Аққоян Рсалиевті көпшілік марафоншы ретінде таниды, спорттың осы түрімен 70 жасында айналысып, Қазақстанның 4 дүркін чемпионы атанды. 2020 жылы Түркияның Анталия қаласындағы халықаралық марафон жарысына Қазақстаннан бір өзі қатысып әрі бес құрлықтан қатысқан ең қарт марафоншы болып 81 жасында чемпион атанғанда, республикалық БАҚ жарыса жазып, есімі бүкіл елге танылды.
Аққоян – менің көршім, екі күннің бірінде әңгіме-дүкен құрып әңгімелесіп тұрамыз әрі ағалы-інідей болып кеттік.
Менің марафоншы көршімнің, сондай-ақ желтоқсан оқиғасына қатысқанын ешкім білмейді.
Аққоян соғыс алдында Арал ауданындағы Бекбауыл станциясындағы теміржолшы Рсалы Бердібаевтың отбасында дүниеге келді. Бекбауылдағы 7 жылдық мектеп болғандықтан мектепті «Сольтрест» елді мекенінен бітіруге тура келді. Мектептен соң Қазалы станциясындағы ЖДУ деп аталып кеткен теміржол училищесінде 3 жыл оқып, «вогон қараушы» деген мамандық иесі болып шықты. Ақтөбе қаласындағы вогон депосында жұмыс істеп жүргенде Кеңес Армиясы қатарына шақырылды.
Одесса қаласындағы әскери-теңіз десант құрамында Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүргенде, «Қалқан-63» әскери жаттығуға қатысып, ерекше көзге түскені үшін КСРО Қорғаныс министрі, Совет Одағының маршалы, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Р.Я.Малиновскийдің қолынан медаль алды.
Әскерден келген соң тепловоз машинистінің көмекшісі мамандығын алып, Алматыға қоныс аударуына байланысты, сол кездегі астанадағы Локомотив депосында еңбек етіп жүріп, машинистік оқуды да оқып алды.
Аққоянның Қазалыға қайтып келуіне себеп болған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы еді.
Сол желтоқсанның ызғарлы күндерінде Компартия Пленумының шешіміне наразы болған студенттер мен жастар Брежнев атындағы алаңға шыққанда, оларды қуып тарату үшін жасақшыларды пайдаланғаны белгілі.
Алматы қалалық партия комитетінің нұсқауына сәйкес локомотив депосының жұмысшыларынан тез арада жасақшылар жасақталды. Жасақшылар қатарына жұмыста беделді, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын теміржолшылар іріктеліп алынды. Солардың қатарына машинист Ақоян Рсалиев те алынды. Қолдарына темір арматур беріліп, алаңдағы жастарды қуып тарату керек деген тапсырма алған Аққоян деподағы өзінің қызметтестерімен бірге амалсыз алаңға асығыс жүріп кетті. Арттарында тек орыс ұлтынан іріктеліп алынған милиция қызметкерлері, ал жасақшылар тек қазақ ұлтынан. Олардың арам ойы белгілі болды, қазақты қазаққа айдап салу екен. Не істеу керек? Жүріп келе жатып барлығы да өзіміздің қандастарымызға қол көтермейміз, не де болса бәріміз бірге көрейік деп шешті.
Алаңға жеткесін Аққоян және барлық қазақ жасақшылары алаңдағы жастарға бар дауысымен: «Айналайын бауырлар! Тез тараңдар! Сендерді ұрып-соғып тарату үші, біздерді мәжүбірлеп әкелді» деп кезектесіп айқайлады. Арттағы жоғары шенді орыс милиция офицері бұлардың не деп айтқандарын түсінген болуы керек, «Алға арай жүгіріп, ұрып соғындар» деп айқайлағанмен, қазақ теміржолшылардан құрылған жасақшылар ондай әрекетке бармады.
Одан кейінгі жағдай белгілі алаңдағы жастарға қолдау көрсетті деп, әрқайсысына сенімсіздік көрсеткен мінездеме жазылды. Осы мінездемені басшылыққа алып машинистер көмекшілікке түсірілді, машинист көмекшілері жөндеушілікке ауыстырылды, коммунист теміржолшылар партия қатарынан және жұмыстан шығарылды. Аққоян Рсалиевті Қазалыдағы Локомотив депосына ауыстырылсын деген бұйрық шықты және кетуіне 24 сағат берілді, әйтпесе Алматының Москва аудандық ішкі істер бөліміне 15 күнге қамауға алынатыны ескертілді. Осылайша Қазалыға қайтып келуге мәжбүр болды.
А.Рсалиев 1986-1997 жылдары Қазалы локомотив депосында машинист болып абыройлы қызмет істеп зейнеткерлікке шықты, жұмыс істеген жылдарында Батыс Қазақстан теміржол басқармасының басшылары болған Панов және Хамзин тарапынан талай рет марапатталып құрметті болды.
Аққоянның басына бұлт үйірлгенде қасындағы жары Еркін апай қолдау көрсетіп, азаматына демеу болды. Еркін Өмірзақова да теміржолдың туберкулез ауруханасында медбике болып істеген зейнеткер.
Тәуелсіздігіміздің жақындауына Желтоқсан оқиғасының себепші болғанын басынан өткерген Ақоян аға заман тыныштығын және ел амандығын тілейді.
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
тарихшы, журналист-дайджест.
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!