Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жетпістен аса қыздың «жүрегін жаулап» алған алаяқ

18.11.2024, 8:40 221

HALYQLINE.KZ

Ірі мегополисте өмір сүру, әрине, жақсы, ваннасы мен әжетханасы бар жайлы пәтер, жұмыстан соң қыдаратын жерлер де жеткілікті. Алайда, ірі қалада адамдардың шынайы қарым-қатынасы болмайды, сондықтан қыздардың да күйеуге шығуы бас ауыртатын мәселеге айналды. Жұмыс-жұмыс деп қыздардың жасы 30-40-тан асып кеткесін олар үшін түрлі танысу клубтары жұмыс істейтін, аттары да айғайлап тұратын «Кому за 30» немесе «кому за 40» деп. Совет мектебінде тәрбие алған ұяң қыздар ондай жерлерге бара бермейтін. Міне, осыны өзінің мақсатына шебер пайдаланған алаяқтығы Бендердің Остапынан да асып түскен аферист пайда болды. Оның аты-жөні Юрий Ланджун еді.

Ол Волгоград қаласындағы жұмысшының отбасында дүниеге келді, отан алдындағы борышын өтеп келген соң, қатарлары жұмысқа тұрып адам болып кетіп жатқанда, «тілі сала құлаш» Юраның жұмыс істегісі келмей, поездағы жолаушылардың қалтасын қағуды әдетке айналдырды. Сөзге тартып отырып, әжетханаға кеткен жолаушының затын не ақшасын алып түсіп қалатын болды. Ақыры қолға түсіп, түрмеге тоғытылды. Ол жерде жақсы тәртібімен көзге түсіп, мерзімінен бұрын босап шығады. Колония бастығының жақсы мінездемесімен Волгоградтағы зауытқа жұмысқа тұрады. Алайда, бірінші жалақысын да алмай шығып кетеді. Күн көсем Ленин айтқандай, «Біз басқа жолды таңдаймыз» деп жеңіл ақша табу жолына түсті. Себебі, поездарда «қалтаман» болып жүргенде, оның сұлу жүзін көрген қыздар бірден ұнатып қалатын. Сол кезде табиғаттың берген сыйын неге жеке басыма пайдаланбаймын деген ой түрменің төрт қабырғасында басына келген болатын.

1953 жылы Францияда басты рольде Ален Делон ойнаған «Қара тюльпан» фильмі шығып, екі жылдан кейін СССР-де прокатқа шығып, совет қыздарының жүрегін жаулап алды. Сол Ален Делонға Юрий Ланджун қатты ұқсайтын еді. Аферист Ланджун осыны шебер пайдаланды. Қыздармен алғашқы танысқаннан бастап, «маған тұрмысқа шықшы» дегесін қай қыздың жүрегі жібімейді. Бірден келісім береді, бірінші неке түнін өткізгесін, тойдан түскен ақша мен неке сақинасы және қымбат сыйлықтарды алып тайып тұратын. Алданған қыздың әке-шешесі милицияға арыз беруге барғанда, «алаяқ жігітін қандай еді» деп сұрағанда көзінен сорасы ағып жылап отырған қыздардың барлығы: «ол Ален Делонға ұқсайды» деп айтатын. Сондықтан осы қылмысты ашуға басшылық еткен аға тергеуші Михаил Дейнеко бастаған топ бұл істі «Дело Ален Делона» деп атап, оны ашуға 20 жылы кетті. Алаяқ Юрий Ланджун өзінің алғашқы қызын Калуга қаласында түсірді, өзін ядролық физика саласындағы ғылыми қызметкермін деп танысты. Бір күн бұрын поезда шынымен ғылыми қызметкер Николай Пущинмен танысып, ақшасы мен қызметтік куәлігін ұрлап кеткен болатын, бұл жерде құпия зертханада қызмет істейтін Пущиннің өзі кінәлі, мас болып жабық режим нысанында істейтінін айтып мақтанған болатын. Екінші рет Минск қаласындағы Надямен танысып үйленеді. Алғашқы неке түнінде бақыттан басы айналып қалың үйқығы кеткен қалыңдығына той үстінде берілген қымбат сыйлықтар мен ақшасын алып тайып тұрады, тіпті қалып бара жатқан шетелдің қара капрон шұлығын да қалтасына салып алып кетеді. Үшінші рет Одесса қаласындағы ресторан директоры Светлана Воронинаға көзі түсті, өзін сыртқы істер министрлігінде елші болып істеймін деп танысқан алаяқ импорттық қара шұлықты Сингапурға барған сапарымда әкелдім деп дипломатынан шығарып берді.

Міне, осылайша алаяқ қыздармен өзін сүңгуір атом кемесінің капитанымын, геологиялық экспедицияның бастығымын, ЖОО-ның доцентімін, құпия қызметтің барлаушысымын, т.б. мамандық иелері болып танысып, үйленген соң, қыздың өзімен қоса қыздың әке-шешесін де тақырға отырғызып кетіп отырды. Себебі, орыстарда күйеу балалары ата-енесімен бірге тұратын болғасын, үйлену тойын да жасап беретін. Фотограф тойды түсіргенмен де, бірге арақ ішкен болып фотоаппаратын мақтап отырып пленкасына да жарық түсіріп жарамсыз қылып жіберетін, ол жағынан ол өте сақ еді. Осылайша ол 20 жыл бойы ұстатпай жүрді. Кез келген киноның соңы болатындай, неке алаяғының жорығы аяқ астынан аяқталуына өзі себепкер болды. Түрме жаргонымен айтқанда: «Жадность фраера погубит» дегендей, бір күні поезда өзінің екі жыл армияда бірге болған досы кездесіп қалады. Әдеті бойынша сақтықты ұмытып кетіп, досынан: «менің пиджагімді біреулер ұрлар кетті, қарызға 20 сом берші, үйге барған соң, почта арқылы салып жіберемін» дейді. Үш ай бойы хабар болмағасын милицияға арыз жазады. Оларға «дембель» альбомындағы фотосын береді, ол фото барлық вокзалға ілінеді. Гатчина қаласындағы вокзал буфетіндегі сұлу келіншекке көз қырын салып танысқысы келіп сөзге тартады. Ол да оның іздеудегі қылмыскер екенін фотосынан танығандықтан желілік милицияға хабар береді. Сол жерде оның қолына кісен салынады.

Осылайша 20 жыл ішінде 72 қызды қан қақсатқан алаяқ ісін тексеруде, Вильнюс қаласындағы Екатерина Сурикованы алтындарын алғалы жатқанда қарсылық көрсеткенде буындырып өлтіргені анықталды. Алаяқ Юрий Ланджун ату жазасына кесілді, үкім сол 1975 жылы орындалды. (Ашық дереккөзінен алынған суретте Ю.Ланджунның паспортындағы фотосы). Осы қылмыскер туралы 2020 жылы Ресейде «Казанова» атты сериал түсірді, онда Ланджун фамилиясы Игорь Апрельцев болып өзгертіліп, оны актер Антон Хабаров ойнады.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: