып, заңға бағына отырып қызмет етуге тырысқан жөн. Өңірдегі кейбір басшылардың осындай бассыздықтарға жол беріп жүргенін Әдеп кеңесі өткізілген сайын куә болып жатамыз. Жұрт мемқызметкерге қарап  бой  түзейді  деп ойлаймыз. Бірақ мынадай әрекеттерден кейін оларға қарап бой мен ой түзеу қиындай  түсетіндей.

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: