ХХ ғасырдың басында Ресей империясында 150 млн адам, 1945 жылы Совет Одағында 100 млн адам орыс тілінде сөйледі. Ресейде большевиктер 1917 жылы билік басына келгесін орыс тілі пролетарлардың идеологиялық тіліне айналды. Октябрь революциясының әсерінен Европада жұмысшы қозғалысы мен коммунистік партиялардың көбеюіне байланысты орыс тілінің ауқымы ұлғая түсті. СССР фашистік Германияны жеңген соң, орыс тілінің беделі артып, 1945 жылы БҰҰ құрылғанда осы ұйымның «жұмыс тілі» ретінде орыс тілі 6 тілдің бірі болып бекітілді. Соғыстан соң АҚШ-тағы 112 колледж, университетінде орыс тілі оқытылды. Орыс тіліне деген сұранысқа байланысты. Москвада Питрица Лумба атындағы халықаралық университет ашылып, онда әлемнің 100-ден астам елінің студентері оқыды. Диплом алып елдеріне барған соң орыс тілінің ауқымы кеңейіп, маркс-лениндік идеология тарайды деген үміт ақталмады, қайта керісінше СССР ыдырап кетті. Соңғы 20 жылда орыс тілінде сөйлеушілер 50 млн адамға азайып кетті. Орыс тілінен бас тартып отырған елдер, ең алдымен, Шығыс Европа мен Балқан түбегіндегі елдер, кезінде социалистік даму жолын таңдаған Польша, Венгрия, Болгария, Германия, Румыния, Эстония,Латвия, Литва, Чехия және тарап кеткен Югославиядағы жеті ел, осы елдерде орыс тілінде сөйлеушілер 1990 жылы 38 млн адам болса, 2020 жылы 7 млн-ға дейін азайған.
Бүкіл дүниежүзі бойынша орыстілділер 1914 жылы 8 пайыз болса, 2023 жылы 3 пайыз болған, мамандар 2050 жылы бұл көрсеткіш 1,4 пайызға азаюы мүмкін деп отыр. СССР-дің құрамындағы Балтық елдері, Украина мен Грузиядағы орыс тілінің жағдайы мүшкіл халде. Дегенмен, дүниежүзі бойынша көш бастап тұрған ағылшын, қытай, француз, португал, т.б. тілдер тізімінде қолдану жағынан орыс тілі 8-орында болса, интернет қолдану жағынан – 9, ал бұқаралық ақпарат таралу жағынан 7-орында. (Бұл көрсеткішке Қазақстанның үлесі мол, әсіресе қара орыс атанған өзіміз). Ал орыс әдебиетін дүниежүзі тілдеріне аударып басып шығару жағынан 4-орында, ол – классикалық орыс әдебиетіне деген құрмет.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылды ТМД елдері бойынша «орыс тілінің жылы» деп атап өтумен қатар «Орыс тілін қолдау» деп аталатын халықаралық ұйымды құруға да ұсыныс жасады. Сондықтан БАҚ құралдарында «Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалынуда» деген байбалам негізсіз.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист-дайджест.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!