Сыбайлас жемқорлықты түп тамырымен жою қолымыздан келмейтін дүние секілді. Себебі оған қарсы күрес бұрынғы «жасанды» әдіспен ғана жасалып келеді. Жалпы, сыбайлас жемқорлық – қазіргі қоғамдағы ең өткір мәселелердің бірі болып қала беретін құбылыс. Бұл – тек біздің елдегі дерт емес, әлемдік дерт. Масштабы вирустық дертпен бірдей. Тіпті одан да зардабы мол. Өйткені заңды бұзуға, сот төрелігін бұрмалауға, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізетін билікті асыра пайдаланудың бір түрі десек артық айтқанымыз емес. Сыбайлас жемқорлық ең көп тараған елдердің тізімін айту этикаға сай емес. Десе де, статистиканы біліп жүрген дұрыс болар. Transparency International ұйымының зерттеуіне сәйкес, 2020 жылы әлемдегі жемқорлық ең көп таралған елдер қатарында Сомали, Судан, Сирия, Йемен және Венесуэла болды. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық деңгейі ең төмен елдерге Жаңа Зеландия, Дания, Финляндия, Швейцария және Сингапур жатады. Ал, Қазақстан «алтын» ортасын ұстап тұр. Дегенмен, зерттеуге келгенде еліміздегі жемқорлықтың өзі бір бұрышқа «жасырынып» қалатын сияқты. Кешегі Жигули Дайрабаевтың екі ұлы аса ірі көлемде жемқор деп танылса да, үкімет депутат-әкеге сенімін білдіріп отыр. Біздің елде жемқорлық қалыпты болып бара жатқанға ұқсайды. Бұдан шығатын қорытынды: «Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес жоқ». Дегенмен, онымен күресте жалақысын алып отырғандар бар. Олар атқарылған жұмыстарын тізбектеп жіберіпті. Көрейік. Әңгіме Қызылорда облысына қатысты…
Ресми хатқа жауап мынадай қарқында басталды. «Мемлекет басшысының 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығымен «Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысында алдағы бес жылға арналған маңызды құжат. Онда сатып алу мен бюджет процесінің ашықтығын арттыру, жемқорлардың жауапкершілігін қатаңдату, қоғамдық бақылауды күшейту және т.б. түйінді міндеттер мен жүйелі шаралар қамтылған. Қазіргі таңда, біз аталған тұжырымдамада көрсетілген іс-шараларды жүзеге асырудамыз. Жемқорлыққа итермелейтін жүйелі себептер мен жағдайларды жою маңызды. Бұл ретте ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының рөлі зор. Департамент, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мен өңір тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі сала өкілдерінің қатысуымен облыстық қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп, мекемелер мен тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, парасаттылықты дамыту мақсатында кездесулер, семинарлар мен құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Университеттер мен колледждер қызметкерлері мен студенттері арасында туындайтын сыбайлас жемқорлық факторлары, басқа да өзекті мәселелері жөнінде білім беру ұйымының өкілдері мен студенттеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру, құқықтық мәдениетті дамыту, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын таныстыру және жастардың ұсыныстарын тыңдау, пікір алмасу мақсатында кездесулер өткізілуде».
Жә, осы да жеткілікті шығар. Әрі қарай да Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменттің жауабы бір сарында жалғасты. Нәтижеге емес, есепке құрылған заман болғаннан кейін департаменттің сөзімен сабақтай берейік. Жемқорлардың жегені қате болмаса, журналистің сөзді өзгертпей салуы да қателікке жатпас.
Бірақ бұдан кері кеткен қоғамды тәрбиелеуіміз мүмкін. Сондықтан өңірдегі сыбайлас жемқорлықтың жайын ашып жазайық. Кім, қашан, қайда жегенін ұмытып қалып жатса, тілші кімнің, қандай жұмыс атқарып жатқанын біледі. Білуі де керек-ақ. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтағы департаменті 2020 жылдан бастап заңнамаға квазимемлекеттік сектор субъектілерінде комплаенс-қызметін құруды енгізді. Бұл қандай көмек берді? Ол ұжымдық сектор талдау жасауға, ашықтықты қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізді. Сондай-ақ, кәсіптің көзін іздегендерге нәсіп берген «Бизнеске жол» жобасын агенттік жыл басында іске қосты. Департаментке сан сауалымызды жолдаған едік. Соның бірі, құрылым сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте басқа ұйымдармен және мемлекеттік органдармен қандай байланыста?
– Департамент «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, аталған жоба негізінде жергілікті кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау және бизнестің дамуына қалыптасқан негізсіз кедергілерді болдырмау бағытында тиісті жұмыстар ұйымдастырып, жүргізіп келеді. Апта сайын «Атамекен» палатасы алаңында кіші және орта бизнес өкілдерін жеке қабылдау жүргізілуде.
Жалпы, жобаны іске асыру басталғалы 454-ден астам кәсіпкерді қамтыған 31 кездесу өткізілді. Проблемалық мәселелерді талдау мақсатында әлеуметтік желілерде, оның ішінде «Атамекен» палатасының интернет-ресурстарында кері байланыс арналары іске қосылды. Сонымен бірге, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Бізге түскен әрбір өтінішке барлық мүдделі тарапты тарта отырып, оларды мүмкіндігінше объективті түрде қарастыруға және заңды құқықтық салада шешуге тырысамыз. Бүгінгі күні Департаментпен аталған жобаның төңірегінде 200-ге жуық кәсіпкердің заңды мүдделері қорғалып, жұмысының дамуына ықпал жасалды, – деді Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының м.а. Ернар Мақажанов.
Рас, кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілер ұшан-теңіз. Жаз айында «қан ішер» маса жәндігі қаптап кетсе, кәсіпкерлерге тоқсан сайын аяқтан шалу кездесіп жатады. Жақында ғана өңірдің бір кәсіпкері жер учаскесін алу кезінде әкімшілік кедергілерге кездескені жайында мәлімет желіде желдей есті. Ол жергілікті атқарушы органнан жылыжай салу үшін Қызылжарма ауылында 0,01 га жер учаскесін сұраған. Алайда уәкілетті орган кәсіпкер сұраған жерден үш есе көп 0,03 га жер учаскесін аукционға қойған екен. «Кәсіпкер» дегенде көз алдымызға бай елестейді ғой. Бірақ бәрінің қалтасы кең деп кім айтты? Жаңағы кәсіпкердің тиісті қаражаты болмай, аукционға қатыса алмаған. Бұл мәселеге орай департамент жауапты сала мамандарының қатысуымен жиын өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде кәсіпкердің өтінішіне сәйкес, жергілікті атқарушы орган 0,01 га жер учаскесін сатып алуға аукцион өткізу туралы шешім қабылдады. Осылайша, кәсіпкер аукционға қайта қатысуға мүмкіндік алды. Бұл тек бір мысал ғана. Жаңадан келген басшы Ернар Әбсейітұлы мен жанындағы қосшыларына әкімшілік кедергілерге тап болған шағын және орта бизнес субъектілері, туындаған мәселелер бойынша шешімі табылып, кәсібін жалғастырған кәсіпкерлер өз алғысын білдіруде. Бұған қоса, сыбайлас жемқорлыққа қатысты карта бар екен.
– Қызметімізде бағдар ретінде «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы» айқындалып, жасалды. Бұл картаға рәсімдердің ашық болмауына, әкімшілік кедергілерге және мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауына байланысты бұқара мен бизнесті толғандыратын көкейтесті мәселелер енгізілді. Олар ауыл шаруашылығы, жер, жолдар және инфрақұрылым, олигополиялар, білім беру, денсаулық сақтау және кәсіпкерлік саласы. Айта кететін жағдай, бұл карта өңірдегі мәселелердің шешілуіне байланысты тұрақты негізде жаңартылып тұрады, – деді Ернар Мақажанов.
Соңғы уақытта аймақта білім саласында бірқатар сыбайлас жемқорлық фактісі анықталған. Кезінде «нұрланған» тіркестер төгіліп жататын. Қазір «кемелдікке» қатысты тіркестер жетерлік. «Келешекке – кемел біліммен» деп жүргенде білім саласы «қисайып» жатыр. Қазіргі таңда Жаңақорған аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты көпэпизодты қылмыстық іс тергелуде. Олар білім беру мекемелерінің қызметкерлері болып табылмайтын тұлғалардың есеп-шоттарына еңбекақы түріндегі ақшалай қаражатты аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелуде. Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен күдіктілер қамауға алынған. Міне, қызық!
Сонымен қатар, департамент мемлекет басшысының сөзін арқау етіпті. 2022 жылғы 21 қаңтарда бизнес-қоғамдастықпен өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев бүй депті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатта, осы құбылыстың салдарымен емес, себептерімен күреске баса назар аудару қажет» деп ескерткен. Сол себепті ескі емес, жаңа әдістерді департамент қолдануға кіріскен.
– Елімізде мемлекеттік органдар және оларға қарасты квазимемлекеттік сектор ұйымдары өз қызметтеріне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы ішкі талдау жүргізуге міндетті. Ішкі талдау – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы маңызды тетік. Ол арқылы мекемедегі сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлар анықталып және зерделенуі қажет. Ішкі талдау нәтижесімен мекеме қызметінде құқықбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жағдайда олардың алдын алу және болдырмау мақсатында ұсыным енгізіледі. Бұл жұмыстар мекеме басшысымен жүргізілуі қажет. Осы тұрғыда жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында комплаенс-қызметтері енгізілді. Аталған комплаенс-қызметтердің жұмысын дұрыс үйлестіру үшін департаментпен қадамдық алгоритім әзірленді. Бүгінде мамандар комплаенс-офицерлеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бұл мекемедегі жемқорлық тәуекелдерін жасырмауға, алдын алуға септігін тигізеді, – деді Ернар Әбсейітұлы.
Шынын айту керек, сыбайлас жемқорлықпен күрес әрбір адамның өзінен басталу керек. Жаттанды сөз болса да, ең шынайы сөз. Тіпті «жегендерді» тауып бергендерге қаржылай сыйақы беріледі. Қоғамды жөндеу үшін ақшаны қоспасақ тағы болмай тұр. Жыл басынан бері жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 10 азаматқа 2 миллион теңгеден астам жалпы сыйақы табысталған.
Соңғы жаңалықтарды да қалыс қалдырмайық. Ұстазға құрметтің құны – 34 499 теңгеден аспауы керек. Егер 34 500 теңге көлемінде мұғалімге сыйлық берілсе, бұл заң аясында қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл белгіленген сома пара беруге жатпай ма? Қысқасы, ұсталмағанның бәрі жемқор емес. Департаменттің жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Алайда елде бедел институты жоқ болса, жемқорлықпен күрес те жоқ дегенді білдіреді.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!