Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов саналы ғұмырын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған азамат, Бірлік ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келген Өтеп-Әлі Өміртай Жалғасұлына құрмет көрсетіп, зейнет демалысына шығарып салды.
-Өміртай Жалғасұлы — саналы ғұмырын туған елінің дамуына, ауылдың өркендеуіне арнаған, өз ісіне адал, еңбекқор азамат. Бұл кісінің атқарған қызметі, ел үшін сіңірген еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, көпшілікке үлгі болады. Ұзақ жылдар бойы халықтың сенімін ақтап, жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Бүгінгі зейнеткерлік демалыс – бұл бір белестің аяқталып, жаңа өмір кезеңінің басталуы. Алдағы уақытта да отбасыңызбен бірге аман-есен, ұзақ ғұмыр кешіп, немер-шөберелеріңіздің қызығын көріп, ортамыздың ақылшысы болып жүре беруіңізге тілектеспіз, — деген аудан әкімі Өміртай Жалғасұлына облыстың ең жоғары марапаты — Қызылорда облысының «Құрмет грамотасын» табыстап, иығына шапан жапты.
Аудан басшысынан кейін аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш сөз алып, Өміртай Өтеп-Әлінің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне қосқан еңбегіне тоқталып, ізгі тілегін жеткізді.
Өз кезегінде Өміртай Жалғасұлы аудан басшысы мен әріптестеріне зор алғысын білдіріп, ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарына сәттілік тіледі.
Өтеп-Әлі Өміртай Жалғасұлы — 1995 жылы Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтын зооинженер мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын 1988 жылы Жалағаш ауданындағы Калинин кеңшарында мал тұқымын асылдандыру зоотехнигі болып бастаған. 1990-2004 жылдары аудандағы шаруашылықтарда жауапты қызметтер атқарған. 2005-2017 жылдар аралығында Ақжона, Майдакөл ауылдық округтерінің әкімі болып қызмет атқарған. 2017-2019 жылдары Қазалы аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы, 2019 жылдан бастап 2026 жылдың наурыз айына дейін Бірлік ауылдық округінің әкімі қызметін абыроймен атқарып келді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!