Міне, үлкен саяси оқиға — Қазақстан Ата заңына 30 жыл толуы аталып өтіліп жатыр. Осынау кезеңнен қарағанда бір кездегі тарихи жетістік саналған кейбір шешімдердің түкке тұрмайтын конституциялық понт екендігіне көзің жетеді. Айталық, Сенат пен Мәжіліс сияқты қос палаталы Парламент Қазақстанға не үшін қажет?
1990 жылы Қазақстанның жалқы палаталы Жоғарғы Кеңесінде 360 депутат болған. Ол кезде республика халқы 17 млн еді. Қазір 2025 жылы Қазақстан халқы 20 млн-нан асты. Отыз жылдығы тойланып жатқан қолданыстағы Конституция бойынша Парламентте (Сенатта 50, Мәжілісте 98) барлығы 148 депутат бар.
Сенат 17 облыстық, 3 қалалық мәслихаттан әрқайсысынан жанама сайлау жолымен екі депутаттан - 40 және Президент тарапынан ұсынылған 10 адам (бесеуі Ассамблеядан) барлығын қосқанда 50 депутаттан құралады. Мәжіліс 98 депутаттан тұрады. Оның жетеуі ғана өзін өзі ұсыну жолымен сайланған, нағыз халық өкілдері, қалғандары партиялардан сайланған.
Сонда Қазақстанда 360 депутаты бар Жоғарғы Кеңес жалғыз палаталы болады да, оның тең жартысындай небары 148 депутаты бар Қазақстан Парламенті неге екі палаталы болады? Оның үстіне Қазақстан федерациялық мемлекет емес унитарлық мемлекет. Демографиялық тұрғыда халық әлі де аз, 20 млн ғана. Іс жүзінде Сенат та, Мәжіліс те Президент әкімшілігінің қадағалауымен жұмыс істейтіні ешкімге құпия емес. Қос палатаның арасында ешқандай алауыздық жоқ. Кезінде экс-елбасыға қос палаталы парламент Қарағандыда салынған ұшақ зауыты сияқты понт үшін керек болған-ау дейсің.
Әйтпесе демократияға бейім Батыс Еуропа елдерінде қос палата халықтың санына, федерациялық ерекшеліктеріне, сондай-ақ депутаттардың санына қарай таңдалатыны мәлім.
Мәселен, Германияда 84 млн халық тұрады. Оның Бундестагында 735 депутат бар.
Польшаның халқы 38 млн. Польшаның Ұлттық жиналысында Сейм мен Сенатты қосқанда 560 депутат бар.
Италияның халқы 60 млн, депутаттар саны 2023 жылдан бастап 630-дан – 400-ге, сенаторлар саны 315-тен 200-ге дейін қысқарды. Соның өзінде 600 депутаты бар.
Францияның 69 млн халқы бар. Ұлттық Жиналысында 577, Сенатында 348, барлығын қосқанда 1125 депутат жұмыс істейді.
Испанияның 49 млн халқы бар. Елдің заң шығарушы органының жоғарғы палатасы Сенатта 265 депутат, төменгі палатасы Конгресте 350 депутат, екеуін қосқанда 615 депутат бар.
Ал Қазақстан сияқты халқы небары 20 млн, Парламенті небары 148 депутаттан тұратын унитарлық мемлекетке қос палатаның не қажеті бар? Понттан құтылатын кез жеткен жоқ па?
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!