Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жұмысым балаларыма көңіл бөлуге кедергі келтірмейді»

08.03.2022, 15:00 720

HALYQLINE.KZ Қызылордалық батыр ана Гүлзат Әшімова – облыстың еңбекқор полицейлерінің бірі. Құқық қорғау органының қызметкері өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындап келеді. Бүгінде ол – полиция аға лейтенанты. Жұмысынан бөлек, нәзік жанды ару алты балаға жарық дүние сыйлаған алтын құрсақты ана, аяулы жар және өнегелі келін. Шендік қызметі мен келіндік қызметін қатар алып жүрген Гүлзат Бақытбекқызы Қызылорда қаласына қарасты Қараөзек станциясында дүниеге келген. Бала кезінен ата-анасына қолғабыс болып, ауыл тіршілігін жақсы меңгерген. Сабаққа да көңіл бөліп, мектепте үлгілі оқушылардың бірі болған осы кезден бастап полицей атануды арман етіпті. Кейін осы мақсатына жету үшін тиісті оқу орнын тәмамдап, еңбек жолын жасөспірімдермен жұмыс істеумен бастаған.

«Мен 2004 жылы құқық қорғау органына қызметке орналастым. Бастапқыда сол уақыттағы ОІІД кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығына жұмысқа тұрдым. Бұл мекемеде тағдыры қиын балалардың тәрбиесіне жауапты болдым. Әуелгіде оңай болған жоқ. Тәжірибесі мол әріптестерім көп қолдау көрсетті. Қазіргі таңда Қызылорда қалалық Полиция басқармасына қарасты Жедел басқару орталығының маманымын. Адам көп шоғырланған аумақтарда бақылау камералары арқылы қылмыстардың алдын алуға және қылмыстарды тез ашуға жауаптымыз», – дейді полицей.

Расымен, Гүлзат Әшімованың жұмысы ең бірінші кезекте мұқияттылық пен қырағылықты қажет етеді. Бейнебақылау камералары арқылы азаматтардың іс-қимылын бағамдап отырады. Күдік пайда болған жағдайда жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерлеріне ақпарат беріп, қылмысты болдырмау мақсатында жұмыс істейді. Бұл жерде маманның біліктілігі шешуші рөл атқарады.

«Жедел басқару орталығында жұмыс өте қауырт. Бақылаудан бөлек, құжаттамалармен жұмыс жасаймыз. Белгілі бір даталарға сәйкес бейнежазбалар іздейміз. Көбіне тергеушілер мен Жедел уәкілдерге қол ұшын созамыз» дейді ол.

Қызылорда қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: