Мұсылмандық парыздың әрі құлшылықтың бір түрі – ол зекет. Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігі жылына бір рет Құранда көрсетілген қоғамның осал топтағы адамдардың пайдасына беріледі. Мұны асыл дінімізде «зекет» деп атайды. Жалпы, «зекет» ұғымы сөздік тұрғыдан «тазару», «өсу», «өну», «арту» және «береке» деген мағыналарды қамтиды. Зекет – бұл күнделікті садақа немесе қайырымдылық емес, Ислам дініндегі негізгі парыздардың бірі. Зекет адам баласының күнделікті өмірде пайдаланатын мүлкінен – тұратын үйінен, мінетін көлігінен, киімінен және тағы басқа дүниесінен төленбейді. Зекетті бір жыл бойы алтын, күміс, ақшалай түрде жинаққа ие, меншігінде малы, немесе сатуға арналған тауары бар және тағы сол сияқты адамдар төлеуі керек. Бұл – өз кезегінде зекет берушінің ризық-несібесінің артып, дүниесіне береке кіруіне кепіл амал. Шариғат бойынша әлеуметтік жағдайы төмен адамдар материалдық көмек сұрауға міндетті емес, себебі, олардың зекет алуға заңды құқығы бар. Ал дәулетті адамдар өздеріне тиесілі мал-мүліктің бір бөлігін бере отырып, мойнындағы міндеттерін орындайды.
«УАҚЫП» ҰҒЫМЫ
Исламда қайырымдылық атаулының ең құрметтісі – «уақып». Тілдік тұрғыда «уақып» сөзі «ұстау», «тоқтату», «кедергі болу» деген мағыналарды білдіреді. Шариғатымызда белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалануды уақып деп атаймыз.
Уақып мәселесінде ислам шариғаты заң жағынан жан-жақты зерттеліп, қалыпқа түскендігімен ерекшеленеді. Уақып көптеген мақсаты мен түрі, қоғамда атқаратын ролімен ерекшеленеді. Уақыптың тағы бір түрі – арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып. Арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып дегеніміз – ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде, сахабалардың кезінде уақыттың өзі тудырған уақып. Уақыптың бұл түрі әуелі адамның өз ұрпағына, содан кейін жалпы халықтың игілігіне жұмсалады. Мысалы, бір адамның екі дүкені болуы мүмкін. Ол біреуін ұрпақтарына қалдырып: «Осыдан түскен табысты екіге бөліңдер де жартысын қайырымдылыққа жұмсап, жартысын өздерің пайдаланасыңдар» дейді. Бұл сауапты қадам ұрпақтың да, жалпы халықтың да қамын жеуді көздейді. Шариғатымызда мұндай уақыптың түрін «муштарак уақыф» (ортақ уақып) деп атайды.
Шариғат уақыпты мақсатына қарай үш түрге бөліп қарастырады:
Діни уақып – қаражатты, мал-мүлікті құлшылық мақсаттарына арнап бөлуді айтады. Мешіт салу, оның ішіндегі төсеніштер мен кілемдер, медресе, оның жылжымайтын мүлкі мен жиһаздарына жәрдемдесу сияқты істер осыған мысал.
Қайырымдылық уақып – жылжымайтын мүлік пен қаражатты әртүрлі қайырымдылық іске арнау.
Ұрпаққа арналған уақып – Ислам дінімен бірге келген, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары кезінен бастау алып, кейінгі ұрпақ үшін қолдануға қалдырылған мүліктер жатады.
Бірде сахаба Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын) Хайбар жорығында бір жерді меншігіне алады. Бір күні Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың елшісі, мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін қол жеткізбедім. Бұл жерге қатысты маған қандай әмір бересіз?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер қаласаң, ол жерді уақып ет те, одан түскен пайданы садақа қылып отыр» дейді. Бұл – Исламдағы ең алғашқы уақып.
Сахаба Османның (оған Алла разы болсын) яхудиден сатып алған құдығын Мәдина қаласының тұрғындары әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Ол жерде халифаның құрма бағы да бар. Одан түскен қаражат сол заманнан бері пайғамбар мешітінің қажеттілігіне жұмсалып келеді. Өз уағында Құнанбай қажы Қарқаралыда мешіт салып, Меккеге қажылық жасауға барған қасиетті сапарында киелі шаһардан үй тұрғызып, уақып жасады. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының қалалық советтен берген өзіне тиесілі үйді соғыстан ұлы қайтыс болған кейуанаға беруі (уақып жасауы) ұрпаққа мәңгі өнеге болып қалды.
ЗЕКЕТТІҢ УАҚЫПТАН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
Біріншіден, зекет – парыз амал болса, уақып – сүннет амал.
Екіншіден, зекет үшін нисап мөлшері маңызды болса, уақып үшін нисап мөлшерінің болуы қажет емес.
Үшіншіден, зекет жылына бір рет берілсе, уақып үшін белгілі бір мерзім жоқ.
Төртіншіден, зекет үшін арнайы адамдар тобы қарастырылса, уақып мәселесінде ондай жоқ.
Бесіншіден, зекет ақшасын айналымға салуға болмайды, ал уақыпта қаржыны айналымға салуға болады.
Зекет сөзі Құран Кәрімнің 30 жерінде намазбен бірге айтылуы, зекет берудің ерекше ғибадат, мәні мен маңызының зор екендігін білдіреді. Сондықтан әрбір мұсылманның зекетке қатысты мағлұматтарды біліп, үйреніп, амалға асыруы міндетті саналады. Құран Кәрімде: «Ей, адамзат! Барлықтарың Аллаға мұқтажсыңдар. Ал, Алла (барлық нәрседен) мұстағни (яғни ешбір нәрсеге мұқтаж емес) және мақтауға өте лайық» делінген («Фатыр» сүресі, 15-аят). Осы аяттың тәпсірі бойынша, дүние-мүлік бір адамға немесе мемлекетке тиісті емес, тек қана Аллаға тиісті. Оны өзімдікі деп меншіктеніп алғандарға Алла Тағала былай айтқан: «…Алтын мен күмісті жиып алып, оларды Алла жолында жұмсамағандар бар ғой, міне, соларды күйзелтуші азаппен сүйіншіле!» («Тәубе» сүресі, 34-аят). «(Дүние-мүліктер) тозақ отында қыздырылады да сонымен олардың маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланатын күн (оларға былай айтылады:) «Міне, осы өздерің үшін жинаған байлықтарың. Ал енді жинап жатқандарыңның дәмін (азабын) татыңдар!» («Тәубе» сүресі, 35-аят).
Дегенмен, асыл дінімізде зекеттің де, уақыптың да мәртебесі жоғары екенін ұмытпай, жағдайымызға қарай, Алла тарапынан берілген мүмкіндікті пайдаланып, мұқтаж жандарға барынша көмек беруіміз қажет. Ақиқатында, барлық нәрсе Алла Тағалаға тиесілі екенін ұмытпайық.
Оңталап ЖИДЕБАЕВ,
«Зекет және қайырымдылық» қорының Қызылорда облысындағы өкілі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!