Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жайқалған, жаңарған Жалағаш

20.07.2023, 10:20 409

Кезінде Құнанбай бата сұраған ел абызы, отаршылдық дәуірінде рухын отарлатпаған ғұлама Қалжан ахун еді. Сыр өңірінде бұл ғана емес, бойына батырлық, кеудесіне қасиет біткен теңдессіз тұлғалар аз емес. Сырдың жағасын мекендеген жалағаштық жұртшылық қазақылықтың қаймағын бұзбай, аға-бауырға деген сыйластық-сауқатын сақтап та келеді. Мұндағы тұрғындардың бүгінгі жағдайы жақсы. Біразы кәсіпкерлікке бет бұрған. Мұны Жалағаш ауданына жасаған баспасөз турынан байқадық.

Күнмен таласа тұрып, таңғы салқынмен сағаттық жолды артқа тастап, Жалағаш ауданына аяқ бастық. Таза көшелер мен мүлгіген тыныштық жаныңды жадыратып, ерекше әсер береді. Бірақ, біздің міндет орталықтағы ұзын-сонар көшені аралып қайту емес, тұрғындардың әл-ауқатын бағамдап, атқарылып жатқан  жұмыстарды  көзбен  көру  болғандықтан,  шаруамызды  бастадық.

КӨШЕЛЕР  КӨРІКТЕНЕДІ,  ТІРЛІГІ  ӨНІП  КЕЛЕДІ

Жалағаш ауданы бойынша 2023 жылға бюджет есебінен 5,2 млрд  теңге бөлініп, 34 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазірде 2,2 млрд теңгені құрайтын 8 жол құрылысы жүзеге  асырылып жатыр. Бұл 8 жобаның  мемлекеттік  сатып алу рәсімдері аяқталып, 6 жобаның құрылыс жұмы­сы басталған. Оның ішінде  Ақсу елді мекеніне кіреберіс жолына орташа жөндеу, Жаңаталап-Аққыр, Есет батыр-Жаңадария ауылдық округінің автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары бар. Мұнан бөлек кенттегі М.Шәменов, Т.Қыстаубаев көшелеріне де күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, аяқталу­ға жақын қалды. Әрі кентте үлкен әрі орташа көлемдегі 10 көшеге күрделі жөндеу жұмысы тоқтаусыз жүріп жатыр. Айтар болсақ, тағы да Бұқарбай ауылындағы 3 көшеге, Аққұм  елді  мекеніндегі  1 көшеге күрделі жөндеу жүргізі­ліп, асфальт беті ауыстырылуда. Кентте жалпы алғанда 84,17 шақырымды  құрайтын 71 көше бар. Оның 37-сі Дәуімбай елді мекенінде орналасқан.

– Кеше ғана көшеміз шаңы бұрқырап, тасы сыртқа шығып, бала-шағамыз да, өзіміз де жүруге өте ыңғайсыз, қиын болатын еді, қазір көшемізге жөндеу жұмысы жүргізіліп, заман талабына сай жұмыстар атқарылып, пайдалануға берілді. М.Шәменов көшесі бұған дейін жөндеуден өтетін болып, беті тазаланып, құрылыс жұмыста­ры  басталамын  дегенше  5-6 жыл  тұрып қалды. Халықтың атынан ұсыныс жасадық, әрі қарай тірлік атқарылды. Сол кездерде үйі­міздің терезесін ашып отыру мұң бола­тын. Ал бүгінде кішкентайлары­мыз осы жолда асыр салып ойнап, кешкісін балалар қоларбасымен тротуарларда емін-еркін жүре алады. Аптап ыстықта тұрғындардың игілігі үшін қызмет жасап, құрылысты аяқтап берген аудан басшыларына, жол құрылысын жүргізуші мекеме ұжымына үлкен алғыс білдіреміз! – деді Мөрәлі Шәменов атындағы көше тұрғыны  Гүлнар  Жаңабергенова.

М.Шәменов көшесіне құрылысқа 479,4 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмы­сы наурыз айында басталған. Қазір құрылыстың 70 пайызы бітіп тұр. Алда қазан айына дейін пайдалануға толығымен берілетін болады. Одан басқа жоғарыда айтып өткендей кент орталығындағы 10 көшенің (Мысық би, Желтоқсан, Қ.Нұрпейі­сов, З.Ижанов, Жеңістің 50 жылдығы, И.Панфилов, А.Бектібаев, І.Нұркенов, Т.Әбжалиев, А.Қазыбеков көшесі) жөндеу жұмысының барысымен та­ныс­тық.

– Жалағаш кентінің аумағында 2023 жылғы облыстық, республика­лық бюджеттен 12 көшенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда М.Шәменов, І.Нұркенов, А.Бектібаев, А.Қазыбеков көшесіне асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, қалған көшелерді де тездетіп құрылысын аяқтауға күш салып жатырмыз. Кентте құрылысы басталған 10 көшенің 2-еуі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында, қалғаны аудандық, облыстық, республикалық бюджеттен  қаржы  қаралып іске асуда. Әрі демеушілер есебінен 4 көшеге тас төсеу жұмысын жүргіздік. Мұнан басқа кентте  мемлекеттік сатып алу жұмыстары аясында 3 көшеге бағдаршам қойылып, аяқсу мәселесін шешуге бағытталған жұмыс шеңберінде 3  насос  аппараты алынды, – деді  кент  әкімі Мардан  Жама­латов.

Жалағаштықтарды жол мәселесі ғана емес, аймақты ортасынан бөліп тұрған теміржолдан жаяу өту де қажытқан. Бүгінге дейін талай рет бас жарылып, қолы сынған ағайын­ның жайын көрген тұрғын Әбіл­қайыр Ералиев қолға алынған тірлікке дән риза. Бұдан былай Жалағаш кентін бөліп тұрған теміржолдан енді қиналмай өтуге болады. Себебі, құрылысы бастау алған аспалы көпір тек баспалдақпен емес, лифтімен де көтерілуге ыңғайлы етіп жасалатын болды.

– Жас кезімде кентті қос қанатқа бөліп тұрған теміржол сынаған талай тағдырдың куәгері менмін. Сол уақыттары мектепте ағылшын тілінен сабақ беретін бір мұғалімді по­йыз басып, екіге бөліп тастаған. Одан бөлек, қыстыгүндері талай адамның басы жарылып, аяғына жарық түсіп, сынықпен жатып қалғандарды да талай кездестірдім. Міне, осындай қаншама зардапқа әкелген жолға қазір көпір салынып жатыр. Қуаныш­тымыз. Көптен күткен арманымыз орындалып жатыр, – деді зейнеткер  Әбілқайыр  Ералиев.

Салынып жатқан көпірдің бас мердігері – «Гүлнұр МК» ЖШС. Құрылысқа 325,4 млн теңге қаржы қаралған. Мұнда  қазір металл бұйым­дарын  құрастыру, тіреу  орындарын қазу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде құрылыстың 40 пайызы аяқталып тұр. Бұл мәліметті аудан әкімінің  орынбасары  растады.

– Кент тұрғындарының көптен бергі тілегінің  бірі – теміржол арқылы өтетін аспалы көпір еді. Қаншама тұрғын осы өткелден өтеді, олардың өмірінің қауіпсіздігі маңызды болғандықтан,  осы істі ұзаққа созбай, облыс  әкімінің   қолдауымен  қаражаты бөлініп, құрылысты бастадық. Кенттегі  теміржолдың  арғы бетінде 6000-нан  аса  тұрғын бергі бетке түрлі іс-шараға, оқушылар секцияларға, үйірмелерге қатысу үшін кесіп өтіп жүр.  Енді  алдағы уақытта көпір құрылысы  бітіп, ел игілігіне пайдалануға береміз. Аспалы көпірдің жалпы ұзындығы  55,29 метрді, ені 3,26 метр­ді, биіктігі 12,96 метрді  құрайды. Ал  жаяу  жүргіншілер  жолының  ені – 2,7 метр. Көпірден өтушілер жолы металлконструкцияла­нып, тірек қабырғалары монолитті темір бетоннан жасалатын болады, – деді аудан әкімінің  орынбасары   Арнұр  Нұрмағанбетов.

«АҚТЕРЕК»  УЧАСКЕСІ  ПАЙДАЛАНУҒА  БЕРІЛЕДІ

Аймақта сүйіншілеп тұрған жақсы жаңалықтар мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта жалағаштық жастарға да, аудан тұрғындарына да жақсы мүмкіндік туғалы отыр. Кенттен алыс емес аумақта «Ақтерек» учаскесі тұрғындарға дайын күйінде берілетін  болды. Осы  үшін  қазір  170 гектар  аумақ  дайындалуда.

– Аудан  халқы үшін кент аума­ғында «Ақтерек» учаскесі әзірленіп жатыр. Мұнда  511  участок  жер кезегінде  тұрған  тұрғындарға  үлес­тірілетін болады. Айта кететін артықшылығы – тұрғындар жерді иемденбес бұрын аумақта алдымен әлеуметтік қажеттілікті қанағаттандыратын дүниелер жасалып жатыр. Яғни көше салу, газдандыру, су құбырларын орналастыру, аяқсу мәселесін шешу, тіпті ауызсудың да жайын реттеп жа­тырмыз. Жоспар бойынша учаскенің ірі  көшелерінде 70 коттедж бой көте­реді. Әзірге бұл демеушілер есебінен немесе бірлескен жұмыс нәтижесін­де іске асуы мүмкін. Одан  басқа  26 көппәтерлі тұрғын үй,  1 спорт кешені мен мәдени демалыс паркі бой көтереді. Және 1 балабақша мен мектеп­тің құрылысын бастаймыз. Супермаркет пен 1 әкімдік ғимаратының  да  орнын нақтылап, құрылыс барысында, мейрамхана, кафе сынды көңіл көтеретін орындардың болуын қадағалаймыз. 25 тұрмыстық қызмет керсету объектісі салынып, монша да жұртшылықтың игілігіне табысталатын болады. Әзірге сумен  жабдық­тау жүйесінің құрылысы, электр, газ желілері жүргізіліп, ауызсу  тарату  кешенінің  құрылысы дайын тұр. Енді­гі тұрғындарға жер телімін беру жұмыс­тарының алдындамыз, – деді  аудан  әкімінің   орынбасары.

ҚАРАКЕТКЕНДІКТЕРДІҢ  «ҚАЗЫНАСЫ»  немесе  КӘСІП  САЛАСЫНДАҒЫ  СЕРПІН

«Ақтеректен» асып, Жалағаш жұртының жағдайын көзбен көрмекке ниеттендік. Темір тұлпармен аз уақытта Қаракеткен ауылына барып, ондағыларды не толғандырып жүргенін сұрадық. Бірақ, ауыл тұрғындары негізгі мәселесі шешілгенін  айтып,  қуанышын  білдірді.

Ауданға қарасты Қаракеткен ауылында небәрі 223 түтін бар. Тұрғындардың барлығы дерлік мал шаруашылығымен айналысады екен. Мұнда 103 шаруа қожалығы шаруасын дөңгелетіп, тірлігін атқарып отыр. Оның 43-і ірі шаруа қо­жалығына айналып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып келеді. Қызығы, бұл ауылда жұмыссыздар саны – 10  адам.

Қаракеткендіктер үшін биылғы жыл жемісті болып тұр. «Неге?» десе­ңіз, мұнда  қаншама  жылдан бері тоз-тозы шыққан электр бағаналары мен сымдары түп-түгел ауыс­тырылып, жаңарып жатыр. Ауылдағы басты мәселе – электр желілерінің ақауы болған. Ал қазір бұл мәселе шешіліп, тұрғындарды  қуанышқа бөледі. Аудандық құры­лыс, сәулет және қала құры­лысы бөлімінің  тапсырысымен,  «Универ­салСтройСервис» ЖШС-ның мер­дігерлігімен атқарылып жатқан жұмысқа  89,7 млн теңге қаржы қарал­ған. Ауылға электр желілерінің  орнатылғанына  тұр­ғындар  дән  риза.

– Қаракеткен ауылындағы электр желілерін түгелімен жаңарту жұ­мыстары  толықтай  бітуге таяп тұр. Барлы­ғын есептесек, 317  бағана  ауыс­тырылды, 11 шақырым жаңа электр сымдары жүргізіліп, үш қосал­қы құрылғы қондырылды. Құрылыс жұ­мыста­рын уақытынан бұрын аяқтап жатырмыз. Яғни осы айдың 20-сында  электр желісі түгел­дей іске қосылады, – деді мердігер  мекеменің  бас  маманы  Жайдарбек  Есжанов.

Тұрған орнымыздан артқы бетке қарағанымызда, «Өркен тәтті әлемі» дейтін кондитерлік цехты байқадық. Өндіріс орнының басшысы Назгүл Сыдыққызы «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы арқылы 6 млн теңге несие алып, өзінің тәтті өнімдер өндіретін шағын цехын ашқан. Аудан тұрғындарының ахуалын байқау барысында мұндай игі бастамаға ие болған жанмен тілдесуге асығып, кәсіпкермен жүздестік. Барсақ, цехта қос қызметкерімен торт пен тәттінің түр-түрін шығарып жатыр екен. Қызу жұмыс үстінде аз-кем тілдесіп  те  үлгердік.

– Мектепте  информатика  пәнінен  сабақ  беремін. Негізгі мамандығым – сол. Бірақ 5 жылдан бері осы кондитерлік  жұмысқа қызығып бастадым. Солай үйден түрлі тапсырыс қабылдап, торт жасап жүрдім. 2 ай бұрын «Қызыл­орда» өңірлік инвестиция орта­лығы арқылы 6 па­йызбен 6 млн теңге несие алып, жұмысты бастап кеттім. Енді алдағы уақытта бірыңғай осы тірлікті дөңгелетемін, бұйыртса. Өзім көпбалалы анамын. Бұл – отбасылық кәсіп, алдағы уақытта бұдан да үлкен деңгейде тәттілер пісіріп, ауқымды кеңейтеміз деген ой бар. Тапсырыс күнделікті түсіп отырады. Аудан орталығында да тұрақты тәттілерді өткізетін дүкен бар. Ауыл-аймақта да сұраныс аз емес. Торттың 5-6 түрін жасаймын, шайға қажетті біраз тәтті түрін шығарып жатырмыз, – деді  Назгүл  Сыдыққызы.

Негізінен 2023 жылдың 6 айын­да аудан бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3302 бірлікті, оның ішінде 3135-і немесе 94,9 пайызы нақты жұмыс істеп тұрғандар санатын­да. Мемлекеттік және  өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау неме­се жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында аудан бо­йынша жыл басынан 76 жоба 1494,2 млн теңгеге қаржыландырылды. Мұнда ауылдық жердегі тұрғындардың табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасын  іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Аудан көлемінде шама­мен 1 млрд 48 млн 900 мың теңгені құрайтын 149 жобаның құжат­тары жинақталып, қаржыландыруға да­йын тұр. Аталған жобалар Жала­ғаш  кенті  және  ауылдық  округтер  бөліні­сінде  жасалған.

– Өнеркәсіп өнімдері өндірісіне байланысты ауданда 6 айда 18 млрд 110 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, меже 199,8 пайызға артық орындалып отыр. Оның ішінде өндеу өнеркәсібіне тоқталатын болсақ, 5 млрд 225 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,6 пайызға жоғары орындалды. Бөлшек сауда айналымына тоқталсақ, 1 млрд 198 млн теңгенің айналымы жасалып, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15,7 пайызға артық орындалып отыр. Аудандағы кәсіпкерлік субъектілерін дамыту, жұмыс істеп тұрғанын одан әрі жақсарту мақсатында мемле­кеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы 76 жоба 1 млрд 494 млн теңгеге қаржыландырылды. Қазіргі  уақытта президентіміздің ауылдық  елді  мекендерді, ауыл-аймақты дамыту бағдарламасы іске асырылайын деп жатыр. Оған  облысымызға  3 млрд теңге қаржы бөлінген.

Қазіргі уақытта ауданымызда 1 млрд 49 млн теңгені құрайтын 149 жобаның құжаттары дайындалды. Келер апта жұмысты бастайтын боламыз. Облыста агент болып «Байқоңыр» әлеумет­тік кәсіпкерлік корпорациясы» белгіленді. Осы жұмыстарды үйлестіріп, ауданымызға қажетті қаржыны алатын боламыз. 149 жобаның ішінде өңдеу саласына байланысты 9 жоба бар. Жылыжай бар, қызмет көрсету саласы мен 7  кооператив  құрылды, оның  ішінде 1-еуі сүт өңдеу, алтауы ет өңдеу бағытында жұмыс істейтін болады. Несие негізінен 2,5 пайызбен жеке кәсіпкерлік субъектілеріне 8 млн 600 мың теңгеге дейін, кооператив төрағаларына 27 млн 600 мың теңгеге дейін беріледі. Несиенің мерзімі мал шаруашылығы саласына 7 жылға дейін, басқа да салаларға 5 жылға дейін, бұл – кәсіп ашамын дегендер үшін үлкен мүмкіндік, – дейді аудандық  кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің  басшысы  Жасұлан  Еспенбет.

ЖАЙҚАЛҒАН  ЖАСЫЛ  ЖЕЛЕКТІҢ  ЖАЙЫ

Жалағаш жұртшылығы биыл 500 гектар аумаққа бау-бақша дақылдарын  отырғыз­ған. Оның ішінде Таң ауылының тұрғын­дары 60 гектар жерге көкөніс егіп, жақында рақатын көргелі  отыр. Ауданға  барғанда шеттегі жасыл желектің жайын білмей кете алмадық. Таңдықтардың егіс алқабына барып, нағыз  ауыл өмірінің қызығы мен шыжығына шолу  жасағандай болдық. Бейнеті мен зейнеті мол жұмыстың  жайын біліп, биылғы  жылғы  статистикамен  таныстық.

Көктемгі егін орналастыру жұмыстарына бүгінгі күнге дейін 75 шаруашылық опера­торлармен  келісімшартқа  отырып, 1850 тонна дизель отынын алған. 2666 тонна дизель отынын  бөлуге  сұраныс  берілген  болатын,  қазіргі  таңда  оның  69,4  пайызы  алынған.

2023 жылдың 12 шілдесіне ауданға жоспар бойынша секундына 96,57 текшеметр су келуі тиіс болса, нақты келген судың көлемі секундына 92,07 (95,3%) текше метрді құрап отыр. Су тапшылығы жағдайында аудан шаруа­шылықтары насос қондырғыларын пайдалану арқылы егінді сумен қамтамасыз етуде. Бүгінде аудан шаруашылықтары 40 дана су тартқыш насос қондырғыларын егінді суаруға  пайдаланып, оның ішінде 12 дана насос қондыр­ғысы «Жалағашсушар» өндірістік учаскесінен шаруашылықтарға берілген. Ал 28 дана насос қондырғысын шаруашылықтар өз қаржысына алған. Бүгінгі күнге 179 гектар күріш алқабына су шықпай қалғаны анықталды.  Оның ішінде Мақпалкөл ауылдық округі «Мақпалкөл» ЖШС – 96 га, «Ақмар» ШҚ – 15 га, Бұқарбай батыр  ауылдық  округі  «Дінмұхаммед» ФҚ – 68  га.

Ауданда 2023 жылдың 12 шілдесіндегі мәлімет  бойынша  орналастырылған 19800 га күріш  егісінің 14320 гектары, яғни 72,3 пайызы жақсы жағдайда, 4550 гектар немесе 23 пайызы қанағаттанарлық, 930 гектар нашар жағдайда болып тұр. Күтімге алынған 7200 га ескі жоңышқа дақылының 6750 га бірінші орымы аяқталды. Орта есеппен 1 гектардан 22,2 центнер  өнім,  барлығы  14985  тонна  жиналды.

Облыстық ауыл шараушылығы және жер қатынастары басқармасы мен «Казсушар» өндірістік учаскелері өкілдерінен құрылған жұмысшы топ ауданда 7443 гектар суармалы жерде дақылдарды кезектестіру тәртібі бұзыл­ғанын анықтаған.  Бұл жерде күріш дақы­лы­ның көлемі артық егілмеген. Нақты айтқанда су тапшылығы жағдайы ескеріліп, күріш егуге кезегі келген 1400 га егістік жерлерде ескі жоңышқа дақылы қалдырылған, 1420  га  жаңа жоңышқа дақылы орнына күріш, 1420  гектар  аумаққа күріш дақылының орнына жаңа жоңышқа орналастырылған. Соны­мен қатар, аудандағы Аққұм, Бұқарбай батыр, Мәде­ниет, Таң ауылдық округтерінде «Ирри­гация және дренаж жүйелерін  жетілдіру» жобасының 2-кезеңінің құрылыс жұмыс­тарын жаз айларында  жүргізу үшін  ауыл шаруа­шылығы дақылдарының орналасу тәртібі өзгерг­ен шаруа­шылықтар  бар.

Тиісті сала мамандары аудандағы суармалы жерде дақылдарды орналастыру тәртібіне тұрақты бақылау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінгі күнге 1346 га күріш дақылын артық егіп, ауыспалы  егіс  тәртібін  өрескел  бұзған 16 шаруашылық анықталып,  заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін Қызылорда облыстық жер ресурстарын басқару депар­та­ментіне  жолданған.

Көл-көсір тірліктің жайы – осы. Жала­ғаштың  брендіне  айналған ауыл шаруа­шылығы өнімдері уақытында жәрмеңкеде бой көрсетіп, сөрелерге қойылатынына нық сенімдіміз. Жасыратын ештеңесі жоқ, аудан тұрғындарының басым бөлігі осы егін мен мал шаруашылығын тұрақты тірлікке айнал­дырған. Нәпақасын  да  осыдан  табады.

ТАҢДЫҚТАР  ТАҢМЕН  ТАЛАСА  ТІРЛІК  ЕТЕДІ

Жалағаш ауданына баспасөз турына барған бір топ тілші егін басын шалғаннан кейін  жақында ғана үлгілі ауылдар қатарынан көрінген Таң ауылының тынысымен таныс­тық.  Мұндағылар  таңмен  таласа тірлікке  шығып, іске кірісіп кетеді екен. Ауылдағы  жайқалған  жасыл желек көз сүйсін­діріп, табиғат­қа деген ықыласыңды  арттырады екен. Ауылдың қазіргі  ахуалы  жаман  емес. 244  шаңырақ  егін шаруашылығымен шаруа­сын жүргізіп отыр. Таңдықтар 3852 гектар жерге егін егіп, алда­ғы уақытта рақатын көрмекке ниеттенген. Оның ішінде негізгі дақыл күріш  көлемі – 2 602 гектар, жаздық бидай – 104  гектар, бақша – 95 гектар, жаңа жоңышқа – 452 гектар, ескі  жоңышқа  506  гектарды  құрайды.

ТҮЙІН. Жалағаш ауданына жасаған баспасөз турында көңіл қуанарлық жайттарды байқадық. Мұны тұрғындар да растайды. Жалпы, ауданның экономикалық, әлеуметтік ахуалы оң тенденцияға түскен. Әлеуметтік кешендердің кемі жоқ. Әрі тірлікке деген бетбұрыс та бірқалыпты. Тұрғындардан пікір алу барысында «әкімге ризамыз» деген сөзді біразынан естідік. Жұмыс атқарылып жатыр ғой, бірақ оның сапасы мен нәтижесін алдағы уақытта көре береміз. Ауылдарға жағдай жасалып, құрылысқа көңіл бөлініп жатқанын көргенде бір серпілдік. Себебі, қандай аймақтың болмасын, құрылысына «сызат» түссе немесе кенжелеу байқалса, сын тезіне ілігеді. Әзірге мұндай болмайды деген үміттеміз. Ауданның алдағы болашағына сәттілік тілеп, «Сәт сапардан» өттік. «Тірліктің қайнаған шағында емес, қызуы басылған шағында көрген дұрыс» демей ме, өңірдің ахуалын алдағы уақытта тағы да байқап, бағамдап тұрамыз. Қалғаны уақытымен  бола  жатар.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: