Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағашта «Мия тамырын өңдеу» зауыты жұмысын бастайды

04.08.2022, 16:00 632

Осыдан тура үш ай бұрын Жалағаш ауданының әкімі болып Асқарбек Есжанов тағайындалған еді. Осы тоқсан күнде ауданның жағдайымен, әл-ауқатымен, халқымен танысып, қызметтік ісіне құнтты кіріскен ауданның жаңа басшысы өткен бейсенбіде өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг берді. Онда мемлекет басшысының әкімдерге тапсырған тапсырмасы аясында және Жалағаш ауданында істеліп жатқан жұмыстар мен алдағы уақытта атқарылатын істердің барысын баяндады.

Жалағаш аудан әкімі болып тағайындалғаннан кейін мамыр айында мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес кент ауылдық округтерде кездесулер өткізіп, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелер бойынша қабылдау жүргізіп, басты проблемаларды назардан тыс қалдырмауға тырыстым. Мемлекет басшысы және облыс әкімінің берген тапсырмалары аясында тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Айта кететін болсам, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесіне назар аударып, әр ауылдың мүмкіндігіне қарай көкөніс және бақша өнімдерін өндіру үшін бос жатқан жерлерді игеру мақсатында жоспардан бөлек, Жалағаш ауданында 250 гектар жерге қосымша егін егілді. Ең басты егіндегі өнімдеріміз картоп, сәбіз, қызылша және алма бағында 5 түрлі сорты егіледі. Алынған өнімдеріміз Қызылорда, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қалаларына сатылады, – деді аудан әкімі А.Темірбекұлы.

Сондай-ақ аудандағы басты мәселелер қатарында аяқ судың жетіспеушілігіне тоқталып, аяқ суды барынша үнемдеу керек екенін айта кетті. Әрине, бұл егін шаруашылығына айтарлықтай әсер ететіні анық. Аудан әкімі барлық егіндіктерді тамшылатып суару арқылы аяқ суды үнемдеудеміз деді.

Бүгінде аудан тұрғындары толығымен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Осылайша аудан тұрғындары қазір үй бақшалары мен кесек құюға да ауыз суды пайдаланады. Яғни, бұл ауданымызда аяқ судың ең өткір қойылып отқан түйткілі екенін айта кеткен жөн, – деді әкім.

Биыл «Балалар жылы» болғандықтан, еліміздің барлық облыс, аудан, аймақ, елді мекендерінде балалардың игілігіне қарай, басты сауалдарын қанағаттандыру үшін тапсырмалар мен жобалар орындалатыны белгілі. Осы тұрғыда, Жалағаш ауданына да 7 бірдей балалар ойын алаңы қазан айына дейін салынатын болады. Бұл алаңқайлар ауданнан шыққан жомарт азаматтарымыздың демеуімен салынатынын аудан әкімі тілге тиек ете кетті. Аудан басшысы «қазіргі таңда Жалағаш ауданы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденциялар қалыптасып келе жатыр» дейді.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі – 84,4, өңдеу өнеркәсібі – 72,3, инвестициялар тарту – 17,3, сауда – 2,1, ауылшаруашылығының жалпы өнімі – 0,8, құрылыс жұмыстар – 2,7 пайызға және пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2 есеге артты. Және ауданымызда шағын және орта өнеркәсіп субьектілерінің саны 2571 бірлікті құрайды. Оның ішінде, 92,5 пайызы нақты жұмысын істеуде. Сонымен қатар, 2018 жылдан бері жұмысы тоқтап қаған «Мия тамырын өңдеу» зауытының жұмысы биыл қыркүйек айында толық іске қосылатын болады. Айта кетейік, біздің ауданымыз кәсіптік өндіріс саласы бойынша аудандар арасында бірінші орында келе жатыр, – деді Асқарбек Есжанов.

Брифинг барысында әкім ауыл шаруашылығы саласы бойынша тоқталып, жалпы өңірімізде ірі қара малдың бұрынғыға қарағанда едәуір артып келе жатқанын айтты. Яғни, биыл мүйізді ірі қара 4,1 пайызға, жылқы 33,9 пайызға және түйе 2,5 пайызға көбейген. Биыл Жалағаш ауданында 3 әлеуметтік нысанның бой көтеретіні өте қуанарлық жағдай. Ауданның бюджеттік есебінен 1 спорттық алаң мен 1 мәдениет үйінің күрделі жұмысы және 2 елді мекеннің ауылдық клуб құрылысы жанданбақшы. Бұл жұмыстардың барлығы жыл соңына дейін аяқталып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, ауданда әлеуметтік дүкендердің жоқтығы, халықтың наразылығын тудыратыны анық.

Ауданымызда әлеуметтік дүкендер тұрақтандыру қорынан қаржыландырылмаған. Бірақ  көтерме сауда орындары жұмыс істеп тұр. Дегенмен, әлеуметтік дүкендердің халыққа керектігін ескере отырып, ауданымыздағы кәсіпкерлермен келісіп, сол кісілердің қолдауымен аймағымыздың 3 жерінен әлеуметтік дүкен ашылатын болады, – деді аудан басшысы.

Жалағаш ауданында 35374 халық бар. Оның 14 мыңнан астамы экономикалық белсенді адамдардың қатарында. Ал жұмыссыз жандар 5,1 пайызды ғана құрайды. Дегенмен жұмыссыз жандар мен жастардың пайызын азайту мақсатында 1383 жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда, жаңа кәсіп бастап, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант арқылы ауданда жұмыссыздар саны азайып, биыл 300 адамға жоспар жүргізілуде. Сонымен қатар, осы жылы 291 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, бағдарламаға тіркелген 857 отбасына зерттеу жүргізіліп, мемлекеттік атаулы көмек алушы отбасылар саны 13-ке азайған.

Қорыта келе, Жалағаш ауданында атқарылып жатқан тыңғылықты жұмыстарға бұқараның көңілі тоқ екені көрінеді. Себебі денсаулық сақтау саласы бойынша ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, «Балалар жылына» орай арнайы бекітілген жобалар мен іс-шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ, балалардың жазғы демалысы талапқа сай ұйымдастырылуда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: