Зейнеткер… Осы сөздің құдіреті болар, әйтеуір ойыңа бірден әр саланың майталманы болған, көргені мен көңілге түйгені көп абзал жандар келеді. Мамандығына адал қызмет етіп, маңдай терін төккен жандардың жұмыстағы бейнеті қалдырған әжімдері жүрегіңе жылулық сыйлайды. Олардың айтар ақылы да, үйретері де көп.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп һәм асыл қариясын дәріптеп өскен халықтың баласымыз. Қартын қазынасына теңеген қазақ әрқашанда үлкенге қарап бой түзеп, алдыңғы буынға ілтипап көрсетіп жүр. «Қарттарыңды сыйлай біл: күндердің күні болғанда кімдердің белі бүгілмес» демекші, қарттарын құрметтеген елдің еңсесі биік, керегесі кең. Осы тұрғыда «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы жылдағы дәстүрлі зейнеткерлерді құрметті еңбек демалысына шығарып салу іс-шарасын өткізді. Оған еңбек ардагерлері қатысып, компанияның жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, компанияның вице-президенті Болат Көшербаев қатысып, зейнеткерлерге игі ниетін жеткізді.
– Қазақ – қариясын әрқашанда сыйлаған халық. Бүгін міне, сол саналы салттан алыстамау мақсатында жыл сайын тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі іс-шарамыздың жалғасын көрудеміз. Уақыттың, кезеңнің қиыншылығына қарамай, осы кісілерді сыйлап, құрметтеу – біз үшін қағидат. «Батамен ел көгерер» деген сөз бар. Біз де осы қарттарымыздың арқасында жұмысымыздың жүйесін тауып келеміз. Өмір деген өтпелі кезеңдерден тұрады. Аяғың табалдырықты аттаған сәттен-ақ, уақыт зулап өте шығады. Тіпті, байқамай да қаламыз. Сондай өтпелі уақыттың бірі – зейнетке шығу. Бұл өте жауапты уақыт деп білемін. Жастарға жол көрсетіп, ақыл айтатын уақыт. Сіздерді осындай жауапты кезеңге келгендеріңізбен құттықтаймын. Алдағы уақытта тек сәттілік тілеймін. Сіздерді біздің компания ешқашан ұмыт қалдырмайды. Мерейтойларыңызды атап өтуге әрқашанда дайынбыз, – деді «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының вице-президенті Болат Елеуұлы.
«Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» деген сөздің өзі-ақ, қариялардың қоғамдағы рөлін анық басып, дәл көрсеткен. Өсер елдің өнегелі ұрпағы дария теңіз қариясы мен ақпейіл кейуанасын құрметтеуі – қалыпты құбылыс. Және «ПетроҚазақстан» зейнеткерлері үшін бұндай құрмет таңсық емес.
Компанияның зейнеткерлер саны 177 адамды құрайды. Оның 19-ы биыл еңбек демалысына шығуда. Шараға келген зейнеткерлерге түрлі сыйлықтар тарту етіліп, алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, сахнада ән айтылып, өнерпаздар өз өнерімен қонақтардың көңілінен шыға білді. Көрсетілген құрметке ардагер мұнайшылар дән риза. Жылда жалғасын тауып келе жатқан бұл іс-шара компанияның сарабдал жұмыс жүйесі деп бағалады келген қонақтар.
– Бүгінгі жиынға осы салада еңбегі сінген, талай жыл тер төккен біршама ағаларымыз қатысуда. Біздің компания басшылығы және кәсіподақ комитетінің зейнеткерлерге бірлесе көрсетіп жатқан құрметіне алғысымды айтамын. Заманның қиыншылығына қарамай, компанияда қызмет істеген жандарды ұмытпауы үлкен адамгершілікті білдіреді. Міне, менің зейнетке шыққаныма жеті жыл болды. Бүгін арнайы зейнеткерлерді және осы жылы зейнетке шығып жатқандарды құрметтеп жатыр. Осы үшін де үлкен алғыс білдіремін. Бұл игі іс бірінші рет істеліп жатқан жоқ. Осының алдында да мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өтетін. Бүгін міне, жалғасын табуда. Еңбегі сіңгеннің бейнетін бағалағаны – құптарлық іс. Осы мекемеге 1992 жылы жұмысқа орналасқан болатынмын. 2003 жылы еңбек демалысына шықтым. Бізге берген тапсырманы кіршіксіз орындап, зейнетке абыройлы шықтық десем де болады. Сол еңбектің көмегі болу керек, компания зейнетке шығып кеткеннен кейін де ұмытқан жоқ. Қарттар күнінде ақшалай сыйақы береді. Одан бөлек, жылына екі мәрте азық-түлік тарту етеді. Істеген жақсылығын ешқашан міндетсінген де емес. Зейнетке шығып жатқан жандарға өмірінің келесі кезеңіне сәттілік тілеймін, – деді зейнеткер Ермекбай Шаймаханов.
Аталған компанияның бұл шарасына кәсіподақ ұйымының көп ықпалы тиген. Компания ішіндегі мұндай атмосфераның қалыптасуы үшін көптеген тың дүниелер алып келген екен. Тиісінше, ұзақ уақыттан кейін қайта қауышқан зейнеткерлер бір-бірімен жылы көрісті. Бұл – компания ішіндегі қызметкерлер арасындағы татулық, достық көңілдің негізі.
– Ардагерлерді мерейтойларымен құттықтаймын. Біз сіздерге қарап, өздеріңіз салып кеткен сара жолмен жүріп келеміз. Араларыңызда осы кәсіподақ ұйымына көп көмегін тигізген ағаларымыз да отыр. Біздің істеп жатқан жұмыстарымыз сіздердің арқаларыңызда орындалып жатыр деп білемін. Барлығыңызға ұзақ ғұмыр тілеймін. Алып жатқан марапаттарыңыз бен төсбелгілеріңіз құтты болсын, – деді «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы кәсіподақ ұйымының төрайымы Бақытжан Қасымова.
Иә, шарада түрлі алғыстардан бөлек «Еңбек ардагері» төсбелгісі де табысталды. Осы саланың үздіктеріне бұйырған медаль зейнеткерлердің жүзіне күлкі сыйлап, бейнетінің еш кетпегенін ұқтырғандай. Айта кететін жайт, іс-шара санитарлық режимге сай өтті. Заманның ырқы келмесе де, зейнеткерлерге тиесілі сый-құрмет көрсетуді жөн көрген компания аурудың алдын алудағы барлық сақтық шараларды пайдаланған екен.
– Көрсетіп жатқан құрметтеріңе рақмет! Мен зейнетке 1990 жылы шыққан болатынмын. Арада қаншама жыл өтсе де, компания басшылығы ұмыт қалдырған кезі болған емес. Әр жыл сайын, мейрам сайын құттықтап, азық-түліктей көмек көрсетіп, көңілдерін жеткізіп тұрады. Осы үшін де рақмет айтамын. Компанияның алдағы уақыттағы жұмысына тек сәттілік. Қазіргі таңда 16 немерем мен 17 шөберем бар. Өзімді бақытты әжемін деп есептеймін, – деді зейнеткер Жұлдызай Бимұрзаева.
Өмір деген – ауыспалы дүние. Басы қайсы, аяғы қайсы екенін білмейсің. Өз өміріңді билей де алмайсың. Уақыт дарияның ағысындай жылдам өтіп кеткенін байқамай да қаласың. Сонда көңілге қаяу түсірмейтін жалғыз себеп – артыңнан ілесіп келе жатқан көш. Олар сен салып кеткен ізбен келеді. Міне, қарттықтың жалғыз қуанышы осы болса керек. Бүгінгі шарада болған зейнеткерлердің көңіліне қарап осыны ұқтым. Бір-бірімен қауқылдасып, өткенін есіне алуда.
Қашаған ақынның «Жетпістен жасы асқанда, сексенге аяқ басқанда, жастар елеп келмесе, келіп сәлем бермесе, күнде асыл кисе де, қартайғанда ер жетім» деп өз уақытында дәл тауып айтып кеткен екен. Олай болса, бүгінгі шарадағы зейнеткерлерді бақытты деп айтуға толық негіз бар. Себебі, оны құрметтеп, місе тұтар кейінгі буыны бар. Өшпес сара жолы бар…
Халқымызда «жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген тілек бар. Осы тілек «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының зейнеткерлері үшін орындалды деуге де толық негіз бар. Ендігі осы тура жолдан адаспай, игі істі жалғастыра берсе болғаны.
Суреттерді түсірген Андрей Тайгунов
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!