Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қазалы ауданының Жанқожа батыр ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған 300 орындық жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын Наурыз мейрамымен және жайлы мектептің ашылуымен құттықтады.
«Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды.
Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты.
Біз қоғамда ұстаз беделін, ұрпақ білімін арттыруға әркез мүдделіміз. Тұрақты қолдаудың арқасында өңіріміздің білім саласы толағай табысқа жетті. Сәулеті мен келбеті келіскен жаңа мектептер бой көтерді.
Биыл білім саласының бюджеті 308 млрд 134 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 16,9 пайызға артты.
Өткен жылы аймағымызда 6 мектеп бой көтеріп, 5 мектепке қосымша ғимарат салынып ел игілігіне табысталды.
Нәтижесінде Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді.
Жаңа мектептердің ашылуы – бұл жәй ғана ғимараттардың салынуы емес, жаңа дәуірде білім алатын озат оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлау.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 6 900 орынға арналған 10 мектептің құрылысы басталып, оның алғашқы 900 оқушыға арналған мектебін облыс орталығынан өткен жылы қазан айында табыстадық.
Жыл басында Жаңақорған ауданында 300 және 600 орындық екі, Арал қаласында 300 орындық және Қызылорда қаласында 600 орындық жайлы мектептерді пайдалануға бердік.
Жыл көлемінде тағы 4 жайлы мектептің құрылысын аяқтаймыз.
Бүгін, міне, Қазалы ауданына қарасты Жанқожа батыр ауылында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен жүзеге асқан, құны 2,6 млрд. теңге болатын 300 орындық жайлы мектепті табыстауға жиналдық.
Жаңа нысанды салу арқылы апатты жағдайда деп танылған №94 орта мектептің мәселесін толығымен шештік.
Енді жасампаз істердің жаршысы болар балаларымыз қолайлы әрі қауіпсіз, заманауи жабдықталған, кең әрі жайлы мектепте білім алады. Бұның барлығы жас ұрпақтың игілігі үшін жасалуда. Ел іргесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!», – деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты шарада тынымсыз еңбегімен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, заманауи мектептің құрылысын салуға үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов жиналған қауымды құттықтап, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов ақ батасын берді.
Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының Жалаңаш ауылынан 150 орындық мектеп салынады.
Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді.
Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның ішінде, биыл 9 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!