Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тендердегі түйткіл

26.05.2022, 12:20 533

HALYQLINE.KZ

Елімізде сыбайлас жемқорлық сынды сұмдық ылаң бой берер емес. Қылмыс түрлерінің ішінде аса күрделісі де осы деуге болады. Себебі «қолы қысқа, тоны келте» адам мұндай қылмысқа бармайды. Тек «крышасы» мықтылар ғана астамшылыққа, астамшылықтан ақымақтыққа ұрынып жүр. Оларға заң жоқ. Соның әсерінен ел экономикасы әлсіреп, шығынға белшеден батып тұр. Дегенмен әртүрлі сала бойынша сыбайлас жемқорлық тамыр жаюын тыяр емес. Көбі мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі түрлі заңсыздықтарға наразы. Олардың айтуынша, тендер – тек текті адамның айналысатын ісі. Бұны қоғамдық талқыға салғанмен жөнге келтіру мүмкін емес. Біздегі заң өзгеріске ұшырағанмен қалтасы қалың адам өз ығына көндіре алатындай қабілетке ие. Неге десеңіз? Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында тендердегі түйткіл мәселелерімен таныс болдық. Бұдан жемқорлыққа қарсы бағытталған іс-шаралар құрғақ қиял мен нәтижесіз әрекет деген тоқтамға келуге болады.

Прокуратура органдары былтыр да, биыл да бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарды. Қадағалау шаралары барысында мемлекеттік сатып алудың барлық сатысында заңбұзушылықтарға жол берілгені анықталған. Атап айтқанда, заңбұзушылықтар құрылыс нысанының жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеуден бастап, мемлекеттік сатып алуды өткізу, құрылыс жұмыстарын жүргізу және нысанды қабылдау сатыларында болған. Оның ішінде құрылыс барысында жоба-сметалық құжаттамадан жекелеген жұмыстарды алып тастап, орнына негізсіз қымбат материалдарды қосу фактілері бар.

Сонымен қатар 2021-2022 жылдары 134 млн теңгеге бюджет қаражатын жымқырудың 5 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Мәселен, былтыр Қазалы ауданы әкімдігі ғимаратының құрылыс жұмыстары бойынша мердігер мекеменің 6 млн теңгенің жұмысын атқармағаны анықталып, ауданның құрылыс бөлімінің басшысы Қ.Жұбатқан Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігімен жауапқа тартылды (3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы). Бұған қоса, Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы «Шіркейлі» арнасы арқылы өтетін көпірді салу кезінде 30 млн теңгенің жұмысы істелмеген.

Бұл факт бойынша биыл 13 мамырда облыстық прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеп, оны жүргізу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментіне жүктелді. Одан бөлек, 16 әлеуметтік нысанның құрылысын тексеру кезінде 20 млн теңгеге атқарылмаған жұмыстарды тапсырыс берушілердің заңсыз қабылдағаны анықталды. Нысандар бойынша сот-құрылыс сараптамасы жүргізілуде. Оның нәтижесімен процестік шешім қабылданатын болады, – деді облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы Айдос Әбдібаев.

Жалпы, мемлекеттік сатып алу саласында заңнама бұзған 214 мемлекеттік қызметкердің 134-і тәртіптік, 73-і әкімшілік жауапқа тартылған. Басқарма басшысының айтуынша, мемлекеттік сатып алуды негізсіз бір көзден алу тәжірибеге айналған. Оның салдарынан сатып алу жалпы бәсекелестік ортада жүргізілмей, кәсіпкерлердің сатып алуға қатысу және ол үшін тең мүмкіндіктер беру құқығы шектеліп келген деп атап өтті.

Арал аудандық құрылыс бөлімі бірқатар жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға заңсыз тікелей бір көзден шарт жасауға жүйелі түрде жол бергені анықталыпты. Бөлім 2019-2021 жылдары 1 млрд 400 млн теңгеге 54 осындай заңсыз шарт жасаған. Оның үстіне аталған қызметтерді тек белгілі бір тұлғалардан алып келген. Облыстық прокуратураның қадағалау актісімен биылғы 20 сәуірде ведомстволық бақылау жүргізбегені үшін Арал ауданының әкімі мен оның орынбасары тәртіптік жазаға тартылса, бөлім басшысына 8 млн теңге әкімшілік айыппұл салынып, қызметінен босатылды.

Жыл басынан бері заңды белден басқандар тыйылмай тұр. Олардың «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға өзгеріс енгізгені жайында хабары бар ма?» деп ойланып қалады екенсің. Олай дейтініміз, 19 кент пен ауылдық округ әкімдігі заңсыз 459 млн теңгеге бір көзден 108 шарт жасағаны белгілі болды. Тек Тереңөзек кенті әкімдігінің өзі 224 млн теңгеге 39 негізсіз шарт жасаған.

Бұл тек басы ғана. Жалпы, Қызылорда облысы шырмауықтай шырмап, үлкен кесел болып жабысқан дерттен құтыла алмай тұр. Өйткені осыған ұқсас заңбұзушылықтар өзге де аудандарда жетерлік. Атап айтсақ, Қазалыда 90 млн теңгеге, Жалағашта 46 млн теңгеге, Қармақшыда 52 млн теңгеге, Шиеліде 24 млн теңгеге және Жаңақорғанда 4 млн теңгеге жол берілген. Өз кезегінде бұл мемлекеттік сатып алулар басқа да әлеуетті өнім берушілер арасында бәсекелестік орнатып, баға ұсыныстарын сұрату немесе конкурс тәсілімен жүргізу қажет болған. Осы орайда прокуратура негізсіз жасалған шарттардың күшін жою және лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау үшін қадағалау актілерін енгізген.

Бұрынғылар байлық адамның көкірегінде менмендік туғызады, менмендік есерсоқтыққа апарады деген екен. Есерсоқтық әрекет елді жаңылыс жолға бағыттауда. Халыққа тиесілі ақша өзгенің қос қолында кеткенін естігенде «Ит екен!» деп қана қоямыз. Себебі де анық. Заң – күш пен билігі бар адамның жанында. Бәрі таныспен шешіледі. Дей тұрғанымен, жарық дүниеде адамға не қиыншылық кездеспесін, ол кімнен қиянат көрмесін, бірақ шындық мәңгі өмір сүреді. Адам туады, өледі, алайда мәңгі бақи өлмейтін шындық бар, ақиқат бар… Сол себепті сыбайлас жемқорлықтың да ақ-қарасы ашылып, мемлекеттік қызметкерлер бірігіп, еліне қамқорлық танытса, еліміздің қарыштап дамитын күні де туар.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: