Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақорғандағы жарқын жобалар

10.07.2024, 10:40 751

Жыл сайын жаз мезгілінде облыс орталығын қаумалаған жеті ауданға баспасөз туры ұйымдастырылады. Әр аудандағы ерекше кәсіп иелері, нысандары мен атқарылып жатқан жұмыстар, бой көтеріп жатқан ғимараттар, бәрі-бәрі журналистердің назарынан тыс қалмайды. Иә, әр ауданның өз ерекшелігі, көрсетері бар. Өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен болған баспасөз турында бірқатар нысанды аралап, «жүрген аяққа жөргем іліктірдік». Егінге де, мал шаруашылығына да бейім Жаңақорған ауданының шаруалары көпшілікті таңғалдыруын тоқтатар емес. Себебі, еңбек адамдарының қажырлы қайратын, мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі іске асып жатқанын көзбен көріп қайттық.

ҚАРБЫЗЫ  БАЛ  ТАТЫҒАН  ЖАЙЫЛМА

Шыны керек, Жайылманың қарбызы – бүгінде Жаңақорғанның бір бренді. Кезінде қарбыз шырынын шығарамыз деп сүйінші де сұраған-ды. Бірақ, бұл  жоба  іске  аспай қалды, әйтпесе қалбырдағы анар  шырынын  ішіп жүрген көпшілік үшін нағыз брендтің «көкесі» болар еді. Хош. Тұтастай ауылдың жасы да, жасамысы да таң атқаннан кеш батқанға дейін еңбек етіп, қарбызын ауыл-аймақ былай тұрсын, шетел­ге экспорттап жатқанына көп болды. Әңгіме әлі Жайылма туралы болып отыр. Баспасөз турымызды осы ауылға қарасты «Шоқымазар» шаруа  қожалығынан  бастадық.

Мұнда Шерехан Шідербаев есімді ақсақал отбасылық кәсіпті дамытып, балалары мен немерелерін еңбекке ерте араластырып жүр. Айтуынша, бұл – әрі  кәсіп, әрі  тәрбие.

– Отбасымызбен жаз бойы егін егеміз, осылайша тер төгіп, басқа уақытта оның жемісін жейміз. Алғашқы өнімді елордамыз – Астана қаласына жібердік. Енді қалған өнімдерді де осылай рет-ретімен экспорттаймыз. Ресейге, одан әрі басқа да елдерге қарбызымыз сатылуда. Биыл су жеткілікті деңгейде болып жатыр, топырақтың құнары мол. Аймақ басшысының қолдауымен арнайы жер алдық, осылайша кәсібімізді кеңейтіп отырмыз. Мұны шаруаларға жасалған зор мүмкіндік деп білемін, – дейді қожалық төрағасы.

«Шоқымазар» шаруа қожалығында барлығы 2223 гектар жер бар. Оның ішінде, жайылымдық жер – 2158 гектар, суармалы жер – 65 гектар.

Шаруалар биылғы жылы ерте егу тәсілімен (пленка жаппасы) егілген қарбыз  өнімін  10  шілдеден  бастап  нарыққа  шығаруда.

«КЕТПЕН  ШАБУДЫҢ  ПАЙДАСЫ  КӨП»

Келесі бағыт – Жаңақорған кентіне қарасты «Алдияр» шаруа қожалығы­ның жұмысымен танысу. 2023 жылы Ордакент өңірінен бақша, көкөніс өсіру мақсатында 5 гектар жер телімін алған шаруа бүгінгі күні  2  гектар  картоп  және  1  гектарға  бақша  дақылдарын  егіп  отыр.

– Картоп – екінші нан. Бұл өнім – ауыл шаруашылығы дақылдарының ішіндегі ең құнарлысы, өнімдісі. Баптай білсең, шығымдылығы да жақсы бола­ды. Әлі күнге дейін қолымнан кетпенім түскен емес. Кетпенмен шабудың пайдасы көп. Ал, картоптың бабы қарапайым десем де болады. Жастарға айтарым, еңбек етуден қашпау керек. Сол кезде Жер-ана өз ырзы­ғын, несібесін  береді, – дейді  еңбек  адамы  Бархия  Сыздықов.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес отбасылық егістікті дамыту мақсатында іске кіріскен қожалық болашақта кәсібін кеңейтуді көз­дейді. Картоп піскен уақытта форвардтық тәсілмен облыстық тұрақтандыру  қорымен  келісімшартқа  отыруға  дайын.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша аудан көлемінде 2023 жылы 74 жоба қаржыландырылып, кәсібін бастап жатыр. Басым бағыт өңдеу өнеркәсібіне берілген. Оның ішінде жылыжай және мал шаруашылығы мен балық шаруашылығы да бар. Биыл да «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 300 жобаны дайындап отырмыз. Барлығын сараптап, қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді Жаңақорған аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің  басшысы  Марлен  Нұртазаев.

ҚАЖЕТТІЛІКТЕН  ТУҒАН  БИЗНЕС

Айдана Исрайлова 2023 жылғы инновациялық Ұлттық жоба аясында 5 миллион теңге мемлекеттік грант иегері атанып, экотөсемше шығару өндірісін қолға алған. Біз баспасөз туры аясында ерекше бизнес­ке жан бітірген кәсіпкердің жұмысымен де таныстық. Жаңақорғандық  кәсіпкердің  айтуынша,  экоөнімнің  қоршаған  орта­ны қорғауға  пайдасы  көп.

Кейіпкеріміздің мамандығы – автомат инженері. Ол «бұл кәсіпті бастау идеясы өзімнің қажеттілігімнен туындады» деп отыр. Әрі жас аналар­ға  өз  кеңесін  де  айта  кетті.

– «Кәсіпті бастау, өндіру процесі қаншалықты қиынға соқты?» деген секілді сұрақтар көп қойылады. Жаялыққа түйме басу жағы және қажет материалдың қымбаттығы болмаса, тігу өзіме еш қиындық тудырмады. Жөргектердің эскиздік жобасын өзіміз жасаймыз.

Жаңа туған сәбидің денсаулығы – жас ананың жауапкершілігінде. Неше түрлі химикатқа толы дүкеннің бір реттік жөргектеріне жол жоқ болу керек. «Жууға ерінемін» деп көп келіншек экоөнімімізден бас тартуы мүмкін. Бірақ сәбиінің денсаулығына нұқсан келтіріп жатқанын түсінбейді, – деді  ол.

Бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіп иесі алдағы уақытта бизнесін кеңейтуді көздейді. Ол мемлекеттік бағдарлама аясында 5 миллион теңге қайтарымсыз гранттың  игілігін  көрген.

– Экоөнімнің пайдасы көп. Кәсібімді көпшілік қоршаған ортаға деген жанашырлығыммен, қамқорлығыммен байланыстырады. Иә, мен бірнеше рет пайдаланатын жөргектер шы­ғару арқылы қоршаған ортаға өз пайдамды тигізгім келеді. Бір реттік жөргектер отқа жанбайды, суға батпайды, шірімейді де. Бұл табиғатқа орасан зиянын тигізеді, – деп  жалғады  сөзін  кәсіпкер.

«КЕЗ  КЕЛГЕН  ЖЕМІСТІ, КӨКӨНІСТІ   КӨКТЕТУГЕ   БОЛАДЫ»

Жеке кәсіпкер Наурызбек Айымбе­товтың кәсібімен, дәлірек айтқанда бағбандығымен танысқанда таңданысымыз­ды жасырып қала алмадық. Өйткені, жеміс-жидек, көкөніс өсіру үшін аядай жер саналатын аумақта бәрі бар болып шықты.

Кейіпкеріміз 2023 жылдан бастап жеке кәсіппен айналысып, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жылыжай көкөністерін өсіруге, кәсібін ұлғайту мақсатында 3 944 000 теңге несие алған. Қазіргі таңда қияр мен қызанақ өнімдерін өсіріп жатыр. Өндірістің жалпы  алаңы – 1000м²,  жұмысшылар саны – 2 адам.

– Жылыжайдың басты ерекшелігі, ішкі температураны сол қалпында сақтайды. Өнім құрамына қосынды қосылмайды. Бұған дейін Алматыда әртүрлі жұмыс істедім. 2019 жылы елге оралып, әкемнің ақылымен осы жұмысты қолға алдым. Нәтижесі жаман емес сияқты. Қызанақтан 7-8 тонна, қиярдан 12 тонна өнім алып жатырмын. Қияр мен қызанақтың соңғы терімі қалды, осыдан соң, орнына жаңасын егемін, оған көшетім де дайын. Екінші еккен өнімдерім қара күзге дейін азық болады. Алда­ғы уақытта қосымша жер алып, егіс көлемін кеңейтсем деген жоспарым  бар, – дейді  Наурызбек  бағбан.

Жеміс-жидек  пен  көкөністің  жайын бес саусақтай ұғынған еңбек адамының ауласында жаңғақ пен анар да өсіп тұр. Ол «Қызылорда­ның топырағында көктемейтін, өспейтін дақыл, көшет  жоқ»  деп  отыр.

АҚМЕШІТТЕГІ  АЛЫП  АЛМА  БАҒЫ  БИЫЛ  АЛҒАШҚЫ  ЖЕМІСІН  БЕРЕДІ

140 мың түп алма көшеті егілген алып алма бағы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қыраш елді мекені маңында орналасқан. Жобаның құны – 1,6 миллиард теңге. Болашақта бұл жерден алма шырыны шығарыл­ып, үлкен  жеміс-жидек  сақтайтын  қойма  да  салынбақ.

«Qaratau Fruits» шаруа қожалығының төрағасы Мұхаммедәлі Омаров 2023 жылы көлемі 30 гектарды құрайтын жерге қар­қынды  алма  бағын орналастырған. Әуелгіде Түркия елінен 75 000 түп жеміс ағашының көшеті алынған. Шаруа қожалығы 2024 жылы тағы 50 гектар алқапқа 65 000 түп алма көшетін  егіп, тамшылатып суару әдісімен өсіруде. Алма бақтың  көлемі айтарлықтай үлкен. Мұны арнайы аялдағанда  көрдік.

– Көшеттерді өткен жылдың наурыз айында еккенб­із. Негізі жемісін 3 жылда беруі керек болатын. Әдепкіде гүлдерін жұлып тастадық. Көшеттер Түркия елінен келді. Алғашқыда жаңадан егілгендіктен «жаздың, қыстың шілдесінен қалай өтеді?» деп уайымдадық. Өйткені, көшет үшін күн райы да, топырақ та, адамдар да бөлек болды. Бірінші алма бақта 75 мың көшет бар. Жеміс ағашының күтімі үшін жан-жақты ізденіс жүргіздік. Бүгінде тамшылатып суару әдісімен өсіріп жатырмыз. Алма бағында тұрақты түрде 20-ға жуық адам жұмыс істейді. Жұмыс көп кезде 30-40 адам  уақытша  жұмысқа  шақырылады.

Биылғы жылдың өнімі 100-150 тонна арасында болады деп жоспарлап отырмыз. Алманы Алматы қаласынан сұратып жатқандар бар. Болашақта 2000 тоннаға дейін өнім аламыз деп ойлаймыз, – дейді «Qaratau Fruits» шаруа қожалығының кеңесшісі  Алмас  Нәлібаев.

Шаруа қожалығы Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің бойынан 2024-2025 жылдары 3 400 тонна жеміс-жидек, 1 600 тон­на көкөніс, жалпы 5 000 тонна дайын өнім сақтау қоймасын салуды жоспарлап отыр.

– Бүгінгі күні қосымша 50 гектарға тағы алма көшеттерін отырғыздық. Алдағы уақытта Батыс Еуропа – Батыс Қытай күрежолының бойынан өнім сақтайтын қойма салғымыз келеді. Сол үшін әкімдіктен жер сұрадық. Болашақта алма­ның белгілі бір бөлігін сол қоймада сақтасақ, арнайы алма салатын жәшік жасасақ және алма шырынын шығарсақ деген жоспар бар, – дейді шаруашылық кеңесшісі.

Алма бағына су жеткізу мақсатында насос қондыр­ғылары, оған қажет 250 кВ трансформаторлар орнатылып, 6,5 шақырымға электр желісі тартылған. Сондай-ақ, тереңді­гі 60 метр және 30 метр 2 скважина қазылып, сағатына 50 куб су және өлшемі 100х100, тереңдігі 4,5 метр биомембранамен жабдықталған бассейнге толтырылып, алма ағаштарға тамшылату арқылы  беріледі.

– Қарқынды алма бақтың бір ерекшелігі түбі 50 сантиметр ғана болады. Төбесі тор жабындымен жабылады, 4 жерден жіпке байланады. Күнделікті суарылады. Зиянкестермен жұмыста түркиялық мамандардың кеңесіне сүйенеміз. Өйткені, біз  олармен 3 жылға келісімшартқа отырғанбыз.

Мысалы, дәстүрлі алма көшеттерінің 70 пайызы өссе, қарқынды алма бақтың 90 пайызы жеміс беруі керек. Себебі, мұнда оған ерекше күтім жасала­ды. Көшеттердің төбесіне толық тор тартылған, ол үшін 10 мың қада қағылды. Жабынды жемістерді күннен, желден, табиғи апаттардан қорғайды. Сол арқылы шығымы да жақсарады. Тор – Италиядан, сым – Ресейден, құбырлар Израилден әкелінді, – дейді алма бағының ұйымдас­тырушы  Үмбет  Әбибуллаев.

Жобаның жалпы жылдық қуаттылығы 1500-2500 тонна болса, алма бақ  жобасының  құны – 1,6 миллиард  теңге.

– Алма бағы ашылған күннен бастап осы жерде жұмыс істеп жатырмын. Осы көшеттерді ектік, шөбін тазалаймыз, жас ағашты құлап қалмауы үшін сымға байлаймыз. Бір қатарда 184 көшет бар. Көшеттің жабайы дегендерін уақытында қырқамыз. Жалпы алғанда, осы жеміс ағашының бабын жасаймыз, – дейді  жұмысшылардың  бірі.

Еліміздегі теңдессіз жоба саналған алма бақ биыл өзінің алғашқы өнімін береді. Мамандардың айтуынша, алма тамыз және қыркүйек айларын­да  піседі.

ҚҰРЫЛЫС  ЖҰМЫСТАРЫ  ДА  ҚАРҚЫНДЫ

Жаңақорғанда «Жайлы мектеп» жобасы аясында білім ордасы бой көтеріп жатыр. Бүгінде жер қазу және іргетас құю, монолитті колон­налар балкаларын қою жұмыстары 100% біткен. Дәл осы уақытта кірпіш қалау жұмыстары – 70 пайыз, ғимараттың ішкі қабырғасын сылау 50 пайыз орындалған. Мектеп 2024 жылдың қыркүйек айына пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, бүгінде аудан бойынша газдандыру үлесі халық санына шаққанда 40 пайызды, елді мекендер бойынша 20 пайызды құрап отыр. Кенттің кеңейтілген аумақтарына кварталішілік газ тарату желілерінің ұзындығы 26,7 шақырым және 5 дана ШРП орнатылған. Жоба құны толығымен іске асқан уақытта Жаңақорған кентінің «Саяжай», «МАИ бекеті» және «Ипподром» мөлтек аудандарының 5 мыңнан аса тұрғыны «көгілдір отынның» игілігін көреді.

– Біздің  Жаңақорған  жылдан-жылға  жаңарып  жатыр,  құлпырып  жатыр. Бұрын негізі ауданға газ тартылған. Бірақ жаңадан бой көтерген үйлерге газ тарту жұмыстары енді аяқталады. Ел ағаларына алғысымыз шексіз. Енді отын тасып, күл шығаратын кезең артта қалды, – дейді аудан тұрғыны  Серік  Мұсабай.

Аудандағы баспасөз туры «Руханият» орталығының құрылыс жұмысы­мен қорытындыланды. Кешқұрым уақыт болса да, біз барғанда мұнда  жұмыс  қарқынды  жүріп  жатты.

– Бұл «Руханият» орталығы шынында да орталық жерде орналасқан. Мұның ішінде түрлі әдеби және мәдени іс-шаралар өткізіледі. Аймақ басшысының бастамасымен салынып жатқан орталықта музей, кітапхана, ардагерлер үйі мен жастар орталығы, т.б. жұмыс істейді. Басты ерекшелігі, заман талабына сай, іргетасы мықты, сәулет өнері өзгеше етіп салынуда. Бұл біздің ауданға жақсы жаңалық болды. Жан-жағында мекемелер бар. Солар бастап қызығып келуі мүмкін. Сондықтан, бұл өз уақытында ашылып жатыр. Келешегі мол. Жастардың дамуына зор септігін тигізбек, – дейді  еңбек   ардагері  Ізәтіллә  Нәрзілдаев.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы тапсырысы негізінде салынып жатқан орталық жергілікті бюджет арқылы қаржыландырылуда. Нысанның жобалық құны – 1 657,615 миллион теңге. Қос қабатты зәулім ғимараттың жалпы ауданы – 3255,2 м² көлемінде.

Жаңақорғандағы  баспасөз туры  аясында  ауданда  көптеген  игілікті  жұмыс атқарылып  жатқанына  куә болдық. Әсіресе,  еңбек адамдары  қал-қадірінше  тірлік етіп,  кәсібін  кеңейтіп  жатқаны  қуантты.

Рыскелді  ЖАХМАН,

Қызылорда-Жаңақорған-Қызылорда.

Суреттерді түсірген Динар Рахман

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: