Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмысшы мамандықтарының жылы: СИМВОЛИКАЛЫҚ БАСТАМА МА, ӘЛДЕ НАҚТЫ ҚАДАМ БА?

23.01.2025, 11:20 123

Бәсекелестік қарқын алған қоғамда бүгінде жұмысшылар жұмылған жұдырықтай күш жинап, өркениеттің өсуі һәм өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Дегенмен, қазіргі қазақстандық қоғамда жастар мен еңбекке қабілетті азаматтар арасында «престижді» деп саналатын мамандықтарға ұмтылу кеңінен таралған. Атап айтар болсақ, мұғалім, дәрігер, заңгер, экономист. Алайда жалақысы төмен, қауіптілігі жоғары жұмысшы мамандықтары қоғам назарынан тыс қалып жатады. Бұл жағдай еңбек нарығындағы теңсіздікті күшейтіп, көптеген салада кадр тапшылығына  алып  келгенін  байқаудамыз.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, елде еңбекке қабілетті 9,6 миллионнан астам азамат бар. Олардың ішінде тек 2,3 миллионы ғана 2 мың түрлі жұмысшы мамандық бойынша еңбек етуде. 2024 жылы 240 мың бос жұмыс орны жарияланса, оның ішінде құрылыс және өнеркәсіп саласына 40 мыңнан астам, ауыл шаруа­шылығы мен металлургия саласына мыңдаған маман қажет болған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамынша, алдағы алты жылда бұл қажеттілік 1,6 миллионға жетеді. Осы орайда, президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кезекті жолдауында «2025 жыл – жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялады.

«Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі», – деді президент.

Яғни қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Ендеше ел басшысы елеп  жатқан  жұмысшы  мамандар сана­тына  кімдер  жатады?

  • Механиктер – автокөліктер мен машиналарды  жөндейтін  мамандар.
  • Электриктер – электр  жүйелері  мен құрыл­ғыларын  орнату  және  жөндеу.
  • Слесарьлар – металл конструкцияларын өңдеу, жөндеу.
  • Дәнекерлеушілер – металл бөлшектерін дәнекер­леу.
  • Столярлар – ағаштан бұйымдар жасау.
  • Кондитерлер – тәтті өнімдер дайындау.
  • Медбикелер – медициналық көмек көрсету.
  • Тігіншілер – киім мен басқа текстиль бұйым­дарын тігу және тағы басқа мамандықтар.

Бұл мамандықтар өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы сияқты түрлі салада маңызды рөл атқарады. Бүгінде бұл мамандықтарға билік басы біршама оң бағыт беріп отыр. Үкімет те біз айтып отырған науқанға қатыс­ты жоспарын жариялап та үлгерді. Бекітілген республикалық жоспар 7 бағыт, 70 қадамнан тұрады. «Олар техникалық және кәсіптік білім берудің тартымдылығын, колледждердің сапасын, еңбек қауіпсіздігін, жұмыс берушілердің белсенділігін арттыруға негізделген. Жоспарды іске асыруға нақты сектор субъектілері, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар мен салалық қауымдастықтар тартылған»  делінеді  үкімет  хабарламасында. Ал 8 қаңтарда өткен үкімет отырысында бірнеше министр баяндама жасап, премьер-министр Олжас Бектенов жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселесін  бақылауда  ұстайтынын  айтқан.

ЖЫЛ  ЖОСПАРЫ  БАҚЫЛАУДА

Осыдан кейін облыстар мен аудан-аймақтардың үні жарқын-жарқын шыға бастады. Алға қойған жоспар, жұмыстары, межелі міндеттері мен ұйымдастыратын іс-шара тізімдерін түзді. Мәселен, Жамбыл облысы 50-ге жуық іс-шара өткізуді жоспарлауда, ал СҚО-да облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдің бір­неше кәсіптік білім беру орындарын аралап, жүйелі жоспар құрғандығын жарияласа, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі материалдық-техникалық базасын жақсартатынын айтуда. Осы орайда осы аталған оқу орны директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары, педагог-шебер Мағрипа Айтенова­мен тілдесіп, жыл жоспарының жай-жапсарын  біліп  қайттық.

– И.Әбдікәрімов  атындағы Қы­зыл­орда аграрлық-техникалық жоғары колледжінде қазіргі таңда 34 мамандық бойынша 1400 күндізгі, 400 сыртқы бөлімде студенттер білім алуда. Негізгі мамандықтар ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика, көлік, теміржол, газ шаруашылығы, геология және IT бағыттарын қам­тиды. Жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру мақсатында ел президенті «2025 жыл – жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жария­лады. Осыған байланысты сапалы жұмыс орындарын ашу, жұмыскерлердің біліктілігін арт­тыру, кадрлар даярлауда колледждермен бірлескен жұмысты жолға қою бойын­ша кешенді шаралар көзделген Техникалық және кәсіптік білім беру­ді трансформациялауға 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі трансформациялау бағыттарының бірі Халықаралық сала­лық аккредиттеуден «Электрмен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша NCCER (Флорида штаты) мамандықтарды бағалау және сертификаттау ұлттық бағдарламасы негізінде 11 білім алушымыз тәжірибелік тест тапсырып, халықаралық  сертификат  иегері   атанды.

Бұл  болашақ мамандар үшін өндірісте жұмыс істеуіне қажетті нақты құзыреттер мен дағдыларды меңгеру, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті күшейту, сондай-ақ әлемнің көпшілік елдерінде жарамды сертификаттану  дегенді  білдіреді.

2025 оқу жылында осы жұмыс әрі қарай жалғасын тауып, «Құрылыс» мамандығы бойынша  Халықаралық салалық  аккредиттеуден өту көзде­ліп  отыр, – деді  М.Махмутқызы.

Сонымен қатар колледж дирек­торы орынбасарының сөзінше, 2025 жылы шыны өнеркәсібі кадр мәселелерін колледжбен бірлесіп атқармақ. Яғни, «SEVEN RIVERS TECHOLOGIES» компаниясы 2025-2026 жылдар арасында Қызыл­орда облысының әкімдігі, Қазақстанның даму банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры, «KAZAКH INVEST» Ұлттық компанияларының  қолдауымен Германияның «HORN Glass Industries AG» компаниясының жабды­ғы мен технологиясын пайда­лана отырып, шыны және шыны өнер­кәсібінің қалдықтарын кәдеге жарату және қайта өңдеу және оның негізінде шыны ыдыстар түріндегі дайын өнімді өндіру бойынша зауыт құрылысын  бастамақшы  екен.

– Зауыттың қуаттылығы – жылына 220 миллион әртүрлі сыйымдылықтағы бөтелке ыдыстары. Болашақта салынатын зауыт кадрларын дуалдық жүйеде дайындау мақсатында колледж басшысымен келісімшарт жасалынып, бірлескен бағдарламалар жасау жұмыстары басталып кетті. Бұл тек қана колледж үшін емес, біздің облысымыздың өркендеуі үшін пайдасы орасан зор, – дейді Мағрипа Айтенова.

МӘСЕЛЕ   ОҚУДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТА  МА,  ӘЛДЕ  МАМАНДЫҚ  МАҢЫЗЫНДА  МА ?

Десек те, кәсіптік білім беру орындары көптің көкейінде қолжетімді, тығырықтан шығар жолдың ең оңтайлы шешімі ретінде қарас­тырылғаны бесенеден белгілі. Неге десеңіз, қажетті балды жинай алмаған жас түлек, баласының білімін  місе  тұтпайтын ата-ана үшін мұндай оқу орындары қазір біршама проблеманың бетін ғана басып қойып жатыр. Ал оны оқып, жетік меңгеріп, тереңінен түсінемін, жұмыс істеймін деген жастар жоқтың қасы. Президентіміздің де осы тұс­тың ақсағанын аңғарып, биылғы жылда жұмысшы мамандарға дем беруді шешкені шығар деп білеміз. Расымен-ақ, оқу орындарын оқып, мамандық алып, әрмен қарай жұмыс істеуді жастар қиынсына ма, әлде жеңіл жұмысты жөн көре ме, көптеген кәсіпорында  кадр тапшылығы айқын  білінеді. «КВАНТ» ЖШС директоры Жаңабай Бекішов жұмысшы мамандардың біз біле бермейтін бірқатар проб­лемасының  сырын  тарқатты.

– Біздегі басты проблема – кадр жетіспеушілігі. Биылғы жылды жұмысшы мамандар жылы деп жарияласа, осы турасында үкімет тыңғылықты әрі тиімді іс тындыр­са деймін. Себебі, қазір не көп, кәсіптік білім беретін мектеп те, колледж де көп. Балаға теория­лық  білімді құйдырып, іс-тәжірибе­ге аса ден қоймауы, осының салда­рынан техникалық-кәсіптік мекемелерде жұмысшы қатары кіл қарттыққа таяғандар, жастар легі жоқ десем де болады. Мысалы, слесарь, токарь, дәнекерлеуші мамандықтары жөнді оқытылмайды, оқытылған күннің өзінде стипендия, студент саны секілді Үкіметтен бөлінетін бюджетті толтыру мақсатында ашылмаса, қазір қызығушылық танытып, осы бағытта оқып, жұмыс істеймін деген жастарды көрмейміз. Осыдан 2-3 жыл бұрын дуалды оқыту бағдарламасымен біршама баланы кәсіптік тәжірибеден өткіздім, жастарда үйренуге, іздену­ге талпыныс жоқ, бұл дегеніміз келе­шек кәсіптік мамандардың жойылуы­на апарып соғады. Үкімет осы тұста кәсіби білім беру орталықтарына бірқатар жөндеу мен жаңашаландыру жұмыстарын жасаса, сондай-ақ кәсіптік тәжірибені арнаулы мекемелерден өткізуді тапсырса, жас мамандардың жұмысқа қызығушылығы ашылар ма еді? Қарапайым мысал, ұялы телефонды алайық. Сіз сырттай таныс болсаңыз, телефонды қолданудың хас шеберімін, яки маманымын деп айта аласыз ба, әрине жоқ. Алдымен оны қолмен ұстап, пәрменін теріп, қолданысыңызға ендірген соң ғана сіз толықтай ұялы телефон қолданушысы атанасыз. Сол секілді, теорияны іс жүзінде жүргізу – жас маман үшін өте маңызды. Ендігі билік тарапына айтар ұсынысым: мамандарды өндірістік мекемелер­де дайын­дау керек. «Атамекен» арқылы қаржыны бөліп, маман керек мекемелер тапсырыс беріп, сол қаржыға колледждердегі оқытушыларды жалдап, теориялық білім беріп, тәжірибе мекемеде өткізіледі. Әкімші тарап осы ұсынысты қолға алса, бізде кадр қажеттілігі болмас та еді, – дейді «КВАНТ» ЖШС  дирек­торы  Жаңабай  Бекішов.

ЖАСТАРДЫҢ  ТАҢДАУЫ, ШЕТЕЛДЕГІ  ҚАРА  ЖҰМЫС  ҚАРҚЫНЫ

Бүгінгі жастардың алдында таң­дау көп, ал еркіндік тіпті мол. Қазіргі таңда 200-ден астам білім беру бағдарламасы ұсынылып, әлемде жаңа мамандықтар күн санап пайда болуда. Алайда, сол сансыз мүмкіндіктің арасынан көлеңкеде қалып жатқаны – жұмысшы мамандық­тары. Шын мәнінде, бұл саланың жалақысы көңіл қуантарлық, ал сұранысы үнемі тұрақты. Дегенмен, қол еңбегінің ауырлығы, қауіпсіздік мәселелері және басқа да факторлар бұл мамандықтардың тартымдылығына кері әсерін тигізуде. Егер осы түйткілдердің әрқайсысына терең назар аударылып, олар мемлекет деңгейінде шешімін тапса, талап­керлердің қабілеті мен бейіміне сай жұмысшы мамандықтарына бет  бұруы да  артар  ма  еді  деген  ой  келеді.

Қауіпсіздік мәселелеріндегі ол­қылықтар мен соған байланысты туындайтын қоғамдық қорқыныш­тар шын мәнінде бар. Өйткені, өндіріс орындары мен кәсіпорындардағы жұмыс уақытында болатын жазатайым оқиғалардың басым бөлігі осы салада кездесетіні жасырын емес. Сондықтан жұмысшы мамандардың құқығын қорғау, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді­ретін факторларды азайтуға айрықша  назар  аудару  қажет.

Алайда, бір жағынан, министрлік пен жергілікті билік жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін күрес жүргізіп жатса, екінші жағынан, кадр тапшылығы мен жұмысшы маман­дардың жетіспеушілігі байқалу­да. Тағы бір қызығы, шетел асып, депортация қаупіне қарамастан, алқаптарда, құрылыс алаңдарында, зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істеуге дайын қазақтардың саны көп. Қауіптілігін ескермегенде, қаражат жағы мен жатын орын, тұрғылықты тұру мәселесі шетелге қарағанда бізде біршама бәсең екені бесенеден белгілі. Демек, жалақы да, жұмыс та жастарға жайлы болғаны керек. Бұл екі жақты жағдай қоғамдағы еңбек нарығының тереңде жатқан дағдарысынан  хабар  береді.

Қанша жерден қазбаласақ та, ел боп сенеріміз де, үміт күтеріміз де – бір Үкімет. Істеген жұмыстары, шығарған шешімдері оңынан келсе, қара халықта  қандай да бір қажеттілік үшін баратын қауіпке толы қадамдар болмас па еді. Жыл жоспары өз кезегінде сәтті, үкіметке үміт артқан халықтың сенімін ақтардай жұп-жұмыр  дүние  шықса деген үмітіміз бар. Жұмысшылар жылы жылдағы «жылдардай» жылт өте салмай ма екен? Жыл  басындағы жоспарларға  берер  бағаңыз  қандай?

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: