Әлемдік пандемия мемлекетке тек ғана экономикалық шығын әкелген жоқ, көптеген саланың тамырын тасқа байлағандай етті. Халықтың тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік ахуалы да айтарлықтай төмендеп кетті. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде елдегі қылмыс, әкімшілік құқықбұзушылық факторлары азайғанымен, отбасылық, тұрмыстық жанжал еселеп артқан. Оған себеп те жоқ емес. Себеп – сол баяғы әлеуметтік теңсіздік, отбасылық бюджет тапшылығы, бала тәрбиесі, жұмыссыздық, тағысын тағы… Миллиардтаған адамның өмірі мен жұмысының қалыпты ырғағын бұзып, дүрбелең тудырып, ертеңгі күнге деген сенімсіздік ұялатқан пандемия кезінде ажырасуға арыз бергендер де көбейген.
– Карантин уақытында некелесуге онлайн түрде 1152 өтініш, ал некені бұзуға 311 өтініш түскен. Өкінішке қарай, мұндай статистика да бар. Сот орындарында ажырасқандар саны басқаша болуы мүмкін. Менің айтып отырғаным дәл осы мезеттегі онлайн көрсеткіш ғана, – депті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарушы директоры Мұрат Жұманбай әлеуметтік желіге шыққан тікелей эфирінде.
Жеке басының қамын күйттеп, болашағының тамырына балта шабуға арланбайтын, қолын лас іске былғап жүргендердің шектен шығуы дәл осы карантин уақытында анық көрініс берді. Естеріңізде болса, сәуір айында Батыс Қазақстан облысында өртенген жер үйден кәмелетке толмаған екі қыз бен олардың анасының мүрдесі табылды. Күдікті ретінде сол үйдің отағасы, қос қылықтының әкесі ұсталды. «Үйге қасақана өрт қойды» деген күдікке ілінген ер адам бұған дейін де әйеліне тұрмыстық сипаттағы түрлі әлімжеттік көрсеткен. Нәтижесінде ажырасуға бел буған отбасының тағдыры трагедиямен аяқталды…
Түркістан облысында да ортақ тағдырын жалқыға айырбастағысы келген бір отбасының шаңырағы күйзеліске түсті. Келес ауданына қарасты ауылдардың бірінде жұмысқа кетіп бара жатқан әйелін күйеуі балтамен соққылап, мүгедек етіп тастады. Бұл ерлі-зайыпты да бір-бірінен бөлек тұруға шешім қабылдаған, алайда қызғаныштың «қызыл иті» жағдайды осылайша ушықтырды.
Ел болып елеңдеп, жұрт болып жабылып, жұқпалы індеттен сақтанып жүргенде ақтөбелік тұрғын әйелі мен жеті баласын тура карантин уақытында үйінен қуып жіберген. Карантин кей адамдарға отбасы мүшелеріне көңіл бөліп, балаларына мейірім шуағын төгуге таптырмас мүмкіндік болса, кейбіріне керісінше, бұған дейін ілдебайлалап келген әрекеттеріне нүкте қойған секілді.
2020 жылдың басынан бастап «Отбасылық сот» пилоттық жобасы іске қосылды. Қылмыс Алматы қаласы, Алматы, Қарағанды, Қостанай облыстарында көп тіркеледі екен. Мұндай отбасылық сипаттағы жанжал салдарынан зардап шегетін жазықсыз балалар екенін ескеріп, құқық қорғау органдары тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуді күшейткен. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап жұбайына күш көрсеткен тұлғаға енді айыппұл салынбайды, тек жазбаша ескерту беріледі. Бұлай шешім қабылдауға не түрткі болды дейсіз ғой? Тұрмыстық сипаттағы жанжалдан кейін өзара татуласқан ерлі-зайыптылардың кейбірі жұмыссыз. Ал салынған айыппұлды кейде зардап шегушінің өзі төлейтін сәттер кезіккен. Осы себепке байланысты жұдырығын жұмсағыштарға айыппұл пайдасыз жаза түрі деп танылыпты. Дәл осы тақырып қоғамда қызу талқыға түсті. «Жуан жұдырықты» еркектер әйеліне немесе отбасы мүшелеріне жиі қол көтерген жағдайда қандай шешім қабылданатыны туралы мәселе назардан тыс қалған жоқ. Кейде азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар, баланың биологиялық ата-анасы емес тұлғалар тарапынан да балаларға қысым көрсетілуі мүмкін. Мұндай жағдайда жазадан жалтарудың жолы бар ма? Сала мамандарының айтуыша, 2020 жылдың басында өзгертулер енгізілген тұрмыстық зорлық туралы құжатта отбасылық-некелік қатынастардың мүшелері айқын көрсетілген. Оған тек әйелі мен күйеуі емес, азаматтық некедегі жұбайы, ердің бұрынғы зайыбы, бірге тұратын азаматтар, туысқандар да енген. Қазір құқық қорғау органдары заң бұзғандарға ескерту берумен қатар, зорлықтың деңгейіне қарай 24 сағатқа дейін қамауда ұстай алады. Отбасылық тұрмыстық қатынастағы зорлықтың бәрі бұған қатысты. Егер сот ескерту жеткіліксіз деп тапса, 15 тәулікке дейін қамайды.
Тағы бір айта кетерлігі, бұрын ажырасуға берілген іс кез келген уақытта, кез келген сатыда тоқтатылатын еді. Қазір заң өзгерді, жүйе жаңашылдыққа беттеді.
– Заңның екі жақтың татуласына байланысты тұсы қатаңдатылды. Тұрмыстық қатынастағы барлық іс бірден сотқа жолданады. Істі тек сот тоқтата алады. Сондай-ақ, енді екі жақ татуласу үшін алған жарақаттың зардабы жойылып, медиация процесі өту керек. Оған дейін татуласу қарастырылмайды, – деп мәлімдеген ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетіне қарасты басқарма бастығы А.Малюк журналистерге берген сұхбатында.
Статистика бойынша Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың 90 пайызға жуығы әйел адамдарға қатысты жасалады. Егде адамдар мен балалардың да зорлық-зомбылық әрекеттерге тап болатын жағдайлар да бар. Бұл мәселені шешу үшін қоғамдық сана-сезім мен көзқарасты өзгерту – басты орында.
«БҰҰ-Әйелдер» ұйымының мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық салдарынан қайтыс болады. Жалпы елімізде тұрмыстық зорлықтан зардап шеккен адамдардың нақты саны белгісіз. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2018 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 919, 2019 жылы 845 дерегі тіркелген.
Н.ҚАЗИҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!